Барған сайын аспандап, баға, қайда барасың?

0 170

Зат бағасы шаштай өсіп, жалақы қастай өсетін Қазақстанда соңғы кездері зат бағасы сұмдық көтерілді. 2018 жылы мамыр айында бір келі картопты 70 теңгеден алсақ, биыл бұл өнімнің бағасы 350 теңгеден түспей тұр. Тіпті тәлтіректеген теңгемізбен тайталасып, 420 теңгеге дейін барып қайтты.ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елімізде картоптың бұлайша қымбаттағанын өткен жылғы картоп экспортының артқанымен түсіндірді. Бірақ министрдің бұл сөзіне сенейік десек, базарда тек картоп қана қымбаттаған жоқ, барлық тауардың бағасы екі-үш есе көтеріліп кетті. Енді Қазақстанда сәбіз тапшылығы болуы мүмкін екенін де министрдің өзі айтты. «Өткен жылы 360 мың тонна картоп экспорт етіліп, рекордтық деңгейге жетті. Яғни өткен жылы Қазақстанда картоп экспортының үлесі 19 пайызды құрады, бұл нарық тапшылығына әкелді. Ал қазір сәбіз бойынша картоптан да қиын жағдай қалыптасты. Қазіргі уақытта отандық өнім қоры жыл басымен салыстырғанда 5 есе төмендеді» деді Сауда министрі Үкімет отырысында.

Арзанға экспорттап, қымбатқа импорттаймыз

Министр өткен жылы 69 мың тонна картоп төмен бағамен экспортталса, биыл сол теңгерімсіздікті толтыру үшін отандық картоптан үш есе қымбат бағамен Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна картоп импортталғанын, сәбіздің тапшылығына төтеп беру үшін Өзбекстаннан сәбіз жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Мұны естігенде күлерімізді де, жыларымызды да білмей қиналдық. Өткен жылы Қытайда коронавирус тарағанда, Қазақстандағы беттұмшаның бәрін Қытайға сатып жіберіп, кейін ел маска таппай қиналып, 15 теңгелік беттұмшаның өзін 200 теңгеден әзер сатып алған еді. Сол кезде министрлер бұл тапшылықты отандық өндірістің дамымағанымен, беттұмша тігуге қажетті материалдың шетелден жеткізілетінімен түсіндірген еді. Ал енді әркім өз ауласына егіп, жазда кәтелдеп көміп, күзде дағарлап жинап алуға болатын картопты жер көлемі бізден әлдеқайда кішкене Иран мен Пәкістаннан сатып алуымызды қалай түсінуге болады? Қазақстандықтардың жалқаулығынан көреміз бе, жоқ бағасы келсе бәрін сатып жіберетін жоспарсыз Үкіметтің жайдақтығына жатқызамыз ба?!Жалпы, азық-түлік бағасы әлем бойынша көтерілді. Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы құрылымының деректеріне сәйкес, биылғы мамыр айында баға өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өскен. Бұл – соңғы 10 жылдың рекордтық көрсеткіші. Ал елімізде өткен 5 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қымбаттау көрсеткіші Түркістан облысында – 9,4%, Нұр-Сұлтан қаласында – 8,5% және Алматы қаласында 6%-ке жеткен. Міне, осыны алға тартқан министрлер «Біздегі зат бағасының өсуі Ресейден әлдеқайда төмен» деп халықты алдаусыратқысы келеді. Бірақ Ресейде жалақы мен еңбеккүш ақысының бізден жоғары екенін ескермей ме, жоқ әлде айтқысы келмей ме, әйтеуір ол жағын ауызға алмайды. Ал Премьер-министр Асқар Мамин болса, меморгандар мен өңір әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырып, құрылыс материалдары бағасының негізсіз өсуін болдырмау бойынша шара қабылдауға шақырғаны болмаса, түбегейлі жоспарды ашпады. Бағаның өскенін мінбеден мінегенімен, базардағы баға төмендей ме? Күн сайын өсіп бара жатқан бағаны реттеуге кешенді шаралар керек. Әйтпесе, бір-екі ай ішінде құрылыс материалдары 16 пайызға қымбаттап, өткен жылы текше метрі 18-19 мыңнан сатылған сықпакірпіштің (газоблок) бағасы 30 мыңға; өткен жылы 70 мың теңге тұратын қарағай тақтайлардың текше метрі 150 мыңға; бес мың теңгелік тақтайлардың (osb) бағасы 15 мыңға дейін көтерілуі шарасыздықтың көрінісі емей немене?!

Барлық саланы қымбатшылық жайлады

Зат бағасының күрт қымбаттауына ілесіп, алыпсатарлардың тауарды басып қойып қымбатқа сататын жағдайы да төбе көрсете бастаған. Мәселен, қазір базарда цемент табу қиын. Жоқ емес бар, бірақ сатушылар алда бағаның тағы өсетінін алға тартып, қазір сатқысы келмейтінін ашық айтып отыр.
Киім-кешек бағасы да күн санап көтеріліп барады. «Біз тауарды Қырғызстан мен Қытайдан тасимыз. Өткен жылдан бастап Қытайдан тауар кіргізе алмай жатырмыз, ал басқа елдерден келетін тауардың бағасы да ай сайын құбылып тұр. Өткен жылдың соңында 8000 теңгеден сатқан әйелдердің көйлегін қазір 13000-нан сатуға мәжбүрміз. Өйтпесек, дүкеннің жалақысы мен сатушылардың еңбекақысын өтемейді» дейді «Орда» базарында әйелдер киімін сататын Арман Дүйсенбай.
АИ-92 жанармайының литрі 160 теңгеден асып, 170 теңгеге жеткеніне де біраз уақыт болды. Ол аздай билайн, актив, алтел сияқты телебайланыс компаниялары да тарифтерін қымбаттатып жатыр. Бұрын бір ай сөйлесуге жететін мың теңгелік тарифтерді қазір астананы алты айналсаң да таппайсың. Тіпті, айлық ақысы 2000 теңгеден төмен баға жоқ.
Зат бағасының қымбаттауына уақытша жұмыс істейтіндердің де күндік ақысы жоғарылады. Соның әсерінен қазір көптеген өндіріс орындары жұмысшы таппай қиналып отыр. «Айына 160-180 мың теңге жалақы берем десем де шеберханама жұмысшы таппай отырмын. 180 мыңнан есептесең де, күні 7000 теңгеден айналады, бірақ 7000 теңгемен бір отбасын қалай асырайды, бір келі картоп 400 теңге болса!? Ал 200 мың теңгеден асырып беруге біздің қалтамыз көтермейді. Жыл басында 2100 теңгеден алған қарағай тақтайдың құны – қазір 4500 теңге. Яғни, ағаш материалдарының құны 2 еседен артық көтеріліп кетті» дейді бас қаланың іргесіндегі Қосшы ауылында ағаш үйлер жасаумен айналысатын «Куә» компаниясының директоры Ықылас Оразбайұлы.
Әрине, қай саланы алып айтсақ та, бағаның өсуі мұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Алдағы айларда баға және өспесе, түспейді. Күзде картоп, сәбіз, пияздың бағасы арзандайды деген күннің өзінде 70 теңгелік (картоп) баға келмеске кетті. Мықтағанда 170 теңгеге түсер, әйтпесе, 400 теңгелік жертүйнектің (картоп) бағасы 200 теңгеден арзан болмайды. Күзде арзандағанымен, қыста қайта қымбаттап, бір келі картоптың бағасы 500 теңгеге дейін баруы да ықтимал. Бірақ соны қадағалап, зат бағасының негізсіз өсуіне тосқауыл қойып отырған мекеме жоқ. «Шара қолданамыз, жол бермейміз» деген жарамсыз жоспармен елді алдаусыратумен әлек.

Енді ет бағасы өсе ме?

10 маусым күні Мемлекет басшысы «мал шаруашылығының сапалы әрі экологиялық таза өнімін экспорттау біз үшін басым бағытқа айналуы керек. Отандық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі халықаралық деңгейде мойындалуы маңызды. Бұл мәселе Сауда және интеграция министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің экспорттаушыларды қолдаудағы басты бағыттарының біріне айналуы қажет» деді. Өте дұрыс тапсырма. Бірақ ауыл халқы бұзауы жайылатын жер таппай отырғанда, сондай-ақ оңтүстікте, батыста қуаңшылық салдарынан мал қырылып жатқанда, ет экспортына екпін беру енді елде ет бағасының шарықтауына алып келмес пе екен деген күдігімізді күшейтіп отыр. Себебі осыдан бір-екі жыл бұрын Иран мен Өзбекстанға мал экспорттай бастағанда ет бағасы күрт көтерілумен қатар, ел ішінде ет тапшылығы байқалған еді. Соңынан шетелге мал экспорттауға уақытша тыйым да салынған. Мемлекет басшысының пәрменінен кейін бұл тыйым да алынатыны анық. Бірақ Қазақстан ет экспорттауға дайын ба? Біздің мал шаруашылық өндірісі ел іші қажетін артығымен қамтамасыз ете ала ма деген мәселеге назар аудармай болмайды. Мәселен, қазір Қазақстанда сиыр етінің бағасы – 2000 теңге. Ал көрші Қытайда бір келі сиыр еті – 5000 теңге шамасында. Егер біз ет экспортына жасыл дәліз ашсақ, біздің етіміздің көбі Қытайға кетеді. Тіпті, 3000 теңгеден сатсақ та, Қытай үшін арзан. Әрине, экспорт бағасы көтерілсе, ел ішіндегі баға да қымбаттайды. Бірақ 3000 теңгені қазақстандықтардың қалтасы қалай көтереді?! Демек, Үкімет ұтымды тәсіл қолданбаса немесе малға берілетін қосымша қаражатты молайтпаса, болашақта Қазақстан халқы малды бағатын, бірақ етін өзі жей алмайтын жағдайға келуі де әбден мүмкін. Бұл, әрине, ойланатын жағдай.
Ендеше, Қазақстанда зат бағасы неге жыл сайын аспандап барады? Мұның себебі көп. Әсте біздің министрлер айтқандай, «алыпсатарлықтан» ғана қымбаттап жатқан жоқ. Керісінше, отыз жыл бойы ішкі өндірісті дамытуға күш салмай, импортқа сүйенуіміз; іш киімнен бастап, байпаққа дейінгі тауарды шетелден тасып, өзімізде өндіруге ден қоймауымыз; халықты ішкі өндірісті дамытуға ынталандырмауымыз; одан да маңыздысы, орын алған жемқорлықтың әсерінен, ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, орта, шағын бизнесті қолдау қаржысын ұтымды пайдалана алмауымыз соңғы кездері бағаның еселеп өсуіне мұрындық болды. Ел Үкіметінің халықтың тұрмыс деңгейін көтеру, сан-салалы шаруашылықты дамыту тұрғысынан жасаған жоспарының жетілмеген тұстары көптігі; бірі келіп, бірі кетіп жататын кейбір минис­трлер мен жергілікті басшылардың біліксіздігі де елдегі күнкөріс жағдайының барған сайын қиындап бара жатқанына мұрындық болып отырғаны жасырын емес.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 2 =