«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бақыт СҰЛТАНОВ: Әлеуметтік мәселелер – басты назарда

0 163

Кеше «Астана» концерт залында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың халыққа есеп беру кездесуі өтті. Дәстүрлі шараны Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин ашты.

БЕС ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАР МЕЖЕСІ

– Елбасының тапсырмасымен Үкімет Астана қаласының дамуына бағытталған бес жылдық кешенді жоспарды әзірлеп, бекітті. Бұл жоспар әлеуметтік-экономикалық мәселелердің жүйелі түрде шешілуін қамтамасыз етеді. Жоспарға сәйкес қаланың әлеуметтік, көлік және инженер­лік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үйлер салу арқылы азаматтардың тұрмыс сапасын көтеру мақсаттары жүзеге аса­ды. Жаңа жұмыс орындары құрылып, ­­қа­­ла маңындағы аймақтар дамиды, – де­­ген ­­­А.Ма­мин ­қазіргі кезде Үкімет әлеуметтік саланы жаңғыртуға және халықтың аз қамтылған тобына жататын адамдарды қолдауға бағытталған кешенді шараларды әзірлеп жатқанын, соның ішінде азаматтардың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту қамтылғанын айтты.

НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕР АЙҚЫН

Сөзінің басында өткен жыл еліміз үшін де, елордамыз үшін де толайым табыс­тарға толы болғанын, былтыр ел болып Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өткенімізді айтқан қала басшысы осы уақыт аралығында елорда әлемдегі әсем қалалардың біріне айналғанын айта кетті. Шаһардың өсіп-өркендеуіне ең алдымен қала тұрғындарының өлшеусіз үлес қосқанын баса айтты.
Білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері шаһар үшін аса маңызды болып отырғанын, мұның арғы жағында халықтың денсаулығы мен білімінің сапасы, руханияты мен мәдениетінің мәні, тұрмысы мен тынысының сәні жатқанын айтқан әкім алдағы міндеттерге тоқталды.
– Бүгінгі таңда біз үшін басты міндет – қаламыздың ішкі тұрмыс-тіршілігін түгендеп, оның әлеуетін асыру және қалыпты өмірін қамтамасыз ету болып саналады. Астанамызда қандай басты өзгерістер орын алады? Негізгі ресурстарды қай бағытқа және не үшін жұмылдырамыз? Сіз бен бізді алаңдатып отырған басты мәселелер қандай? Бүгін сіздермен осы төңіректе пікір алмасып, сауалдарға жауап беремін, – деген Б.Сұлтанов көпшілікті алаңдатып отырған баспана мәселесін шешудің механизмдеріне тоқталды.

КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА БАСПАНА БЕРІЛЕДІ

Әкімнің айтуынша, көпбалалы аналарға пәтерлер жалға беріліп, бірте-бірте сатып алынуына мүмкіндіктер жасалады. Яғни, көпбалалы отбасы ай сайынғы табысын пәтер иесінің қалтасына емес, түбінде меншігіне өтетін өз шаңырағына құяды. Қала басшысы осы іс қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп өтті.
– Қазіргі таңда қаладағы ескі үйлер сүріліп жатыр. Олардың орнына заманауи талапқа сай келетін көпқабатты биік үйлер салынуда. Бұл тұрғын үйлердің айналасында мектептер мен балабақшалар, емханалар мен дәріханалар, халыққа керек басқа да нысандар бой көтереді. Яғни, барлық инфрақұрылымы қамтылады. Сол арқылы көпбалалы аналарды баспанамен ғана қамтып қоймай, бүгінгі күннің талаптарына сай келетін жағдайлармен қамтамасыз етеміз, – деді Астана әкімі.

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛАТЫН ОТБАСЫЛАР САНЫ АРТАДЫ

Бүгіндері қалада тұратын 10 мың көпбалалы отбасыдан атаулы әлеуметтік көмекті 434 отбасы немесе олардың 4 пайызы ғана алады. Бұл жағдай тиісті есептеулерді жүргізу ерекшеліктері себебінен орын алған. Шаһарда тіркеуде тұрған осындай барлық отбасы аталған көмек түрін алу керектігін, тіркеу­де тұрмағандар назарға алынуға тиістігін айтқан Б.Сұлтанов қала әкімдігі бұл мәселені шешуді алдарына басты міндет етіп қойғанын жеткізді.
Бұған қоса, табысы үш күнкөріс деңгейінен аспайтын көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға Астананың жоғары оқу орындарында білім алуға жеке гранттар бөлінетінін, бұған қосымша 25 млн теңге қарастырылғанын айтты.
Қала басшысының айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар да көпбалалы аналарды қолдау бойынша бастамалар көтеріп жатыр. Соның ішінде, оларды оқыту мәселелерімен айналыспақ. Аналардың әлеуметтік жағдайын көтеруіне және жеке тұлға ретінде өсуіне де көмек бермек. Әйелдердің арасында скандинавиялық жүруді таратып, олардың ағзаларын сауықтыратын танымал спорт қылмақ. «Бұл тараптағы кәсіпкерлердің бастамаларын белсенді қолдаймыз» деді Б.­Сұлтанов.
– Адамдарды әлеуметтік қолдау – біздің ең бірінші міндетіміз. Тиісті жұмыстар көпбалалы немесе табысы аз отбасыларға қатысты ғана емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар, тағы басқа осы секілді санаттарға жататын тұрғындарды қамтып жүргізіледі, – деді қала әкімі.

КЕРІ БАЙЛАНЫС КӨП МӘСЕЛЕНІ ШЕШЕДІ

Халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыру мақсатында Астананы дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясы мен қаланы дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу басталғанын айтқан қала басшысы бұл іс нәтижелі болуы үшін билік пен халық арасында кері байланыс орнатудың маңызына тоқталды.
Б.Сұлтановтың сөзінше, жыл басынан бері аудан әкімдері мен қала әкімінің орынбасарлары 33 есептік кездесу өткізді. Кері байланысты күшейту үшін өткен жылы әкімдік жанынан iKomek мониторинг және жедел әрекет ету орталығы құрылғанын айтқан Астана әкімі тұрғындар 109 нөміріне хабарласып, кез келген мәселе бойынша өтініштерін жеткізе алатынына тоқталды. Былтыр аталмыш орталыққа 1 миллионнан астам өтініш келіп түскен. Олардың 100-ге жуық пайызы шешілді.
Қала басшысы аудан әкімдіктері мен қала басқармаларында өткен «Ашық есік» күндеріне келген, iKomek арқылы мәселелерін жеткізген, әлеуметтік желілер арқылы сын айтып жатқан тұрғындарға алғысын айта келе, барлық көтерілген мәселелер өзіне жетіп жатқанын, олар рет-ретімен шешілетінін атап өтті.

 ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ –  БАСЫМДЫҚ

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов өз сөзінде тұрғын үйдің қолжетімділігі әкімдік жұмысының басымдық берілген бағыттарының бірі болып қала беретінін мәлімдеді. Өйткен себебі, халқының саны тез өсіп келе жатқан елорда тұрғындары үшін аса маңызды мәселенің бірі де, бірегейі де – баспана. Әкім Астана еліміз бойынша тұрғын үйлер салудан көш басында келе жатқанын жеткізді. 2018 жылы қалада 23 пәтерлік 2,3 млн шаршы метр (ҚР-дағы үлесі – 19 пайыз, өсім 100,8 пайыз) тұрғын үй салынды. Бір ғана «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1 419 пәтердің құрылысы аяқталды. Бұл – 110 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілгенінің дәлелі.
«Қазіргі таңда көлемі 4,5 мың пәтерді құрайтын 15 тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, 3106 пәтер биыл пайдалануға беріледі. Таратып айтар болсақ, 903 пәтер – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына арналған несиелік тұрғын үйлер, 731 пәтер – жалға берілетін үйлер және 1 472 пәтер – Астана қаласындағы апатты үйлерді бұзу бойынша қанатқақты жобаның аясында пайдалануға берілетін баспана» деп жалғады сөзін Бақыт Тұрлыханұлы. Оның айтуынша, апатты үйлерді бұзу бағытында қыруар іс тындырылды. Бұл жобаның алғашқы кезеңінде 228 апатты үйлер бұзылып, 3,5 мыңға жуық отбасы жаңадан салынған жайлы пәтерлерге қоныс­танған.
Қала басшысы қарапайым тұрғындарға баспана мәселесін шешуге өте қолайлы жағдайлар туғызылып отырғанына жеке тоқталды. «Бүгінге дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша Астана қаласында екінші деңгейдегі банктер 27 млрд теңгенің несие қаражатын мақұлдады. Бұл – 1875 отбасы өз баспанасына қол жеткізеді деген сөз. Бағдарламаның қолжетімділігін одан әрі арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен әлеуметтік көмек есебінде 100 млн теңге бөлдік. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау саласының және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаты ретінде беріледі. Құны 1 млн теңгелік алғашқы 100 жәрдемақшаны 2018 жылдың соңында бердік. Биыл тағы 2000 сертификат беруді жоспарлап отырмыз» деп түсіндірді Б.Сұлтанов.
Астаналықтарды алаңдатып келген түйткілді мәселенің бірі – үлес­керлер мәселесі. Қала әкімі бұл мәселенің қалай шешіліп жатқанын түсіндіріп берді. «Үлестік құрылыс мәселесі қашан толығымен шешіледі дегенге бас қатыратындар көп. Бұл мәселе – тікелей өзімнің бақылауымда. Түйткілді мәселені оң шешу үшін, ведомствоаралық комиссияның аясында біз алданған үлескерлермен тұрақты түрде кездесулер өткіземіз. Бүгінге дейн қолға алынған іс-шаралардың арқасында «сақалды» құрылыстардың саны 68-ден 29-ға дейін қысқарды (10344 үлескер). Біз барлық проблемалық нысандардың құрылысын түпкілікті аяқтау үшін Жол картасын әзірледік» деді әкім.
Әкім Жол картасының нақты экономикалық есеп-қисаптарға негізделіп жасалғанын қадап айтты. Яғни, бұл жердегі әңгіме мемлекеттік бағдарлама және қайтарымды несие жөнінде болып отырғанына тоқталды. Демек, кез келген жекеменшік ұйымнан несие алған сияқты, белгілі бір рәсімдерден өту керек. Мұндай қадам тұрғын үй кешендерінің тиімділігі мен өтімділігін, жұмсалған қаражаттың қайтарымдылығын анықтау үшін қажет. Сол себептен аталған Жол картасын жүзеге асыру мерзімі 2022 жылға дейін белгіленген.
Елордалық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қала басшысы студенттік жатақханалар салу мақсатымен 15 жер учаскесі анықталғанын мәлім етті. Статистикалық мәліметке жүгінсек, қазір Астанада білім алатын 88 мың студенттің 14 мыңы 32 жатақханада тұрады. Жоғары оқу орындарының студенттерінің қосымша қажеттілігі 11 мың орынды құрайды. Айта кетерлік жайт, колледж студенттері үшін жатақхана мәселесі толығымен шешілген. Олар жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа (ай сайын 19 млн теңге) мемлекеттік тапсырыс арқылы хостелдерге орналастырылған. Мұндай қадам жатақханалар құрылысына жұмсалатын шығындарды қысқартуға және дайын инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

 ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ӨМІР СҮРУ САПАСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ КӨРСЕТКІШІ

Бас қалада инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өйткені жыл сайын мыңдаған адам өз жұмысымен елордаға келеді. Әр адам көліктен түсіп, аялдамаға жеткенде, қоғамдық көлікке мінгенде, балабақшаға немесе мектепке барар жолда, қалалық ортаның қаншалықты жайлы, қауіпсіз екеніне көз жеткізеді. Әкімнің айтуынша, «егер елордаға келген әр адамға бір жайсыздық, қолайсыздық сезілсе, ол оның көңіл-күйіне жағымсыз жағынан әсер ететіні сөзсіз». Сол себептен қала басшылығы абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударып, астаналықтардың проблемаларын шешуді бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Бақыт Сұлтанов 20 жыл ішінде Астана айтулы жетістіктерге қол жеткізгеніне тоқталды. Яғни, межелі мерзімде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ғана емес, қала аумағы да тез өсті. Қаланы тиімді басқару үшін 2019-2023 жылдарға арналған Астана қаласының ыңғайлы құрылысын жүргізудің кешенді жоспары қабылданғанын тілге тиек етті. Алайда алдағы 5 жылда елорданың аумағын кеңейтуге емес, керісінше салынған қала ортасын сапалы дамытуға көңіл бөлінетінін мәлім етті. Атап айтқанда, қоғамдық көлік, жол құрылысы, нөсер канализациясы сияқты кезек күттірмейтін жұмыстардың жүйелі, тиімді жүзеге асырылатынына уәде етті.
Қала басшысы азаматтардың тез әрі ыңғайлы жүріп-тұруы үшін тиімді логистикалық тұжырымдама енгізілетінін хабарлады. «Өткен жылы жаңадан ашылған 4 бағытпен қоса біз 11 ескі тізбелерді жетілдірдік, қоғамдық көлік қозғалысының ара қашықтығын 30 пайызға қысқарттық. Елорда «шеткі аумағы жоқ қала» қағидатымен дамуда. Жуырда тағы 80 газбен жүретін автобус сатып аламыз, қанатқақты жоба аясында электробус іске қосылды» деді ол. Бақыт Тұрлыханұлы жылы аялдамалар саны (өткен жылы орнатылғаны – 74) артатынын жеткізді. Айтпақшы, қоғамдық көлікте көлік картасының енгізілуі көлеңкелі айналымдағы қаражаттың 30 пайызын жарыққа шығарған, қазір жолуашылардың 96 пайызы осы карталарды пайдаланады. Әкім карталарды толтыруға қатысты мәселенің оң шешілгенін айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Аян ӘБДУӘЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды