©2020 Астана Ақшамы
Бәрі тәрбиеге байланысты
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бар. Демек, отбасындағы тәрбиенің орны бөлек. Ата-ана мен бала арақатынасының қалай түзілуіне байланысты жеткіншектің өмірлік көзқарасы қалыптасады. Егер отбасында құрметтейтін құндылықтары болмаса, ата-бабалары ұстанған дінге қатысты қажетті мәлімет алмаса, онда оның орнын басқа ақпарат көздерінен толтыруға тырысады. Деструктивті діни ағымдардың шырмауына тұтылып қалғандардың басым көпшілігінің жанұясында дәстүрлі тәлім алмағандығы байқалады. Жастарды жаңылыс бастырған басты нәрсе діни сауатсыздық деп айтар едім. Бүгінде қалалықтар қоғамдағы діни ахуалды «қалыпты» деп бағалап отыр. Бұл этникааралық және конфессияаралық келісім саласындағы мемлекеттік саясаттың жүйелі түрде жүзеге асырылуының жемісі болып табылады.
Дін саласындағы барлық бағыттағы қызметті ұйымдастыруда негізінен ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы басшылыққа алынады. Мемлекеттің дін қатынастарын реттеу саласындағы саясатын орындауда азаматтық қоғам институттарының әлеуетін кеңінен тарту – негізгі міндеттердің бірі екендігі белгілі. Бұл ретте, Ішкі саясат басқармасы жыл сайын қоғамдық ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясындағы жобалар конкурсын тұрақты өткізіп келеді.
2011-2012 жылдар аралығында дін саласындағы білікті мамандардың қатысуымен ЖОО, мектептер мен колледждерде, БАҚ өкілдерімен, сондай-ақ, қала тұрғындарымен 11 дөңгелек үстел, 8 семинар, 33 лекция, 20 кездесу ұйымдастырылып, 6 мыңға жуық астаналық ақпараттық-насихаттық жұмыстарға қатысқан.
Іс-шаралар барысында, белгілі дінтанушы, теологтардың дәрістерімен бірге түрлі ақпараттық баспа өнімдері (брошюра, буклет, анықтамалар, т.б.) таратылған. Шағын буклеттерде, «Сектадан сақтанудың жолдары» жайлы психологиялық кеңестер, ел аумағында тыйым салынған діни ұйымдардың тізімдері, деструктивті діни ағымдардың сипаттары жайлы деректер бар. Мұндай мазмұндағы ақпараттық буклеттер, әсіресе, жастар арасында үлкен сұранысқа ие болған.
Сондай-ақ, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығы бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Бұл шараға білікті дінтанушылар, психолог, заңгер мамандар тартылып, «сенім телефоны» іске қосылып, соңғы жылдары 71 азаматқа психологиялық-құқықтық көмек көрсетілген.
Соның ішінде конфессияаралық қатынастарды реттеу, діни төзімділікті насихаттау, діни экстремизм идеяларының алдын алу бағытында 2011–2012 жылдар аралығында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 7 әлеуметтік маңызды жоба іске асырылыпты.
2011 жылы Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы, Астана қаласы Дін істері департаменті және дәстүрлі діни конфессиялар арасында өзара ынтымақтастық Меморандумына қол қойылған болатын. Бұл ортақ мүддені жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы 2012 жылы Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласы Дін істері департаменті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында өзара ынтымақтастық Меморандумы қабылданды. Меморандум аясында 2012 жылы 21-23 мамыр аралығында Астана қаласындағы мешіт имамдары мен шіркеу қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылып, барлығы 43 адамға сертификат табыс етілген.
Біздің анықтама: Бүгінгі таңда, елордамызда 14 конфессиядан тұратын 47 діни бірлестік жұмыс істейді (40 – діни бірлестік, 7 – филиал. Ислам бағытында – 7, православие – 5, католиктік – 4, протестанттық – 28, иудаизм – 1, кришна – 1, бахаи – 1 діни бірлестік пен филиалдар тіркеуден өтті).
Сондай-ақ, Астана қаласы Дін істері департаментінің мәліметі бойынша миссионерлік қызметпен айналысу мақсатында қалада 64 шет ел азаматы заңды тіркеуден өткен.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы әр тоқсан сайын қаладағы діни ахуалға мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Әлеуметтік зерттеудің жалпы қорытындысы – Астана қаласы тұрғындарының қоғамдағы діни ахуалды «тұрақты» деп бағалайтындықтарын көрсетеді. Тұрғындар арасында дінге сенуші азаматтардың үлес салмағы артуда. Жалпы қала бойынша дінге сенуші тұрғындар – 66,4 % құрап отыр.
Айгүл УАЙСОВА