Бәріне «Сабинка келін» кінәлі ме?

0 96

Осыдан бірнеше жыл бұрын сериалы шыққан. Оны түгел көріп шығудың сәті түспеді. Десе де әумесерлеу келін есте қалды. Сол келін белгілі бір банктің жұмысын жарнамалай бастағанда көптен сыздап жүрген бітеу жараның бетін тырнағандай болды.

Соңғы жылдары қазақты мазақтағандардың, келеке етіп, тіпті оның денсаулығындағы кінәратты көптің әжуасына айналдыруға құмарлығымыздың шектен шыққаны туралы айтып кеткенмін. Сабинка келіннің мына ролигі тағы да намысымызға тиді. Жүрегі кең, пейілі ашық ұлы даланың ұрпақтарын басқаша көрсету кейбіреудің асыл мұратына айналған сияқты. Қазақтардың түрінен, киім киісі, жүріс-тұрысы мен сөзінен де бейшаралықты алға шығарып, оны жалпақ дүниеге жария етуді әдетке айналдырды. Сабинканың жарнамасын қайталап теледидардан берген сайын өзімізді де қор сезініп қалады екенбіз. Міне, теледидардың күші. Егер көркем туындыларды автордың өз көзқарасы, ісі мен өресі деп елемесек, оны алып келіп бір банктің жарнамасына айналдырып, жасы үлкені мен кішісінің назарына аударған әрекеттеріне айтарға сөз жоқ. Қазақты тұқыртып, кемдігін көзге ұрып көрсететін жарнамалардың басы мен соңы бұл емес деп қорқамын. Талғам өзгеріп, ненің дұрыс ненің бұрыс екеніне ажырата алмай қалғандаймыз.
Халықтың талғамын бүлдіріп, арзан күлкіге ғана арналған ортан қол дүниелерді түсірерде халықтың киесі барын еске алса жақсы болар еді. Сол халықтың бірі – өзі. Өзін тұқыртып, өзінің мысын басып, көлеңке жағын көрсеткенде не ұтады? Жаманы солай екен деп басқалар басынады, осындай екенбіз деп өзіміздің де жанарымыз пәс болады.
Талғамымыздың құлдырауына теледидардың әсері мол. Өзіміз өз болғалы тәуліктеп, сағаттап әншінің концерттерін беру дәстүрге айналған. Сол әсіре қызылға құмарлық, әсемпаздық жолымыздан жаңылдырып, әншілерді құдайдай көріп, тойымызды шоуға айналдырған жоқ па едік?!
Рейтинг қуғандар жастың да кәрінің де арасына түсіп, жалқының сөзін жалпыға аударып жіберіп, ошақ басындағылардың арзымайтын тірлігі өміріміздің мәніне айналды. Көшенің сөзі төрімізде айтылып жатыр. Ұлың мен қызың үйінде көшеше сөйлеседі. Кім кінәлі? Тәуліктеп теледидар көргендердің жадынан бабаларының тектілігі, қасиеті өшіп барады. Көпшіліктің ермегіне айналған «Фб» толы қатын-өсек. Кітапты жылдап қолына алмайтындар ой-өрісіңді өсіріп, кеудеңе сәуле құйып, жақсы мен жаманды ажыратуға жол сілтейді дегенді қайдан біледі.
Қазақ өнерінің әр қадамын қалт жібермей қадағалап жүргендердің бірі тек мен емес шығармын. Алайда мына бір танысымның реніші орынды деп таптым. Ол осыдан біраз бұрын жайына жүрмей, ел аузында жүрген бір әншінің зәулім сарайда дүркіретіп өткізген концертіне барады. Арасында әнші қалың елді иіріп қойып, анасына гүл апарып беріп, ұзын-сонар ризалығын айтып кештің «кәйфын» бұзғанына ренжіп келді. Әншінің көңілін қимай, анасымен «селфи» болып, сүрініп-қабынғандардың нөпірі кештің әрін кіргізбесі анық. Мақтаншылықтың дарақылыққа жеткізген бір көрінісі. Елестетіп көріңізші, атақты бір шетелдің әншісін алалық. Ол топырлатып туыстарын түгендеп санаулы уақытқа құрылған кештің сәнін бұзса, билетке берген ақшасын даулап, көрермендер оны түтіп жемес пе еді? Бізде басқаша болып тұр. Ақырында әп-әдемі кеш екінші бір кісінің жарнамасына, одан қалды «базар вокзалға» айналған. Бұл сөздің дәл мағынасын мен де түсінбеймін, бірақ танысымның концерттен кейінгі көңіл-күйін тура беріп тұрғанын айтуым керек. Әншілердің ән кешін теледидардан үздіксіз беріп, оларды тұлғаға айналдырып жарнамалаудың соңы не болғанын білесіздер. Әлі де оларды көгілдір экраннан түсірмей қаншалықты қажеттігі бар деген сұрақ туады.
Сол концерттерде кішігірім әншілер артық-ауыс сөз сөйлеуден тартынбайды. «Халқым» деп көсемсіп сөз саптайтындар жоқ емес. Көмекейі сыңғырлағаннан басқа ар жағында ештеңесі жоқтарға, бұл мақұл іс болмаса керек. Сахнадан етжеңді әртістердің ырсылдай қимылдап, ентігіп сөйлеп, ақ тер көк тер болып әбіржіп тұрғанын теледидардан көрсетуге қандай мұқтаждық бар. Ондайлардың түрін көріп түңілгенше, тек радиодан тыңдағанға разымыз. Ал халық алдына кең экранға шықпақ екен, сырт-сымбатын түзесін.
Әншілерді айтып болсақ, теледидарға назымыз осымен бітпейді. Мысалы, «Таңшолпан» хабарына қарап шығармашылық ұжымның ізденісінің нәтижесін көріп отырамыз. Жүргізушілері де жүзіктің көзінен өткендей әп-әдемі, биязы қалпымен көзімізді сүйсіндіреді. Алайда осы арнаның шашы жалбырап, сөйлегенде екі иығын жұлып жеп көзді де құлақты да шаршататындары жоқ емес. Негізі ақпарат берушінің қоңыр дауысы, одан қалды жинақы шашы, көпке сүйкімді бет-жүзімен назарымызды аударып, айтылған ақпарат қабылданады. Сол үшін экранға шыққандарды арнаның айнасына айналдырар алдында көп жұмыс істелетін.
Өнер басында теледидар тұтқасында жүргендер қазақтың бір кемдігін түгендеп, оның мерейін асыруды ойласа ғана жақсы. Қазіргі тірлік – қазақты өз биігіне жеткізу, елін сүйген азаматтардың жүрегінде шырағын маздатып, биіктерге бастау, сол үшін жұмылып жұмыс істеу маңызды болса керек. Сәбина келін мен дарынсыз әншілердің әрекеті, ойлаған межемізге тез жеткізбесі анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × five =