Бақытымның ордасысың, бостандық!

0 146

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы­на арналған республикалық мүшәйра мәресіне жетті. Марапаттау салтанаты онлайн форматта өтті.

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазылар алқасының мүшесі Несіпбек Айтұлы сөз бастап, жыр бәйгесінің ерекшелігіне айрықша тоқталды.
– Тәуелсіздік мерекесі – барлық мерекенің ең ұлысы! Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жарияланған биылғы респуб­ликалық жыр бәйгесіне тікелей қолдау көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке алғыс айтамыз. Қалалық Мәдениет басқармасының жаңа басшысы, өнер қайраткері, өнер жанашыры Нұрлан Баянғалиұлы Әлімжанов бауырымызға да ризамыз. Бұл мүшәйра – Тәуелсіздік шежіресін, бостандық мұратын асқақтататын аламан жыр бәйгесі. Қазақта «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген аталы сөз бар. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ бостандық бұғауынан мойны босаған отыз жылдық мерейлі мерекесін асқақ шабытпен тойлауға тиіс. Бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?! Осы ұлы мерекенің басты символы – елорданың Арқаға көшуі. Астана күні мен Тәуелсіздік – егіз ұғым, – деді Несіпбек Айтұлы.
Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып: «Осындай ұлы мерекеге арналған аламан жыр бәйгесіне қаламының желі бар 40 жасқа дейінгі жас ақындар қатысты. Тәуелсіздіктің түлектері саналатын жас ақындарға жол ашқан бұл жыр бәйгесінің басты мұраты да осы еді. Тәуелсіздік тақырыбы – өте ұлы тақырып! Мұндай келелі тақырыпты жырлап шығу – жас ақындарға үлкен сын. Соған қарамастан осы ұлы додаға республикамыздың түкпір-түкпірінен 50-ден астам жас ақын өз шығармаларын үлкен үмітпен бәйгеге қосқаны көңілге қуаныш ұялатады» деді.
Қазылар алқасының мүшелері, халық­аралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, «Дарын» мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты, «Әдебиет» порталының қызметкері, жас ақын Арман Шеризат өз ойларымен бөлісті.
Қазылар алқасы мүшәйраға түскен шығармаларды сараптай, саралай келе, төмендегі авторларды жүлделі орындарға лайық деп тапты:
Бас жүлде «Тәуелсіздікпен тілдесу» атты өлең топтамасы үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, талантты ақын Олжас Қасымға, бірінші орын жыр әлеміне таныла қоймаған Ақмола облысы Ерейментау ауданынан шығармаларын жолдаған Дәурен Бақытқажыұлына, екінші екі орын «Мәңгілік ел» өлеңдер топтамасы үшін Алматы облысы Жаркент ауданында тұратын жас ақын Еркін Исаханға және алматылық Құрманғазы Жұмағұлұлына берілді.
Үшінші үш орынды екібастұздық жас ақын Ернұр Қайралапов, астаналық мұғалім Мұқият Қойшыбай және астаналық мектеп оқушысы Арыстай Асылтайұлы иеленді.

Қабиден ҚУАНЫШБАЙ,
қазылар алқасының хатшысы

Бас жүлде

Олжас ҚАСЫМ,
Нұр-Сұлтан қаласы

ТӘУЕЛСІЗДІКПЕН
ТІЛДЕСУ

Керегемді кең жайдырған, еңселім,
Жүрегіңнен жаралғанмын мен сенің!
Сен болмасаң ұғар едім мен қалай,
Кең заман мен тар заманның өлшемін?

Сен келгенде кең далама ту қадап,
Мен де келдім бұл өмірге іңгәлап.
Кіндігімді өзің кестің қолыңмен,
Қасіреттің жолын кесіп мың қабат.

Сыйлап маған рахатын жер-көктің,
Бесігімді өз қолыңмен тербеттің.
Сенен туған бақытты ұлан болған соң,
Еркін ойнап, еркін ойлап ержеттім!

Тарихымның мұң мен зарын толғаған,
Бата берді асқар тауым, кең далам.
Мәңгілік ел мұрагері болайын,
Қолың жайып, сен де бата бер маған?!

Баға жетпес бақытымды сен берген,
Бұл жалғанның байлығына теңгермен.
Сенің рухың ешқашан да сөнген жоқ,
Ғасырлардың жаққан оты сөнгенмен.

Нұрын төгіп тұрса-дағы жарық күн,
Тайғақ кешу, тар кезеңде тарықтың.
Жасадың сен, тілегінде бабамның,
Жасадың сен, жүрегінде халықтың!

Ұлттың жаны сыйғанда бір қауызға,
Жебе болып атылдың сан жауызға.
Байтақ елдің тербеп асыл арманын,
Күңірендің домбырада, қобызда.

Бодандықтың сейілгенше түнегі,
Сені халқым қанша ғасыр тіледі.
Сен келгенде қуаныштан тулады,
Жарылардай әр қазақтың жүрегі!..

Қайта оралды кеткен дәулет, қашқан құт,
Шежіреңді жазам әлі дастан қып.
Елбасы әкеп Сарыарқаға орнатқан,
Бақытымның ордасысың, Бостандық!

Сені армандап өтті қанша жақсылар,
Болашақты уақыт келді топшылар!
Төрде тұрған Көк туыңды күзетіп,
Босағаңда өлсем арман жоқ шығар…

Бірінші орын

Дәурен БАҚЫТҚАЖЫҰЛЫ,
Ақмола облысы Ерейментау қаласы

ЕЛОРДАМ –
АРМАН ОРДАМ

Елордам – арман ордам, асыл ордам,
Жайқалған төңірегің жасыл орман.
Елбасы өзі ектірген осы орманды,
Күтіп тұр құшақ жайып ғасыр алдан.

Көңілі көрмегеннің сыртта жасып,
Көркіңе таңырқайды жұрт қарасып.
Өлшеп тұр ел еңсесі биіктігін,
Бойлаған зәулім үйлер бұлттан асып.

Сәулеттің көрдім сенен қанша түрін,
Жолдарды басып келіп сан шақырым.
Салады Абылайды ел есіне,
Көненің көзіндей боп «Хан шатырың»!

Табылар бір өзіңнен бар керегім,
Оралып сағынғанда сан келемін.
Қуандым өлген бабам тірілгендей,
Көргенде ескерткішін хан Кененің!

Көк байрақ әйгілеп тұр елдігімді,
Ақорда таразылап теңдігімді.
«Бәйтерек» баяндап тұр бақытымды,
Сарыарқа көрсетіп тұр кеңдігімді!

Туымда мәңгі-бақи күн тұрады,
Бұл елден батыр тумай кім туады?
Ерлерім ел бастаған аман болса,
Көктейді, көгереді ұлтым әлі!

Шертеді шежіреңді шын қуана,
Тіл бітіп, сөйлеп кетсе сырлы дала.
Таныттың бар әлемге қазақ атын,
Нұр-Сұлтан атындағы нұрлы қала!

Арман көп алда талай ел аңсаған,
Елорда, асқақтай бер, сенем саған!
Келеді шуағыңа жылынғысы,
Жақындап келген бұлт та саған таман!

Тұрғанда төбемізден Құдай қарап,
Қалар деп көш соңында кім ойламақ?
Жайнай бер дүниенің жанарында,
Киелі күмбезіңді күн аймалап!..

Екінші орын

Еркін ИСАХАН,
Алматы облысы Жаркент қаласы

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ
МӘҢГІЛІК ЕЛОРДАСЫ

Сарыарқа,
Кіндігі көз жетпейтін кең даламның,
Шанағы домбырамның – шер-наламның.
Төсінде тұлпарының ізі қалған,
Кеудесі бұлттан биік ер бабамның.

Самалы жанға дауа тұрған есіп,
Айдыны аруға – айна, ұлға – бесік.
Есілдей ерке өзеннің жағасында,
Келеді күн дидарлы бір қала өсіп.

Жалқы өскен жағалаудың жалбызындай,
Зарығып көрген әрең жалғызымдай.
Басқадан бұл шаһардың бәсі бөлек,
Қадірі күймедегі хан қызындай!

Өткен күн айналғанмен бәрі елеске,
Ел үшін ерлер түскен сан егеске.
«Еділге ел қондырсам» деп толғаған,
Арманын Махамбеттің салады еске.

Нұр-Сұлтан!
Мақтан етер сүйікті елім,
Көл-көсір көкірегіне құйып сенім.
Алаштың әр баласы алшаң басып,
Жүрсін деп Алла берген биік төрім!

Суғарып қаныменен гүл алапты,
Сүйегін шаһиттердің қына басты.
Жаңғырған бабалардың ерлігі бұл,
Салдырған Сарайшық пен Сығанақты.

Нұр-Сұлтан!
Нұрлы қалам жұмақ тектес,
Есілдің жағасынан құрақ кетпес.
Аумайды Арқа жақтан арқар енді,
Көз жасын енді қазақ бұлап көшпес.

Арылтып санамдағы сан күдіктен,
Бойыма бостандығым қан жүгірткен.
Ғұмыры күннен де ұзақ ару қала,
Түбі бір табысарсың мәңгілікпен!

Құрманғазы ЖҰМАҒҰЛ,
Алматы қаласы

ТӘУЕЛСІЗДІК –
БОЗ ЖУСАНЫМ!

Азаттықты ештеңемен өлшемен,
Арым-жаным, көтерілген еңсем ең.
Азат елдің ақжүректі құлымын,
Өзге бақыт сұрамаймын мен сенен.

Өлшемеймін ештеңенің құнымен,
Өлшемеймін айымен де, күнімен.
Өйткені сен бабалардың көз жасы,
Шемен болған жүректегі мұңым ең!

Тоныкөктің аманаты ең тастағы,
Обал едің бейкүнә көз жастағы.
Ғазиз жаны Отан үшін қиылған,
Арман едің дулығалы бастағы.

Самал едің Отүкеннен ескен бір,
Бейіш мекен Көк-Тәңірі шөккен бұл.
Тұмар едің тұншықтырған қанына,
Ел шебіне көз алартса, Ескендір!

О, бостандық, еш нәрсеге теңемен,
Өзің ғана жүректегі өр өлең.
Қазығұртқа құт болып сен келіп ең,
Нұх пайғамбар мінген сол бір кемемен.

Содан бері Ұлы дала – ұлықсың,
Жамалыңды жасқамапты бұлт күн.
Сақ пеннен ғұн, түркіменен түмен боп,
Шаңыраққа шаншылған кеп уықсың.

Алаш болдың алдаспаның ай білеп,
Асан болдың «Жер-Ұйық» деп, қайғы жеп.
Алтай бардың, Еділ бардың ен жайлап,
Тұран дала құшағын кең жайды кеп.

Ұлы Тұран басыңа көп бақ тұнған,
Жағалассаң – жақыныңда жатсынған.
Ерлік дәуір бастан төмен сырғыды,
Ер басына етпеген соң тақ құрбан.

Содан біздің басталған-ды көп қайғы,
Көкіректі қариды енді шоқ қайғы.
Ер Кененің басындай боп домалап,
Ұлы дала еркіндігін жоқтайды.

Бодандықтың қарғыбауын шешем деп,
Жат қолында кетпесін деп есем көп.
Отаным – жер, жерсіз Отан жоқ деген,
Әлихандай бұлқындың сен көсем боп,

Жер жаһанда Отаны жоқ тағдыр көп,
Жанарынан жасы тамған жаңбыр боп.
Тәубе, тәубе, жеттім саған, азаттық,
Маңдайымнан бейіш нұры – таң гүлдеп!

Тұман шөккен өтті заман адасқақ,
Есе-теңдік берді Тәңір Қазаққа ап!
Желтоқсанда мұз астынан көктеген,
Тәуелсіздік боз жусаным, ғажап сәт!

Ұлықтасам мен өзіңді, азат күн,
Саған теңеу болмас бәрі ғажаптың.
Ал азаттық көктен келіп түскен жоқ,
Күрескерлік рухы ол қазақтың!

Үшінші орын

Ернұр ҚАЙРАЛАПОВ,
Екібастұз қаласы

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ
ТАҒЗЫМ

Нұрға толды айналам,
Байтақ далам жайнаған,
Өтті, міне, отыз жыл,
Көркіне көз тоймаған.
Сақ бабаның байрағын,
Сарыарқаға байлағам.
Қанды кегім жүректе,
Ғасыр бойы қайнаған.
Уа, еркіндік, сен үшін,
Бабам жолдан таймаған.
Арманы жоқ халықтың,
Ақордасы асқақтап,
Көк байрағы желбіреп,
Еркіндіктің еңселі,
Отыз жасын тойлаған.

Тәуелсіздік бақ берген,
Астыма алтын тақ берген.
Сара жолды сарабдал,
Елбасымыз сап берген.
Нұр-Сұлтандай қаланы,
Сый қып бізге хақ берген.
Не арман бар халықта,
Азаттыққа тап келген.

Уа, еркіндік – қымбаттым,
Жүрегіммен тіл қаттым.
Басыма бақ сыйладың,
Қызыл тілді жырлаттың.
Мәңгілік ел – сен тұрсаң,
Мен де мәңгі тұрмақпын.
Салмағы ауыр алтыннан,
Басымдағы бұл бақтың.

Уа, құрдасым, азат күн,
Мынау қандай ғажап күн!
Қалың елім, қайран жұрт,
Бәрін көрген тозақтың.
Тәуелсіздік ұлымын,
Еркін өскен қазақпын.

Мұқият ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

ЕРКІНДІККЕ
ҚҰШТАРМЫН

Қанатында қалықтаған құстардың,
Еркіндікке ежелден-ақ құштармын.
Аспан түстес желбіреді туымда –
Бодандықтың бұлтын жарып шыққан күн.

Отыз жылдық ұлы мейрам, о, бұл күн!
Шуағына азаттықтың шомылдым.
Қанша ғасыр азап кешіп бұл жолда,
Қанша мәрте тау мен тасқа соғылдым.

Мүжілмедім, үгілмедім, сынбадым,
Абай болып жүрегімді тыңдадым.
Алшаң басып жеттім саған, азаттық,
Асығындай алшы түсіп құлжаның.

Сарыарқамыз ашып кеңге есігін,
Азаттықтың тербейді алтын бесігін.
Нұрға бөлеп тұр жүректі бүгінде,
Нұрағамның алған қала есімін.

Тұлпар шабыт жан бітіріп қаламға,
Еркін өмір бақ сыйлады маған да.
Кеудесіне сыймай шығып қазақтың,
Димаш болып үні жетті ғаламға.

Бейбітшілік биікке ұшқан ән екен,
Қосыла айтар аяулы ана, жан әкең.
Бар әлемге таныстырған қазақты,
Тәуелсіздік саған ғана тәу етем.

Арыстай АСЫЛТАЙҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласы

ҰЛАН СӨЗІ

Әкем менің – Азаттық,
Шешем менің – Азаттық!
Осы өмірге әкелген,
Мені жаңа қазақ қып!

«Бақытты ұрпақ мен!» дедім,
Бәйтерекке өрледім.
Азат аспан, азат жер,
Көзімді ашып көргенім.

Көңілде жоқ қайғы-мұң,
Жарқырап тұр ай-күнім!
Ақорда мен Көк байрақ,
Асқақтаған айбыным!

Тіршіліктің тірегін,
Бостандық деп білемін!
Еркін аққан өзендей,
Еркін өмір сүремін.

Нұр-Сұлтанда түледім,
Жасай берсін ұлы елім!
«Азатпын!» деп соғады,
«Қазақпын!» деп соғады,
Кеудемдегі жүрегім!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 17 =