БАРД ӘНШІЛЕР БӘЙГЕСІ

0 123

Айнала тігілген қызылды-жасылды шатырлардан аяқ алып жүргісіз. Олардың 80 шатырына сырттан келген бардтар орналасса, 40 шатырға елордалықтар жайғасты. Ал, қаладан концерт тамашалауға ағылған халық санында шектеу болмады.

Қазақстанның барлық аймақтарынан атышулы фестивальге тайлы-тұяғы қалмай бардтар ағылды. Тек біздің елімізден келген қонақтар ғана емес, жалпы авторлық әндерді жанына жақын балаған әнсүйер қауым осы шатырлы ауылдан табылды.

Фестиваль ұйымдастырушылары – Астана қаласының әкімдігі мен «Доминанта» авторлық әндер қоры. Жыл сайын өткізіліп, атағы аспандап кеткен фестиваль жылдан жылға керегесін кеңейтіп келеді.

Бард әншілердің сүйікті басқосуына айналып, оның мән-маңызының артуының айғағы бола бастады. Жалпы, сонау 1979 жылдан бері бастау алып келе жатқан ән мерекесі 1999 жылдан бері халықаралық мәртебеге ие. Бұған дейін де фестивальге танымал бард әншілер лег-легімен келіп жататын. Олардың арасында ТМД аумағына етене таныс автор-қонақтар аз болған жоқ. Мысалы, бард әншілер пір тұтатын Александр Дулов, Александр Суханов, Виктор Луферов, Михаил Кочетков, Ирина мен Михаил Столярлар, Андрей Ширяев, Раиса Нурмухаметова (Мәскеу), Юрий Кунин және Евгений Клячкин (Санкт-Петербор), Андрей Козловский (Вологда), Геннадий Перевалов (Екатеринбор), Шухрат Хусаинов (Самара), Ольга Качанова, Вадим Козлов (Алматы), Николай Старченков (Түмен), Леонид Мараков (Краснотурьинск), Женис Искаков (Омбы), Сергей Аксенов (Иваново), Мереке Искаков (Красноярск) сынды танымал бардтар астаналық думанды жылда жібермейді.

Осы жылы бардтардың фестиваліне сонау Мәскеуден ат арылтып жеткен Александр Виницкий, Тобылдың тумасы Вера Вотинцева сынды майталмандар қатысып, Арқаның даласында ән үш күн әуеледі.

Оған күннің көзін шарбы бұлттар тұмшалағаны да, нөсердің құйғаны да кедергі келтіре алмады. Қайта аспаннан төккен жауынды нұрға балап, қуанған, шабыт шақырған шығармашыл жандар бір жасап, мәз болысты.

«18-дің жасы» деп аталатын бөлімде тек жас бардтардың орындау мәнері сыналды. Көзге түскен жас таланттардың көбеюін қазылар алқасы жоғары бағалап жатты. Әр қаланың атынан ортаға шыққандар да ұтымды сөз тауып, ұтқырлықтарын паш етті. Балалар шығармашылығына да зор мән беретін фестиваль, «Алтын кілт» аталымында жасөспірімдер мен жеткіншектердің жауқазын жырларын тыңдады. Кешке таман алау маңына топтасқан әншілер ән- жырды кемерінен асырып, төгілтті.

Авторлық әндер соңғы жылдары өрісін кеңейтіп, өрге басып келеді. Көпшілік арасында мұндай әндердің тез таралатыны да белгілі. Оның түп негізі орыс бардтарының көптігінен болса, екіншіден, осынау халықаралық фестивальдердің көптеп ұйымдастырылуы да себепші.

Сонымен, қазылар алқасын Вероника Вотницкая (Түмен), Роман Ланкин (Том), Лидия Чебок- сарова мен Евгений Быковтың отбасылық дуэті, Сергей Труха- нов, Александр Виницкий, Александр Родовский, Жеңіс Искаков (Мәскеу) және қазақстандық Александр Губерт пен Евгений Зининдер құрады. Олардың бағалауымен жеті дипломант іріктелді. Жеңімпаздар мыналар болды: композитор Борис Гордиенко (Астана), авторлар Қайрат Кеңесов (Алматы) пен Мырзамұрат Қашарбаев (Шымкент).

Ал, ансамбльдер арасынан суырылып шыққандар Омбыдан келген «Казанцевтер» ансамблі болды. Олардың соңын ала жерлестері «Камертон» ансамблі жоғары марапатқа ие болды. Петропавловскіден келген «Надежда» ансамблі де дипломант атанды.  Қарағандылық әншілер Наталья Чепарская мен Ирина Журавлева да топ жарып шығып, дипломант мәртебесін қанжығаға байлады.

Барлығы 50-ден аса жеке әнші және 7 топ қатысқан фестивальдің көрігі кешкі алау кезінде ерекше қызды. Ауа-райы да кешқұрым қарайласып тұрды. Ең бастысы, бұл басқосу ән мен достық салтанат құрған мейрамға ұласты.

Бір әттеген-айы, мұндай мереке халықаралық болғаннан кейін әндер көбіне орысша айтылады. Бұл орыс интеллигенциясының қалыбына салынып бара ма деген күмәндар айтыла бастады. Табылдың ізін басқан, қазақша сайраған қаракөз бард әншілер қатарынан табылып, төбе көрсете алмай келеді.

Шынар ӘБІЛДА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + one =