Бәрi де студенттер үшiн

0 93

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiнiң «Бәрi де студенттер үшiн» атты арнайы бағдарламасы бар.
Кеше осы бағдарлама аясында бiрқатар салтанатты шаралардың шымылдығы түрiлдi.
Қонақтар алдымен Күлтегiн ескерткiштерiнiң көшiрмесi орналасқан университет атриумын аралап көрдi.
Содан кейiн мәслихат депутаттары мен Министрлiк, елшiлiк өкiлдерi университеттiң жаңа оқу-зертханалық ғимараты мен отбасылы қызметкерлерге арналған 100 пәтерлi тұрғын үйдiң алғашқы қазығын қағу рәсiмiне қатысты.
Университет ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, бүгiнгi күнi осы нысандар бойынша қаржы мәселесi толықтай шешiлген. Ендiгi бар шаруа көктем шыға құрылыс жұмыстарын бастау болып отыр.
Бiрер жылдан кейiн, жақын маңнан университеттiң спорт кешенi де бой көтеретiн болады.
Айтпақшы, оқу орнына жаңа басшы келгелi университеттiң жеке емханасы iске қосылды. Университет қызметкерлерi мен студенттерiне медициналық қызмет көрсететiн мұндай арнайы мекемелер әзiрге өзге жоғары оқу орындарында жоқ екенiн айта кеткен жөн.
Сондай-ақ, күнi кеше ашылған Студенттiк кинотеатры да ел аумағында тұңғыш рет iске қосылып отырған жоба болып отыр.
«Студенттiк кинотеатр» жобасының басты мақсаты – тарихымызда алтын әрiппен жазылған отандық классикалық кинотуындылармен қатар, қазiргi бiлiм мен ғылымды, мәдениеттi кеңiнен насихаттайтын қазақстандық және шетелдiк фильмдердi тамаша техникалық сапада көрсету арқылы жастардың дүниетанымын кеңейту болып отыр.
Театрдың шымылдығы Елбасының балалық шағы жайында режиссер Рүстем Әбдiраш түсiрген «Балалық шағымның аспаны» фильмiмен ашылды. Шараға фильм режиссерi – Рүстем Әбдiраш, кино кейiпкерлерi белгiлi актер – Нұржұман Ықтымбаев, жас актриса – Алмагүл Әлiшевалар қатысты.
Театр ғимараты университет студенттерiнiң мәдени демалысын анағұрлым маңызды өткiзуiне әсерiн тигiзетiн болады. Ғимаратта жұмсақ орындықтар, тамаша экран, қуатты акустика, салқындату жүйесi қарастырылған. Осы арқылы университеттiң елордалық және елiмiздегi жетекшi оқу орны ретiндегi имиджi арта түспек.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 9 =