«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақыт Сұлтанов: Ашықтық – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі

0 151

Астана әкімдігінің кезекті аппараттық жиынында қалада жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын жақсарту бағыттарында қолға алынған шаралар, денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экономика салаларындағы өзекті мәселелер, «ақылды» технологияларды енгізу жайы қаралды.

ӘКІМШІЛІК ШЫҒЫНДАР АЗАЮ КЕРЕК

Бұл жиынның бір ерекшелігі отырыс ашық форматта ұйымдастырылып, бейнежазбасы әкімдіктің ресми сайты арқылы таратылды. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов ашықтық әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі екенін атап өтіп, бұдан былай барлық жиындарды халық әкімдік сайты мен әлеуметтік желілерде көре алатынын жеткізді.
Былтыр тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған «Астана – адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Оның барысымен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Жазира Жылқышиева таныстырды.
Аталмыш агенттік пен қала әкімдігінің бірлескен бұл жобасы Астанадан басталды. Қазір өзге өңірлер де осы үлгіні енгізіп жатыр. Жоба аясында елордада қалалық қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланған еді. Алайда қазір осы жұмыс тоқтап тұр екен. Астана әкімі Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығымен бірлесіп, қалалық қызмет көрсету орталығын ашу жұмыстарын тездетуді тапсырды. Жемқорлықты ауыздықтау үшін басқа да тапсырмаларды берді.
«Білім басқармасы ата-аналардан ақша жинау фактісін болдырмау үшін бағынышты ұйымдардың жұмысына бақылау орнату қажет. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Астана – адалдық алаңы» жобасы шеңберіңде тиісті ұсыныс­тарды әзірлеп, өзіне қарасты ұйымдарға мониторинг жүргізуді қолға алу керек. Басқарма басшыларына бағынышты ұйымдардың алаңдарына және әкімшілік шығындарға оңтайландыру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын» ­деді ­Б.Сұлтанов.
Астана әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Руслан Сегізбаевтің мемлекеттік қызметкерлердің этикасы мен өзін-өзі ұстауы туралы баян­дамасынан соң: «Жұмыс уақыты аяқталған соң, сағат 19.00-де барлық компьютерлер өшірілуі қажет. Қызметкерлер жұмыстан шығып, уақытында үйлеріне барып, демалу керек. Тиісті жұмыстарды бақылауды әкімдіктің аппарат басшысына тапсырамын. Әрине, шаруашылық үлкен болған соң кейде жұмыста қалуға керек болады. Бірақ басқарма басшылары қалса болды, барлық қызметкерді жұмыста ұстаудың қажеті жоқ» деді Астана әкімі.

ҮЛЕСКЕРЛЕР ҮМІТІ ҮЗІЛМЕСІН

Үлескерлік құрылыс түйткілдерін жою бағытында атқарылып отырған жұмыстар жайлы қала басшысының бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы нысандар бойынша ревизия жасалып, «Жол картасы» әзірленді. Қазіргі таңда «Азбука жилья» нысандарына байланысты қажетті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, тиісті мердігер анықталды. Енді онымен құрылысты аяқтау бойынша келісімшарт жасалады.
«Бізде қазір үш проблемалық нысан бар. Осы аптаның аяғына дейін «Аси» компаниясының нысандарына қатысты мәселелерді қарастырамыз. Жалпы, жоспарларымызға ­сәйкес алдағы төрт жылда 35 үйді сүріп, 750 тұрғынды көшіруіміз қажет. Алдын ала жасалған талдау бойынша бізге мың­­ға жуық пәтер керек. Яғни, бұл – 150 тұрғын үй нысаны» ­деді ­­­­С.Хорошун.
Астана әкімі апта ішінде «Аси» компаниясының нысандарына қатысты түйткілді «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп шешуді, «Азбука жилья» нысандарына байланысты 25 қаңтарға дейін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, мемлекеттік сараптаманы алуды тапсырды.
«Проблемалық мәселелердің рейтингінде үлескерлік құрылыс алғашқы орындарының бірін алатынын білесіздер. Тиісті түсіндіру жұмыстарын бақылауға алу қажет. Үлескерлер әр нысан бойынша атқарылатын жұмыстардың мерзімін, бұл қандай жұмыстар екенін білу керек. Әлеуметтік желілерде осы мәселе қызу көтері­ліп жатады. Түйткілдер жағдай­ды түсінбегендіктен туады» деді ­Б.Сұлтанов.

ХАЛЫҚТЫҢ ДӘРІГЕРЛЕРГЕ НЕГЕ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ?

Соңғы бір аптаның ішінде iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына денсаулық сақтау қызметіне байланысты 98 шағым түскен. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 10 пайызға аз. Осылай деп мәлімдеген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тұрғындардың басым көпшілігі емханалардың жұмысына шағымданғанын жеткізді.
«Апта сайын шамамен алғанда 95 мың пациент емханаларға барады. Медицина қызметкерлерінің этикасы мен дәрігерлердің біліктілігіне қатысты шағымдар үлесі 53 пайызды құраған. Емханаларға тіркелу, дәрігерге жазылу және учаскелік дәрігер жұмысына байланысты келіп түскен шағымдар өткен аптамен салыстырғанда 20 пайызға азайған» деді Е. Аманшаев.
Оның айтуынша, шағымдарды тексеру барысында олар расталған. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерімен, емдеуші дәрігерлермен бірге бұл мәселе қаралып, ескертулер жасалды.
Сондай-ақ ­Е.Аманшаев мұз қалашықтары мен сырғанақтарда соңғы аптада демалған халықтың саны 30 мыңға жақындағанын, соның жартысына жуығы, яғни 14 мыңнан аса адам Есіл ауданындағы мұз қалашықтарына баратынын айтты.
Бақыт Сұлтанов «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірге жасалып жатқан жұмыстардың есебін әкімдіктің келесі отырысында беруді, медициналық мекемелерде тазалықты сақтауды қадағалауды, аудандардың әкімдіктеріне мұз қалашықтарында қауіпсіздікті бақылауға алуды, кәсіпкерлер қызметінің сапасын қадағалауды тапсырды.
Нысандарды қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау және мемлекеттік сатып алулар жоспарын орындау барысымен қала басшысының орынбасары Асқар Әмрин таныстырды. Астана әкімі бұл бағыттағы олқылықтарды жою­ға тапсырма берді.

ОҚУЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ

Әкімдікке оқулықтардың жетіспеуі туралы шағым келіп түскен. Оның жайын Астана әкімінің орынбасары Малика Бектұрова түсіндірді. «Шынында да жаңа оқу жылында жаңартылған білім мазмұны бойынша 3,6 және 8 сыныптардың жаңа оқулықтарын сатып алу рәсімі уақытында өткізілген жоқ. Сондықтан оқулықтар кешігіп әкелінді. Қазір бұл мәселе шешілді. Бүгінгі таңда барлық оқулықтар мектептерге берілді» деді ­М.Бектұрова.
Сондай-ақ «Smart City» бойынша 9 жоба өз уақытымен жүзеге асырылып жатқанын айтып, «Сергек» бейнебақылау камераларынан жұмысынан хабар берді.

ҚҰДЫҚТАР АШЫҚ ҚАЛМАСЫН

Астана әкімі бұл тарапта, азық-түлік бағасы өспеу үшін жедел қимылдап, жүйелі жұмыс атқаруды тапсырды. Аудандардың әкімдеріне ашық құдықтар бойынша өзі тапсырған жұмыстардың қорытындысын тыңдады.
«Бүгінгі таңда металды қабылдау пунктері бұрынғыдай жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың 17 күнінің өзінде «109» қызметіне ашық қалған құдықтарға қатысты 91 шағым келіп түскен. Тіпті, соның салдарынан бір адам зардап шекті. Сондықтан бұл мәселені бақылауды ұмытпай, барлық аудандар тиісті жұмыстарды жүргізу қажет. Құдық қақпақтарын, электр кабельдерін, басқа да металды ұрлауға қатысты проблеманы шешуге мүмкіндік беретін шараларды жүзеге асыру үшін қолданыс­тағы заңнамаға тиісті өзгерістерді енгізу бойынша ұсыныстарды беруді тапсырған болатынмын. Бұл Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармаларына қатысты айтылып отыр. Мәселе тағы пысықталмаған. Осы аптада бұл жұмысты пысықтау керек» деген Б. Сұлтанов мәселеге жүрдім-бардым қараған аудандардың әкімдіктері мен басқармаларға соңғы рет ескерту жасады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды