©2020 Астана Ақшамы
Бақытжан МАЛЫБАЕВ, Астана қаласы ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары: ЕКІ МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖАҢА НӨМІР БЕРІЛДІ
– Бақытжан Әсембекұлы, қолданыстағы көлік нөмірлерін ауыстыру қандай қажеттіліктен туындады?
– Бәрімізге белгілі, қолданыстағы көлік нөмірлері 1994 жылы енгізілген болатын. Жаңа белгілер уақыт талабына әрі халықаралық стандартқа сай болу мақсатында қолға алынды. Біріккен Ұлттар Ұйымының жол қозғалысы туралы келісіміне қол қойған біздің ел де мемлекеттік нөмір белгісінің жаңа үлгісін таңбалауға кірісті.
– Көліктің қай аймаққа тиесілі екенін осы уақытқа дейін әріп арқылы біліп келдік. Ал жаңа нөмірдің ерекшелігі қандай?
– Рас, көліктер әрпіне қарай ажыратылып келді. Енді «темір тұлпардың» қай аймақта тіркелгенін сандық ерекшеліктерге қарай танитын боламыз. Мәселен, Астана қаласының автокөліктері 01 белгісін тақса, Алматы – 02, Ақмола облысы – 03 және соңғысы 16 Шығыс Қазақстан облысында тіркелген көліктерге тиесілі. Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірде ел нышаны – Ту таңбаланған. Нөмірдің төменгі жағындағы «KZ» жазуы бар. Яғни, шетелге шықсаңыз, қазақстандық көлік екенін тану мүмкіндігін береді. Халықаралық талап үдесіне сай болғандықтан, бұдан былай елден тысқары қатынау аса қиынға соқпайды. Бүгінде мұндай нөмірлер әлемнің 80-нен астам елінде мақұлданған.
– Астаналықтар жаңа нөмірді қалай алады? Бағасы қанша тұрады?
– Жаңа нөмірді иелену үшін Жол полициясы басқармасына жолығу қажет. Мемлекеттік баж салығын төлесеңіз, ескі нөмірді жаңаға ауыстыру қиын емес. Оны тіркеу жұмыстары көп уақыт алмайды. Сондай-ақ, бұрынғы белгілер де қолданысқа жарамды. Тек Президент аппараты мен үкіметтік көліктер жаңа үлгідегі нөмірді міндетті түрде тағатын болады. Ал бағасына келсек, еш өзгерген жоқ. Яғни, 4847 теңге.
– Елорда көшелерінде жаңа нөмірді иеленген қанша көлікті кездестіруге болады?
– Өткен жылдың 26 желтоқсанынан бастап астаналық көлік иелеріне 2000-ға жуық жаңа нөмір берілді.