БАР ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН

0 276

Мемлекетіміздегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісім, халықтар достығы өзіненөзі аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Қазақ халқының кеңпейіл дархандығының, өзім дегенге өзегін суырып беретін жомарттығы мен мәрттігінің арқасында қол жеткізілді десек, артық айтқандық емес.

 IMG_3492

Қазақстан – көпұлтты, унитарлы, тәуелсіз мемлекет. Әлем таныған Отанымызда жүз отыз ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай достық пен татулықта, жарасымды бірлікте қоян-қолтық өмір сүруде. Біз – ынтымағы жарасқан елміз. Қиын-қыстау кезеңде тағдырлары табыстырған халқымыз бір шаңы­рақтың астында сүттей ұйып отыр. Бұған қалай қол жеткізілді?!

Еліміздегі барлық ұлттық-мәдени бірлестіктерді бір ұйымға – Қа­зақстан халқы ассамблеясына біріктіру туралы идеяны алғаш рет тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Бұл тегіннен-тегін тақыр жерге келген тұжырым емес еді. Оның алғы шарт­тары қазақ қоғамының бастау­ларында жатты. Тарихтың жарқын беттерін халқымыздың ортақ игі­лігі үшін парасатпен пайымдай білген Елбасы тың әрі теңдесі жоқ құрылымды өмірге әкелді. Сөйтіп, аймақтарда кіші ассамблея құрудан басталған Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамды топтастырушы тетіктердің біріне айналды.

Мақсаты айқын құрылым елі­міздегі бүткіл этностардың рухани тұрғыдан қайта жаңғырып, дамуын, өзара құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мәдениетін қа­лыптастыруды көздеді.

– Қазақстан халқы ассамблея­­сы-
ның құрылуы республи­кадағы ұлттық саясаттың инсти­туцио­налдық дең­гейге көтерілгенін көр­сетті. Бұл – ұлтаралық қатынас­тың қазақ­стандық моделінің басты өзегі еді. Өйткені, ұлттық саясат инсти­туционалдық деңгейге жетпеген жағдайда, ол адамдардың сезімдік, психологиялық, идео­ло­гиялық, теориялық, рационалды және иррационалды танымына бағындырылады әрі соған сүйене отырып жүргізіледі. Ал, инсти­ту­ционалдық деңгейге көтерілген саясат – алдында айқын мақсаты бар ұйым құра отырып, өзіндік ережелер мен нормаларды қалыптастырады. Әрі бүкіл қоғамдық жүйемен үй­лесімді қарым-қатынас орнату не­гізінде жүргізіледі. Президент Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі сонда – мемлекеттегі ұлтаралық келісімді сақтау, оны одан әрі ны­ғайту үшін республикада жаңа қо­ғамдық инс­титут, Президент жа­нындағы консультативті-кеңесші орган Ассамблея құру қажеттігіне дер кезінде назар аударды.

1995 жылдың 24 наурызында Алматы қаласында Қазақстан ха­лықтары ассамблеясының бірінші сессиясы өтті. Оған барлық облыс­тардағы кіші ассамблеялардан 260 делегат сайланып, құрамына қырық ұлттық-мәдени орталықтың өкілі енді. Алғашқы сессияда Елбасы баяндама жасап, құрылымның ұйым­дастырушылық бағыт-бағда­рын айқындап берді, – деп еске алады Қазақстан халқы кіші ассам­блея­сының мүшесі, «Ковчег-топан» армян ұлттық-мәдени қоғамының төрағасы Севада Тер-Григорян.

Аймақтарда кең ауқымда ұйым­дастыру жұмыстарын жүргізетін орган – Кіші ассамблея болды. Елдегі ұлтаралық татулық пен келісімнің ұйытқысына айналған бұл ұйым өтпелі кезеңде мемлекеттілікті қа­лып­тастыруда елеулі рөл атқарды.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оның құрамында болған кейбір мемлекеттерде ұлтаралық кикілжіңдер туындап, соңы қарулы қақтығыстарға ұласқанын бұқара ұмыта қойған жоқ. Жазықсыз жандардың қаны төгіліп, өрімдей жастар қыршынынан қиылып жатты. Мыңдаған адамдар үйсіз-күйсіз қалып, босқын атанды. Міне, сол кезде алдын ала жүргізілген сарабдал саясаттың арқасында елімізде жоғарыда айтылған қасіреттерге жол берілмеді. Өзара түсіністік пен татулық, республиканы мекендеген барша халықтың ең басты құндылығы болды.

Ассамблеяның белсенді қыз­ме­тінің нәтижесінде Қазақстандағы этностардың мәдени өмірі жандана бастады. Этникалық топтардың ын­тымағы мен ұйымшылдығы күшейді. Оның ең басты жетістігі ол – ұлт­аралық қатынастардың саяси мәнге ие болуына жол берілмеді. Ассамблея сессияларының өзі еліміздің қалыптасу кезеңдеріне дөп келді. Өткізілген барлық он бес сессияда  да Президент елімізде татулық пен келісімді нығайта беру бағытында ізденістерге баса назар аударып отырды.

Соның арқасында бүгінгі таңда Қазақстан көпұлтты халықты топтас­тырудың стратегиялық идеясын айқындап алды. Қазір елімізде 130 ұлттың өкілі өмір сүреді. Олар үш жүз алпыс бес ұлттық-мәдени бір­лестікке біріккен. Олардың отыз бірі  – Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ассамблея Кеңесінің мүшесі.

Елбасының ассамблея құру­дағы түпкі мақсаты жүзеге асты. Қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған тату-тәтті тірлігі қазақстан­дықтардың әлем алдындағы мерейін көтеріп, беделін асқақтауда. Олар бір үйдің баласындай ынты­мақ­тастықты ұйыта отырып, мем­ле­кеттің өркендеуіне, елдің дамуына елеулі үлес қосуда.

Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 18 =