Бақылау бекеттері тас-түйін

0 34

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров бастаған бір топ депутат төтенше жағдай режимі кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз етуге арналған бақылау бекеттері жұмысымен танысты. Халық қалаулылары соның бірінде ұйымдас­тырылған Nur Otan партиясы қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысына қатысты.Елордада жеті бақылау бекеті орнатылған. Олар Қосшы, Талапкер, Қоянды, Жібек жолы ауылдары, Шығыс Ильинка тұрғын алабы, Шұбар кенті маңайында, елордаға кіру және шығу жолдары бойында жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, Екатеринбург – Алматы, Нұр-Сұлтан – Петропавл, Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті, Нұр-Сұлтан – Қорғалжын, Нұр-Сұлтан – Киевка – Теміртау тасжолдарын бойлай орналастырылған.
Бақылау бекеттерінде әртүрлі деңгейдегі әкімдіктердің қызметкерлері, медицина мамандары, полицейлер, әскери қызметкерлер тәулік бойы өз қызметтерін атқаруда. Соның ішінде Ұлттық ұлан сарбаздары да бар.
Депутаттар бақылау бекеттерінде техникалық жабдықталуымен, тамақтандыруды ұйымдастыру, керек құралдармен қамтамасыз ету жайларымен, осы сияқты басқа да жұмыстармен танысты. Келіп түскен өтініштерді қарап, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан олардың шешілу деңгейіне қанықты.
Бекеттердің қызметкерлеріне антисептик, беттұмша сияқты қорғаныс құралдары таратылды. Бұл құралдармен қамту Nur Otan партиясы қалалық филиалы желісі арқылы жүргізілді.
– Бақылау бекеттері қызметкерлері төтенше жағдай кезінде алдыңғы шептен көрінуде. Мұндағы жұмыс қарқынды екенін көріп отырмыз. Мұндағы жұмысшылар қауіпті індет таралмауы үшін бар күшін салып жатыр. Оларға айтар алғысым шексіз. Алайда жұмысты одан әрі күшейту қажет, – дейді қалалық мәслихат депутаты, Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − fifteen =