БАҚЫТСЫЗДЫҚ

0 132

Біздің бір томпақ сары қызымыз бар. Ұлты қазақ демесең, орыстың мәтрүшке ойыншығынан аумайды. Өзі тентек. Жалғанды жалпағынан басуға жаны құмар. Ол бірдеңені бүлдірмесе, кәдімгідей уайымдайтын болдық. «Ақырзаман жақындап қалды ма?..» деп. Әнеугүні әлек-шәлегі шығып, шеттегі шіркеулердің бірінен қуылғанда, «е, бәсе…» дестік. Біз танитын сары қыз сондай болса керек. Шіркеудегілер оған: «Сен христиан емессің, сондықтан мұнда кіруіңе болмайды. Шық!» деген ғой. Тура осылай айтқан! Бет-әлпеті өздеріне келіңкіреп тұрса да, құлшылығын құптамапты. Бірақ, «Мен қалай шоқыну керектігін білетінімді, тіпті, Иерусалимді тәуап еткенімді және христиандардың ең киелі орындарында болғанымды айттым» дейді біздің тентек. Шоқынғышын қарай гөр! Өз аузымен айтпағанда, мен пақыр ондайға сене қоймаушы едім. Қауға сақал, шолақ балақты көршімнің өзі онысын естігенде, «Сүф! Сүф!» деп жан-жағына үшкіріп әлектенді. Оның да қазір таң қалуға болмайтындай әрекет жасап отырғанына илана салдым.

Егер біздің иманы кәміл елде біреу кісі шошырлық шоу жасап жатса, ерсі қылығымен еріксіз күлдіре берсе, жеке басының шоқынғанын, шомылғанын, шолжыңдағанын көпке жария етпей тұра алмаса… Ол дегенің – БАҚЫТСЫЗДЫҚ қой!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =