Барлаушы, байланысшы- радист

0 28

Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші кезеңдерінің бірі Сталинград шайқасы болды. 1942 жылдың жазынан 1943 жылдың қысына дейін созылған қазіргі Волгоград қаласының маңындағы Дон мен Еділ өзендері бойындағы ұрыста кеңес әскері алдымен қорғанысты ұстады. Одан кейін шабуылға шығып, фашистерге ойсырата соққы берді. Осы шайқаста 212-атқыштар дивизиясының құрамында астаналық Ұлы Отан соғысы мен Тың ардагері, сол кезде он тоғыз жасқа енді ғана толған Валентина Сивоконь жауға қарсы ұрыстарға қатысты.Майдангер әже 1923 жылдың 6 маусымында Украина жерінде дүниеге келді. 1941 жылдың қыркү­йегінде өзі туған Полтава облысын фашистер басып алды. Валентина ағасы екеуі майданға сұранып барды. Сталинград шайқасына қатысумен қатар, Молдавия, Чехословакия жерлерінде жаумен арпалысты. Барлаушы да, байланысшы-радист те, мейірбике де болды.
Валентина әжей соғыс жылдары «Дуглас» ұшағынан парашютпен 19 рет секірген. Соның 17-сі дайындық кезеңіне тиесілі. Нақты тапсырма орындағанда екі рет секіруге тура келген.
– Парашютпен секірген адамның әсерін тілмен айтып жеткізу қиын. Парашют ашылғанда денең бір жеңілдікті сезінеді. Жан-жағыңа көз тастағанда, бүкіл дүние сұлулыққа малынып тұрғандай болады, – деген әже соғыста алғашқы медальді қалай алғанын да еске алды.
– Қаршадай ғана қыз едім. 1942 жылдың көктемі келерде мені барлауға жіберді. Қалай екенін білмеймін, жаудың бүкіл пулеметтерін санап шығыппын. Фашистер жаулап алған деревняда қатты жараланған кеңес әскерінің генералын жергілікті тұрғындар жертөлеге жасырып отырды. Бір атамен соны алып шығып, өз әскерімізге жеткіздік. Сол үшін 8 наурыз күні «Батырлық үшін» медалімен марапатталдым, – дейді майдангер.
Сталинград шайқасына лейтенант шенінде қатысқан ардагер әже сонымен қатар ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Со­ғыс­тан кейін туған еліне оралды. Тың дабылы қағылғанда, Қазақстанға келді. Ақмола облысы Астрахан ауданында ауыл шаруа­шылығы саласында еңбектенді. 1997 жылы елордаға көшіп келді. Жұбайымен екі бала өсірді. Қазір олардан төрт немере мен екі шөбере көріп отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × four =