Бақпаса бала кетеді…

0 31

Елорда полицейлері кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыс­тың алдын алу мақсатында тұрақты түрде тексеріс жүргізіп тұрады.

Тәртіп сақшылары Қабанбай батыр көшесінде карантин ережесін бұзып, түнде жұмыс істеп жатқан «CYBER STRONG» компьютер клубын тексерген кезде клубта отыр­ғандар арасында кәмелет жасына толмағандар болған. Түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде болғаны, заңды өкілдерінсіз жүргені үшін жасөспірімдердің ата-анасы ҚР ӘҚБтК-тің 442-бабы 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Госман ­Жакин кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар саны 37% артқанын айтты. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың өсу статистикасына жасөспірімдер тобының интернет-алаяқтық әрекеттерді бірнеше рет жасауы әсер еткен. «Алаяқтықтың 62 фактісінің 60-ы ҚР Қылмыс­тық кодексінің 190-бабында көзделген, яғни 2017 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде үш адамнан құралған жасөспірімдер тобы жасаған әрекеттер. Осы қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу 2020 жылы аяқталғандықтан, олар туралы мәліметтер ағымдағы жылдың статистикасына енгізілді. Кәмелетке толмағандардың алкогольді тұтынуының профилактикалық жұмыстары жалғасуда. 2020 жылдың 6 айында 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь сатудың 21 фактісі анықталды. 2020 жылы ІІО-да тіркелген 176 кәмелетке толмағанның 29-ы алкогольдік ішімдік ішкені үшін есепке алынған» деді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы. Бұған қаладағы мектеп инспекторларының жетіспеуі (17 инспектор жетіспейді), профилактика мәселелерде ведомствоаралық ынтымақтастық әлі де тиісті деңгейде қалыптаспағанның әсері бары анық. Сондай-ақ букмекерлік кеңселерге қатыс­ты ережені де күшейту керек.
Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздықтың және панасыздықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім-Құқық-қауіпсіздік» жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Осы жылы кәмелетке толмағандар түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде қараусыз жүргені үшін 45 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды (Әкімшілік кодекстің 442-бабы). Полицияда есепте тұрған 6 мың жасөспіріммен, сондай-ақ 8 мың қолайсыз отбасымен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі (оларда 11 мыңнан астам бала тәрбиеленеді). Жасөспірімдерді ойын-сауық мекемелеріне түнгі уақытта қабылдаған 550 кәсіпкерге әкімшілік шаралар қолданылды. Бүгінгі күні ішкі істер органдарында 1450 кәмелетке толмағандар «қараусыз қалғандар» санатында тіркелген. Қараусыз қалған балалар анықталған кезде ювеналды полиция қызметкерлері оларды полицияға апарады, олардың жеке басын, ата-аналарын немесе заңды өкілдерін анықтау бойынша шаралар қабылдайды, сондай-ақ қараусыз қалуға себептер мен жағдайларды анықтайды. 3 сағаттан кейін егер кәмелетке толмағандарды оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне беру мүмкін болмаса, оларды бейімдеу орталығына жеткізеді. Осы жылдың басынан бері полиция қызметкерлері 2425 жасөспірімді орталыққа жеткізді. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға балалар құқығын бұзу фактілері бойынша ювеналды полицияның 4 мыңнан астам материалы жіберілді. Жалпы, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі міндеттерін орындамағаны үшін шамамен 3,5 мың ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған (Әкімшілік кодекстің 127-бабы) және 400-ден астамы ата-ана құқығынан айырылған. Бұл көптеген ата-ананың өз міндетіне мүлдем жауапсыз қарайтындығын көрсетеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − 5 =