Бақылау күшейді, ахуал тұрақталды

0 33

Өзге өңірлермен салыстыр­ғанда, елордадағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тез тұрақталды. Қала басшылығының оң, жедел іс-әрекеттерінің нәтижесінде індетке шалдыққан 8 619 адамның 5 511-і, яғни, 62,3 пайызы сауығып шықты. Жуырда Үкімет отырысында бас қаладағы ахуалдың жақсара бастағанын баяндаған әкім Алтай Көлгінов алапат аурумен күрестің егжей-тегжейін түсіндіріп берді.

Бүгінге дейін індет жұқтырғандар саны 8619 адам болса, соның ішінде 5 511-і немесе 62,3 пайызы сауығып шыққан. Өкінішке қарай, 212 адам көм жұмды. Қазіргі кезде 2 262 адам стационарларда ем-дом қабылдау­да. Жағымды жаңалықтың бірі, ауыр халдегі науқастардың саны 30 пайызға (барлығы 145 адам) азайды.

Томографтар тәулік бойы тексереді

Қала басшысы «ауруханаларда науқастарға орын жоқ» деген сауалға ашық жауап берді. Нұр-Сұлтандағы инфекциялық және провизорлық стационарлардың саны 3-тен 16-ға дейін, яғни, 3911 төсек-­орынға артқан. Резервте 1 мыңға жуық орын бар. «Егер карантин басталған кезде күніне 300 тест жасайтын 1 ғана зертхана болса, қазіргі кезде жобалық мүмкіндігі күніне 5 мыңға жуық тест жасайтын 9 зертхана жұмыс істейді. Жалпы осы уақытқа дейін 270 мыңға жуық ПЦР-тест жасалды» деп мәлімдеді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімдігі науқас­тарға қосымша 300 оттегі концентраторын, 150 флуо­метр сатып алған. Бұдан бөлек, шілде айының соңына дейін: 500 арнайы жабдықталған кереуеттер, 100 жасанды өкпе желдеткіші, 264 оттегі концентраторы, 350 бірлік флуометр сатып алынып, қосымша 3 оттегі резервуары орнатылады. Сондай-ақ 100 мың дана жеке қорғану заттары, 2 компьютерлік томограф пайдалануға беріледі. Ресми ақпарат бойынша, қаладағы 17 медициналық ұйымдарда компьютерлік томографтар мен рентген аппараттар бар. Маусым-шілде айларында 20 мыңнан астам адам тексеруден өтіпті. 21 шілдеден бастап компьютерлік томографтар арқылы елорда тұрғындарын тәулік бойы тексеру жүргізілуде.Маман тапшылығы болмайды

Індетпен күресуде нау­қастарға дер кезінде көмек беретін жедел жәрдем мен білікті дәрігерлерге деген сұраныс артқаны мәлім. Осы орайда жедел жәрдем станциясының базасында науқастардың ағынан біркелкі бөлу үшін Ахуалдық орталық құрылды. Бүгінге дейін 923 адам осы орталықтың көмегіне жүгініп, соның ішінде 622-і ауруханаға жатқызылса, 301-і амбулаториялық емдеуге жіберілген. Ал қатаң карантин кезінде жедел жәрдем бригадаларының саны 110-нан 160-қа дейін көбейді. Алтай Көлгінов елордадағы колледждерден 275 маман емханаларға жұмысқа орналасқанын айтты. «Нау­қастармен жұмыс істеуге Медициналық университеттен 300 студент жұмылдырылды. Олардың 71-і жұмысқа кірісті. Жалпы алғанда, оқу орындарынан 500-ден астам жас медициналық мамандар тарттық. Оларға елордалық дәрігерлермен бірдей еңбек және демалыс жағдайы қарастырылған» деп түсіндірді қала басшысы.

Індеттен сауыққандар саны 2 есеге артты

Індетпен күрестегі басты ұстаным – жеделдік. Осы мақсатта қала басшылығы жеке колл-орталық пен Дамумед мобильді қосымшасын іске қосты. Мәселен, қазір кез келген тұрғын қаладағы 31 емханадан онлайн-кеңес алуға мүмкіндігі бар. Бұған қоса, қосымша Telegram-Bot@ns103bot-тың қызметін пайдаланып, жедел жәрдем көлігіне өтініш беруге болады. Бұл жерге тәулігіне орташа есеппен 150-200 өтініш келіп түседі. Індетке және онымен күресу бағытында жүргізілетін жұмыстарға қатысты барлық ресми ақпарат covid19.astana.kz порталында орналастырылады. Қазіргі кезде сайтты қолданушылар саны 20 мыңнан асты.
Елорда әкімінің айтуынша, карантин енгізілгеннен кезден бастап індет бойынша ахуалдың салыстыр­малы тұрғыда тұрақтана бастағаны байқалуда. «Мысалға, жедел жәрдем көмегіне жүгінушілер саны тәулігіне 4300-ден 2000-ға дейін азайды. Екіншіден, шақырулар саны тәулігіне 3000-нан 1400-ге дейін төмендеді. COVID-19-бен байланысы бар шақырулар саны бойынша тәулігіне 500-ден 175-ке дейін кеміді. Бұған қоса, стационарлардың жүктемесі 99 пайыздан 57 пайыз­ға дейін қысқарып, стационардағы індет жұқтырғаны расталған емдеуге жатқызылғандардың саны 32 пайызға төмендеді. Сондай-ақ ауруханаға жатқызылған науқастардың саны 2 есеге азайғаны байқалады және ол шамамен 200-250 адамды құрайды, ал сауы­ғып шыққандар саны 2 есеге (400-ге жуық адамды құрайды) артты» деді
А.Көлгінов.Дәрі-дәрмектен тапшылық туындамайды

Қазіргі кезде елордадағы ауруханаларда пневмония­мен ауырған 903 (1348 болған) адам ем-дом алуда. Карантин басталған кезден бері бас қалада пневмония­дан емделушілер саны 33 пайызға азайды. Сонымен қатар, пневмонияның анық­­талуы 35 пайызға артты, бұл науқастарды амбула­тория­лық кезеңде емдеуге және стационарларға жүктемені азайтуға көмектескен.
Алтай Көлгінов елордадағы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бағытындағы Үкіметтің қолдауымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарылған нақты шараларды тілге тиек етті. Әкімдік дә­рі­ханалық желілердің дис­трибьютерлеріне логистика, дәрі-дәрмектерді сатып алу және қалаға жеткізу рәсімдерін жеңілдетуге қолдау көрсетуде. Сондай-ақ дистрибьютерлерге дәрілерді сатып алу үшін айналымға қаражат бөлінеді.
«12 шілдеден бастап елордаға Түркия, Ресей, Үндістан және басқа да елдерден сұранысқа ие фармакологиялық топтарға кіретін (вирусқа қарсы, антибактериалды терапия, антикоагулянттар) 80 тоннадан астам медициналық препараттардың 2 миллион қаптамасы жеткізілді. 21-22 шілдеде қажетті дәрі-дәрмектер тиелген Ресейден 2 борт және Белоруссиядан 1 борт келеді. Дәрі-дәрмектер дәріханалардың ірі желілеріне теңдей бөлініп жеткізілді (Феникс, Гиппократ, Цветная, Максим Фарм, жеке, Медилаб, Салауат, А-Фарма). Бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі» деп түсіндірді қала басшысы. Сондай-ақ стационарларда дәрі-дәрмектердің артық қоры (10 күнге жететін вирусқа қарсы препараттар; 20 күнге жететін антибиотиктер; 10 күнге жететін дене қызуын түсіретін препараттар; 10 күнге жететін антикоагулянттар) бары айтылды. «СК-Фармация» ЖШС бір айлық қажеттілікті қамтамасыз етеді.

Алаяқтар жазаға тартылады

Әлеуметтік желілерде орналастырылған хабарландыруларға мониторинг жүргізу нәтижелері бо­йынша жеке тұлғалардың дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды заңсыз қайта сатуының 41 фактісі және дәріханаларда дәрілік препараттарды жоғары бағамен (ДЭР-14, ДП-8), сондай-ақ Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік препараттарды сатудың 22 фактісі анықталды.
Барлығы айналымнан жалпы сомасы 18 млн теңгеден астам дәрілік және өзге де медициналық құралдардың 5 мыңға жуық қаптамасы тәркіленді. Сонымен қатар, арнайы құрылған мобильді топтар карантиндік тәртіптің сақталуына мониторинг жүргізуді жалғастыруда. 5 шілдеден бастап 170 құқық бұзушылық анықталды, олардың барлығына заңға сәйкес шаралар қабылдануда. Полиция еріктілермен бірлесіп парктерде және басқа да қоғамдық орындарда рейдтер жүргізіп, маскалар таратуда және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − one =