Баритон дауысты Байғожин

0 189

001

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ерекше дауысты әнші Сүндет Байғожин  – өнердің өз адамы. Бүгінгі таңда «Астана Опера» театрының жетекші солисі атанып жүрген сахна саңлағымен өнер жайлы әңгімелесудің сәті түсті.

ӨНЕРДІ ЕССІЗ СҮЙГЕН АБЗАЛ

– «Операға дайынмын» деген сенім қашан пайда болды?
– Бала кезімнен әнге әуес едім. Өсе келе үлкен сахнаға шығып, операдан көрінетінімді сезіп жүрдім. Бұл өнер салмақтылықты талап ететіндіктен, әлі күнге дейін шеберлігімді шыңдауға бар күшімді салып келемін. Опера әртісі «100 пайыз дайынмын» деп ешқашан айта алмайды. Себебі, əр шығарма жанды дауыста шырқалатындықтан, күнделікті дайындықты талап етеді.
– Қалай ойлайсыз, Қазақстанда мәдени дағдарыс бар ма?
– Қазақстанда мәдени дағдарыс, менің­ше, жоқ. Елімізде əртістерге бар жағдай жасалған. Қалғаны адамның өзіне, талпынысына байланысты.
– Ал, сіздіңше, көрерменнің операны қабылдау деңгейі қандай?
– Астанадағы мәдени орта күннен-күнге кеңеюде. Аз ғана уақыттың ішінде театрымыз үшінші маусымын ұсынды. Қашан көрсең де, зал лық толы. Біреу сүйікті әншісін көруге асығады, енді біреулер əсем ғимараттың іші-сыртында суретке түсу үшін келеді деген сөздерді естимін. Дегенмен, халық театрға нағыз өнерді бағалағаннан барады деп сенемін. Жанды дауысқа деген ыстық ықыласты ерекше байқаймын. Бізді әрдайым шабыттандырып, алға жетелеп жүрген де осы – көрермендердің көңіл-қошеметі.
– Классикалық музыканың әлеуетін көтеретін не және кімдер?
– Әншінің өзі, əрине. Опера – бүкіләлемдік өнер, сондықтан, дауыс халықаралық стандартқа сай келуі тиіс. Ол үшін үнемі ізденісте болған жөн. Білімін тереңдету үшін шетелге барып, тәжірибе жинап, әрдайым алға ұмтылатын қыз-жігіттер де еліміздегі классикалық музыканың дамуына өз үлесін қосарына күмəнім жоқ. Жалпы, өнерді есеппен емес, ессіз сүйе білген өнерпаз ғана үлкен жетістіктерге жетері анық.
– Қазақ операсын бүкіләлемдік дең­­­гейде мойындау үшін не істеу қажет? Оған қашан жетеміз?
– Қазақ операсын туа біткен болмысы таза қазақтан артық кім орындасын?! Əйтсе де, халқымыздың төл операсын бүкіл əлемге танытуға мүмкіндігіміз бар. Мəселен, театрларымыздың шет мемлекеттерге гастрольдік сапарларын жиірек ұйымдастыру арқылы шетелдік көрермендердің көңілінен орын алуға болады. Онда тек арияларды ғана орын­дап қоймай, сонымен қатар, үлкен қойылымдарды көрсетіп, дəріптеген дұрыс деп есептеймін.
– Ал театрға келушілердің дресс-код ұстануы қаншалықты маңызды?
– Əр ортаға сай киіне білудің өзі – биік талғамның белгісі. Өнер ошағына бағыт алған адам өзін жайлы сезінуі үшін де сəйкесінше киінгені жөн.
– Сахнаға шығар алдында не істейсіз?
– Сөйлемеуге тырысамын. Концерт алдында рояль ойнап, тамағымды жібітіп, даусымды оятамын.

_DSC1608

«ЕКІНШІ СЕРКЕБАЕВ» – ЕҢ ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ!

– Репертуарыңызды қандай кейіп­керлермен толықтыру ойда бар?
– «Трубадур» операсындағы Ди Луна партиясын орындағым келеді. Дон Жуанның партиясын да жаттап қойдым. Ал, қазақ операсынан келесі маусымда Бекежанның рөлін сомдау ойда бар.
– Сізді «екінші Ермек Серкебаев» деп айтып жатады. Бұл бағаны қалай қабылдайсыз?
– Бір бағдарламада Бибігүл апай айтқан болатын осы пікірді. Мұндай теңеу – мен үшін үлкен мәртебе. Қайталанбас дара тұлғалардың көзін көріп, батасын алғаныма қуанамын. Өзіме осы кісілердің жолын берсін деп тілеймін.
– Көмекшіңіз бар ма?
– Менің шығармашылығыма қа­тыс­ты барлық жұмыстарды реттеп отыратын жеке көмекшім бар.
– Мультимедианың дамуы театрға келушілердің қатарын сиреткен жоқ па? Қазір барлығын теледидар немесе интернет арқылы көре салуға болады.
– Театрға келу-келмеу əркімнің өз ер­кінде, əрине. Дегенмен, таза дауысты ешбір микрофон, ешқандай техника жеткізе алмайды. Көзбен көріп, құлақпен тыңдап, жүрекпен сезінгенге не жетсін?! Осыны түсінгендердің қатары көбейіп келеді.

_DSC8931

ТЫМАҚТЫ ТЫМ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН

– Бірнеше келі тартып тұратын ауыр костюм, париктер… Шаршатпай ма?
– Сахналық киімдердің ішінде өзіміздің ұлттық бас киіміміз – тымақты ерекше жақсы көрем. Қазақи болмысымызды ашатын əдемі дүние. Жалпы, тымақ болсын, шапан болсын, ауыр киімдер денеге салмақ түсіргенде, дауысқа да əсері болады. Кəдімгідей тер төгеміз. Сол арқылы өнерімізді өз-өзімізге тағы бір мəрте дəлелдейміз.
– Опералық әнші неден тұрады деп ойлайсыз?
– Ең бірінші, адамгершілік қа­сиет ма­ңызды. Ұжымдық жұмыс болған­дықтан, хордан бастап техникалық қыз­­меткерлерге дейін ізеттілік білдіріп тұру керек. Сахнаға шыққанда, бүкіл дайындығын көрсету үшін барын салуы тиіс.
– Кейіпкердің болмысын, табиғатын, ойын дәл беру үшін не маңыздырақ? Актерлік шеберлік пе, әлде дауыс па?
– Біз сезімді дауыспен білдіреміз. Жы­ла­сақ та, күлсек те… Біздің қаруы­мыз – дауыс. Образға барынша кіріп айт­сақ, кейіпкердің болмысын аша түсеміз. Сондықтан, дауыс пен актерлік шеберлік қатар үндестік табуы шарт.
– Астана өміріңізге қандай өзгерістер алып келді?
– Мектепті бітіргелі бері өмірім осы Астанада жалғасуда. Демек, өзгеріс көп. Жоғары білім алдым, қызметке орна­ластым, елорда төрінде орналасқан «Аста­на Опера» театрында өнерімізді өрлетуге атсалысып жүрген жайымыз бар. Бастысы, еліміздің игілігіне еңбек етіп, абыройын асыруға барымызды салып жатырмыз.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан:
Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 10 =