«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақыт СҰЛТАНОВ, қала әкімі: Іргедегі кенттер астана мәртебесіне сай болсын

0 87

Елорда әкімдігі жұмысының басты мақсаты – шаһар халқына өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру. Әкімдіктің кеңейтілген отырысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қала маңындағы елді мекендер астана мәртебесіне сай болып, кенттер тұрғындары да барлық игіліктерден шет қалмау керектігін қадап тапсырды.

2010 жылы шеткі аймақтарды 2020 жылға дейінгі орта мер­зімді перспективада дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін еске салған қала басшысы аталмыш құжатты 5 жылға арналған елорданы өрлетудің кешенді жоспарымен сәйкестендіріп, 27 мамырға дейін атқарылған жұмыс бойынша есеп беруді тапсырды.
– Республикалық бюджеттен шеткі аймақтарды дамытуға үш жылдық мерзімге 7,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қомақты қаржы «Көктал-2», «Ильинка», «Өндіріс» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарында төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, екі мектептің, тиісті инфрақұрылымның құрылысына бөлінді. Құрылыс жұмыстарын биыл бастап, келесі жылы аяқ­тауымыз қажет. Барлық қаржы уақытында игерілуі тиіс, – деді Б.Сұлтанов.
Қала басшысының айтуынша, елордаға Ақмола облысына қарасты елді мекендерден 60 мыңға жуық халық келіп, бас қаладағы қызметтерді пайдаланады. Осында жұмыс істеп, білім алады.
– Әрине, бұл жағдай қала тір­шілігіне де салмақ түсіреді. Алайда шаһар экономикасында елді мекендер тұрғындарының да үлесі бар. Сондықтан Ақмола облысындағы әріптестерімізбен бірлесіп, жол құрылысын, кө­лікті дамыту бойынша тиісті бағ­дарламаны бір стандарттармен әзірлеу қажет. Қала маңындағы елді мекендерде жұмыс орындарын құрып, орта білім алу үшін ғана емес, сонымен қатар орта арнайы білім алу, бос уақытты тиімді өткізу үшін жағдай жасалуы керек. Бұл кенттердің бар­лығы астана мәртебесіне сай болсын. Өйткені бұл – астананың дәл іргесіндегі аумақ, – деді әкім.
Осыған байланысты Б.Сұлтанов аудандар әкімдеріне 1 маусымға дейін қала маңындағы елді ме­кен­дер тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру бойынша Ақмола және Қарағанды облыстары билігімен бірлесіп жұмысты үйлестіруді, бірлескен жұмыс топтарын құрып, Жол картасын әзірлеуді, елді мекендерді бірлесе дамытуды тапсырды.
Жиында аудандар әкімдері, бірқатар басқармалардың басшылары қала әкіміне шеткі аймақтарды дамыту бойынша атқарылған, алда атқарылар жұмыстар жайында есеп берді.
Көлік және жол-көлік инфра­құ­ры­лымын дамыту бас­қар­­масының басшысы Асхат Қарағойшиннің айтуынша, осы жылы тұрғын алаптар инфрақұрылымының құры­лысына қала бюджетінен 5,5 млрд теңге бөлінді. Н.Тілендиев даңғылынан оңтүстікке қарай 19 көше салынады. Мұндағы жолдардың жалпы ұзындығы – 7,18 шақырым, инженерлік желілер – 81,8 шақырым. Тиісті жобаға су құбыры, нөсер сулары, электрэнергиясы, сыртқы жарықтандыру желілері кі­ре­ді. Биыл бұл аумақта кабель арнасының құрылысын, көгалдандыру мен көліктердің қатынауын қамтамасыз ететін жұмыстарды аяқтау жоспарланып отыр.
«Көктал-2» тұрғын алабында ұзындығы 19 шақырымды құрайтын жолдың, 267 шақырым инженерлік желілердің құрылысы жоспарланды. Жалпы кентте 41 көше салынбақ. Ал «Көктал-1» кентіндегі 16 көшеде тиісті жұ­мыстар жүргізіледі. Соның ішін­де бес көшеде бұрын бас­талған құрылыс-монтаждау жұмыстарын толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтсақ, Шортанбай ақын, Естай, №5, 6, 7 көшелердегі жұмыстар бітпек.
«Комсомольский» тұрғын алабында көліктердің қатынауына жағдай жасалып, инженерлік желілер салынады. Бұл жұмыстар Е355 көшесінде – Қорғалжын тасжолынан Сарайшық көшесіне дейінгі аралықта жүргізіліп, «Кристалл», «Сенім», «Аристократ», «Нұрлы ұя» тұрғын үй кешендеріне көліктердің жа­қындауын қамтамасыз етеді.
«Интернациональный» тұрғын алабында 2012 жылы басталған жұмыстар жалғасады. Мұнда жолдар салынып, көшелер жарықтандырылып, абаттандырылады, инженерлік желілер іске қосылады.
«Оңтүстік-Шығыс» аумағының сол қапталында 19 көшенің құрылысы қарастырылған. Хантау мен Бурабай көшелерінде нөсер сулары кәрізін салу жос­парланды. Бұл жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезең бойынша 6 көше салынып жатыр. Ал екінші кезең жұмыстарына, яғни 13 көше құрылысына мер­дігер іздестіріліп жатыр. Бүгінгі таңда мердігерді анықтау бойынша конкурс жарияланды. Мұның үстіне жобаны түзету қажеттілігі туындады.
Осы күндері Үкімет резервінен 3,9 млрд теңге қосымша қаржы сұратылды. Бұл қаржы жеті тұрғын алаптағы жалпы ұзын­дығы 31,1 шақырымды құрайтын 87 көше құрылысына жұмсалмақ.
Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов «Ильинка» тұрғын алабынан шығысқа қарай, «Көктал-1», «Көктал-2» кенттеріндегі жолдар мен инженерлік желілердің құрылысы барысын баяндады. Бұған қоса, «Агрогородок», «Железнодорожный», «Өндіріс» тұрғын алаптарын электрэнергия­сымен қамту жағдайымен таныс­тырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды