БӘРЕКЕЛДІ, БАЛАПАНОВ!

0 123

Жуырда Ресейдің Уфа қаласында өткен «Урал моңо-2012» түркі жастары фестивалінің бас жүлдесін астаналық жас әнші Нұрбол Балапанов қанжығасына байлап қайтты.

Башқортстанда екі жылда бір өтетін түркі жастарының музыкалық «Урал моңо» фестивалін әнші қауым жақсы біледі. Бұл фестивальдің мақсаты – түркі жұртының дәстүрлі әндері мен ұлттық бет-бейнесін айшықтайтын салттарын сахнада көрсете білу. Қазіргі таңда фестиваль «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Башқортстанның Мәдениет министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. 1995 жылы фестиваль халықаралық мәртебеге ие болған еді. Содан бері Уфада күллі түркі жастары бас қосып, өнер бәйгесінде бақ сынасып келеді. Биыл алғаш рет бас жүлде қазақтың дарынды әншісі Нұрбол Балапановқа бұйырды.

Жас әншінің есімі қалың көпшілікке етене таныс болмаса да, біршама белгілі.Өйткені, ол жастығына қарамастан Астана қаласы әкімдігі мемлекеттік филармониясының классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің әншісі. Ал, бұл ұжым өнер әлеміне қадам басқалы бел-белестерді бағындырумен өрге жүзіп келеді. Соңғы кезде Нұрбол Балапановтың өнердегі алғашқы қадамдары соның жарқын дәлелі ретінде бағаланып  жүр. Оның тынымсыз еңбегі, өнердегі ізденісі, жаңа репертуар таңдаудағы талғампаздығы, байқаулар мен фестивальдерге қатысуға әрдайым даярлығы – мұның барлығы оның өнердегі ізгі табыстары. Осы табыстары талантты жастың мақсатшыл мүддемен асқақ асуларды бетке алғандығын нақты көрсетсе керек.

Нұрбол Балапанов – Семей өңірінің тумасы. Бірақ қазіргі кезде Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Ол студентпін деп өзінің әншілік қабілетін шектеп, яки дағдарып қалмады. Білім алумен қатар өнердегі ізденісін де жоспарлы түрде жүзеге асырып жүр. Қайта өзінің осындай ізденгіш талпынысымен аз уақыт ішінде біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген талапты жас. Сан байқауға қатысып, ерекше дауысымен көзге түсіп, көрермен сүйіспеншілігіне бөлену – ерекше құбылыс. Әрбір әнші үшін сахнаның зор шабыт сыйлайтын сиқырлы қуаты және бар. Байқауларға қатысу –Нұрбол үшін ең алдымен кәсіби деңгейін көтеріп, біліктілігін арттыруға таптырмас стимул. Мұндай мүмкіндік конкурсанттар арасында бір-бірінің ән салу өзгешелігін зерделеуге жол ашады. Өйткені, әр байқаудың өзіндік қолтаңбасы болады. Әр байқау әншілерге түрлі импульс, эмоционалды дүмпу беріп отырады. Мейлінше сезімтал келетін әншінің жан рахатын тыңдарманмен бөлісуіне де септігін тигізеді.

Ол 2011 жылды да табысты етіп өткізді. «Жас қанат – 2011» жас орындаушылар байқауында І орынды жеңіп алғанын елордалық жұртшылық жадынан шығара қоймаған болар. Украинадағы «Молода Галичина – 2011» халықаралық жас орындаушылар байқауында І орын, «Кришталеви грона – 2011» халықаралық байқауында І орын, «Жұлдыз-2011» (Қарағанды) республикалық эстрадалық орындаушылар конкурсында ІІ орын иегері атанған. Оның үстіне 2011 жылдың қорытындылары бойынша, филармонияның «Үздік эстрадалық әншісі» болып танылды. Хакасияда өткен «От ыры – 2011» халықаралық этникалық эстрада байқауының бас жүлдесінің иегеріатанды. Сол байқауда оны көрермен өте тамаша қабылдады. «Нұрбол сахнаға шыққан сайын жұртшылық қайта-қайта шапалақтап, оның әндеріне тәнті болды. Байқау тарихында мұндай болып көрген емес. Гала-концертте де Нұрболды жұрт сахнадан жібергісі келмей, биске ән орындатты», – деп жазады хакасиялық журналист Вера Самрина.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 8 =