©2020 Астана Ақшамы
Бәрі біліктілікке байланысты
Оқытушылардың біліктілігін көтеріп, оқушыларға сапалы білім беру мәселесін елордадағы гуманитарлық колледжі назардан тыс қалдырған емес. Келесі жылы оқу орнымыз өзінің 70 жылдығын атап өтпекші. Осыған байланысты колледжде педагог мәртебесін көтеруден бастап, көптеген іс-шаралар өткізу қазірден-ақ басталып кетті.
Қазіргі заман педагогының мәртебесі өздігінен келетін нәрсе емес, оған қол жеткізу үшін әр ұстаз ұзақ еңбектенуі керек. Мұғалімнің ең бірінші сыншысы – шәкірттері. Көп ізденген, көп еңбектенген, ұрпақ жолына бар саналы ғұмырын арнаған адамды оқушылары да құрметтейді, үлгі тұтады. Сондықтан, жеткіншектердің сапалы ілім алу мәселесіне үлкен жауапкершілікпен келу керек. Бүгінгі таңда заманауи технологияның тілін тапқанның аты озып тұр. Еліміз дамыған мемлекеттердің қатарына ену үшін бүгінгі жеткіншек жан-жақты білімді азамат болып тәрбиеленуі керек. Міне, сондықтан өскелең ұрпақтың бойына білім дәнін егетін педагогтардың біліктілігі мен мәртебесін көтеру күн тәртібіне шығып отыр.
Мұғалім, ол – педагог, ұстаз, менеджер, психолог. Қазір әріптестеріміздің көбі ақпараттық технологияны пайдаланады. Өйткені, ол – қажеттілік. Оқытушы түзелмей, оқушы түзелмейтінін, әсіресе, елорда мұғалімдері жақсы ұғынады. Біздің колледж ұжымы да өзара білім деңгейін сарапқа салу мақсатында «Үздік педагог» байқауын ұйымдастырмақшы. Мұндай сайыс өткізу арқылы педагог мәртебесін, білім сапасын арттыруды жөн санап отырмыз.
Мейрамгүл АБСАТОВА,
Астана қаласы Гуманитарлық колледжінің әдіскері