Барлаушы Әлмұқан Сембинов

0 66

Елордамызда Әлмұқан Сембинов көшесі бар. А.Иманов, Кенесары, Абай, С.Сейфуллин және ­Ш.Жиенқұлова көшелерін қиып өтетін аса үлкен емес көше. Өз басым осы көшемен күнде жүремін десем болады. Кейде осы көшемен жүріп бара жатқандардың бәрі бірдей Сембиновтің кім екенін біле ме екен деген ой келеді.Әлмұқан Сембинов – соғыс барлаушысы. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін үш мәрте «Даңқ» орденімен марапатталған санаулы батырлардың бірегейі. 1924 жылы Ақмола маңайындағы Жаңабірлік ауылында дүниеге келіп, он сегіз жасқа толғанында Қызыл армия қатарына шақырылады. Бұл 1942 жыл болатын. Қысқа мерзімді алғашқы әскери дайындықтан өткен соң 1-Беларусь майданына қарасты 1210-жаяу атқыштар полкының барлаушылар ротасына жіберіледі. Барлаушы деген – соғыстың алғы шебінде жүретін жауынгерлер құрамы. Мұнда қабылданатындар сан қырлы тексерістен өтетіні белгілі. Өйткені жаудың тылынан «тіл» ұстау үлкен ержүректікті әрі жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, біріншіден, барлаушы-жауынгер физикалық денсаулығы мықты, екіншіден, сабырлы әрі батыл мінезді, үшіншіден, кез келген адаммен тез тіл табыса білетін зерек, сонымен қатар соғыс техникасын меңгерген маман болуы керек. Осы ретте Әлмұқан Сембинов таңдау комиссиясынан жақсы деген бағамен өтті.
Тарихшы-ғалым Бауыржан Бөгенбаев осыдан бірнеше жыл бұрын «Қаһарман барлаушы» атты мақаласында Әлмұқан Сембиновтің ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін қалай алғаны туралы естелігін былайша жазады: «…Про­­жектор сәулесі қараңғы түнді қақ тіліп, бүкіл төңіректі жарқ еткізіп жіберді. Біз бастарымызды төмен тұқырта, жермен-жексен жата қалдық. Артынша әлдеқайдан автомат тықылдап қоя берді. Автоматтан атылған оқ пен жарқыл жаудың алдын ала жасаған сақтығы сияқты. Мұндайда сәл оғаш қимыл жасау, бас көтеру қауіп. Бұл жолы менің барлауға алғаш шығуым. Барлаушы жолдастарым сержант Данил Лебедкин мен сержант Николай Белов бұрын талай рет жаумен түнгі айқаста кездесіп, ысылған жігіттер болатын. Таң сібірлей бастаған шақта біз үшеуміз кенеттен неміс траншеясына секіріп түстік. Қатты сасып қалған фашист бақырып жіберді. Бірақ оның қайта бақыруға шамасын келтіргеніміз жоқ, дымын өшіріп, окоптан сүйрей жөнелдік. Сөйтіп, біз жауынгерлік тапсырманы орындап шықтық. Мен үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым». Бұл 1944 жылдың 27 шілдесінде Днепр өзені жағасында болған оқиға еді.
Ақмоладан аттанған батыр азамат осыдан кейін де талай жорықтарға шығып, жау тылынан деректер жинап, кейбір жағдайларда бетпе-бет айқастарға қатысып, ерлік өнегесін көрсете білді. 1945 жылдың сәуір айында жеке құраммен маңызды тапсырмаға шығады. Германия жеріндегі Одра өзенінің жағасында орналасқан Мюлльрозе қаласының маңында жау штабының машинасына шабуыл ұйымдастырып, немістің екі жауынгерін өлтіріп, бір офицерді тұтқынға түсіреді. Бұл Гитлер әскерінің шегініп, өле-өлгенше беріспейміз деп жанталасып жатқан кезі болатын. Осындай сын сағатта Сембинов қызмет атқаратын взводқа тағы да шұғыл бұйрық беріледі. Берлинге шығатын жолды ашу үшін Шеспцинг қалашығы маңында операция жасау керек болады. Осы жолы да біздің барлаушылар бір бронетранспортерді отқа орап, үш «тілді» қолға түсіреді. Әлмұқан Сембинов болса ізге түскен жаудың жолын бөгеу үшін майдандастарын алға жіберіп, өзі жау тылында қалып, онға жуық фашистің көзін жояды. Осы ерлігі үшін әскери басшылық Әлмұқан Сембиновті ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттайды. Ал үшінші І дәрежелі «Даңқ» ордені соғыс аяқталғаннан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылдың 15 мамырындағы Жарлығымен беріледі. Осылайша Әлмұқан Сембинов жиырма бес жасында «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Біле білсек, «Даңқ» орденінің толық иегерлері Кеңес Одағының Батыры атағын алғандармен пара-пар саналған.

Еске алып өтер болсақ, Ақмола өңірінен Ұлы Отан соғысына қатысқандар арасынан 47 Кеңес Одағының Батыры, 7 «Даңқ» орденінің толық иегерлері шыққан.
Әлмұқан Сембинов соғысты Эльба өзені сағасындағы Рудерштат қаласында аяқтады. Алапат соғыс­тан абыроймен оралған майдангер Ақмола қаласының комсомол ұйы­мында, қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болып еңбек жолын бастады. Абай атындағы Алматы педагогикалық институтында оқыды. Тарихшы мамандығын алды. Шаруашылық, партия және білім саласында жемісті еңбек етті. Ақмола қаласында ашылған құрылыс техникумының алғашқы директоры болды. Қандай қызметте болмасын еліне елеулі, халқына қалаулы бола білді. Есіл еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бағаланды. «Целиноград қаласының құрметті азаматы» атағына ие болды. Отан үшін шайқаста батырлығымен көзге түскен, бейбіт өмірдегі еңбегімен көпшіліктің құрметіне бөленген ардақты азамат 1972 жылы небәрі 48 жасында өмірден озып кетті.
Бүгінде еркін еліміздің астанасында Ұлы Отан соғысының қаһармандарын әспеттеген ескерткіштер мен монументтер бой көтеріп жатыр. Ойымды ой қозғап, Әлмұқан Сембинов көшесінде де ақмолалық даңқты ба­тыр­дың құрметіне ескерткіш-мүсін қойылса артық болмас деген ой келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =