Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ: АСТАНА ОСЫМЕН 2514 – ҰСТАЗҒА ПӘТЕР КІЛТІН ҰСТАТТЫ

0 113

Кәсіби мерекелердің ішінде ерекше аталып өтетіні – ұстаздардың төл мейрамы. Бұл жолы да елорда білім саласының мамандарына айрықша құрмет көрсетті. Бейсенбі күні Конгресс-холлда өткен салтанатты жиынға

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және еліміздің Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов қатысты.

Конгресс-холлдың кіреберісі бірден мерекелік көңіл-күйді аңғартты. Есік алдында ұстаздарын шәкірттері қарсы алды. Қаз-қатар тізілген жеткіншектер әр мұғалімге гүлшоқтарын ұсынды. Мұндай ілтипатты көріп, жүздері тіптен жадыраған жандар жиын басталғанша, өздеріне арналған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Салтанатты шарада Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйлеп, ұстаздарды мерекесімен құттықтады. Елдің келешегі ұстаздың қолында екендігін, мемлекеттің даму саясатында сапалы білім мен білікті мұғалімнің орны айрықша екендігін министр атап өтті.

– Мектептің жүрегі – сіздерсіздер, қадірлі ұстаздар! Сондықтан министрлік педагог мәртебесін көтеруді ең басты міндеттердің бірі деп санайды. Бұл жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілуде: біріншіден, мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу; екіншіден, мұғалімдердің біліктілігін көтеру; үшіншіден, педагог кәсібінің қоғамдағы имиджін жүйелі түрде арттыру, – деді еліміздің бас ұстазы.

Бұдан кейін Бақытжан Тұрсынұлы елордада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар мұғалімді арнайы марапаттады.

«Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін №54 мектеп-лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт Түлкібаева мен №60 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Стелла Прядко еншілесе, Ы.Алтынсарин атындағы медальді №50 мектептің тарихшысы Рәбиға Иманқұлова, №36 мектептің директоры Вадим Моторин және қалалық Білім басқармасының әдістеме кабинетінің меңгерушісі Әсият Қоржықова иеленді.

Сонымен қатар 4 мұғалім министрліктің алғысхатымен, 8-і «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Биыл дәстүрлі «Үздік мұғалім – 2012» байқауы өткен болатын. Елорданың 28 ұстазы қатысқан сайыста №5 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлзипа Қылышбаева Гран-Приді жеңіп алған еді. Осы үздік ұстазға пәтер кілтін тапсырған министр Бақытжан Жұмағұлов: «Осымен Астана 2514 ұстазға пәтер кілтін ұстатып отыр» деді.

Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласып, елорданың шығармашылық ұжымдары ұстаздардың құрметіне өнерімен шашу шашты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =