– Бақ, қайда барасың? – Қазақстанға!

0 348

Қазақта «Адам басына бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі» деген қанатты сөз бар. Біздің бабаларымыз да көзден бұлбұл ұшқан сол шіркіннің бір-ақ күнде орнын сипап қалса керек, «арасынан жік шығып, қос құлағы тік шығып», берекесі кетіп, бодандық деген қамытқа қалай бас сұққандарын білмей де қалып еді-ау. Әйтпесе, арғы Түркі қағандығын айтпағанда, бергі Қазақ хандығының өзі жағалассыз жауға берілмейтін жауынгер ел еді ғой. Расында, жыл санауы басталғалы (оған дейін де) Тұр тайпаларының тоз-тозын шығарып, түркі тектес жүрегі түкті жұртты ашық майданда тізе бүктіріп, жаулап алған ел бар ма?! 

Жоқ. Біздің жігерімізді құм қып келе жатқан, талай рет елдігіміздің шаңырағын шайқаған жалғыз нәрсе – алауыздығымыз бен берекесіздігіміз. Осының зардабын тартып, қырық пышақ болған еліне сонау Білге қаған: «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады», – деген екен. Айтқаны айнымай келгеніне тарих куә. Қағанат құрам деп қасап көрген қанды жол үстінде: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ», – деп тақта тасқа кертіп жазған есіл ер тағы сол. Күлтегін бабамыз болса: «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп», – болатынын өсиет етіпті. Беріде үш ғасырға жуық отар ел болып, берекесіздіктің заһарын ішіп, жаны жүдеген ұлтымыздың осындай халге түсуінің себебін ұлт көсемі Әлихан да «…қазақта бірліктің жоқтығынан» көреді. Осы күйімізге күйінген Міржақып та: «бірлік жоқ алауыз біз халықпыз ғой, қатардан сол себепті қалыппыз ғой», – деп күңіренеді. Күңіренген былай тұрсын, біздің ұлт ретінде жер бетінен жойылып кете жаздағанымыз да өтірік емес. Соны ескерсек, «қазаққа Тәңірі тамаша сый жасаған, ол – Тәуелсіздік!» деген сөзге келіспеске лажың жоқ.

Нақақтан қырылған бейкүнә халықтың көз жасына көрінген шығар, Кеңес дейтін империяның быт-шыты шығып, «тұрымтай тұсына, құрқылтай құтына» кетті. «Өз күніңді өзің көр» дейтін мүмкіндік елдік тұрғыдан әркімге беріле бермейтінін тарихтан білесіздер. Ендеше, «Мәңгілік ел» дейтін мұратымызға жету үшін бүгінгі Қазақстанды мекендеп отырған 130-дан астам ұлт өкілдері арасында тек татулық пен келісім патшалық құруы керек. Жүз-жүзге, ру-руға бөлініп жүрген өз қандастарымызға да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, Бірлік туын биіктен желбірету – парыз. Осы арада ғалым Серікбол Қондыбайдың: «Ру – қандас туыстардан тұрғанымен экономикалық қажеттілікке бағынышты болды. Мал бағу үшін белгілі көлемде (шөбінің құнарлығы мен жеткіліктілігіне сай) жайылым керек, сол жайылымдағы мал мен ру мүшелерін асырау үшін адам саны да шектеулі болуы тиіс. Дәстүрлі қазақ ауылы негізінен 20-50 жанұядан тұрды. Одан арта бастағанда әлгі ру кіші руға бөлінуі керек, яғни қазақ тілмен айтсақ, балалар енші алып, басқа жерден жайылым алып, жаңа ауыл құруы тиіс. Қазақта рулардың төрт-бес атадан кейін тармақталуы осыған байланысты», – дейтін ғылыми анықтамасын айта кеткен жөн. Сонда бүгінгі рушылдық қандай рушылдық? «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дейді қазақ. Сонда біздің жүзшілдік не жүзшілдік? Осы дертті қоғам ағзасынан сылып алып тастау арқылы ғана біз айтып отырған биікті бағындырмақпыз.

Алда «Бірлік күні» келе жатыр. Басқа басқа, Бірлік дегенде біздің бей-жай қалуымыз бекер. Жаңа Қазақстан әлем санасар ел болып қалыптасып келе жатқанда бұл күн ерекше дәріптелуі ләзім. Әрі әрбір ел азаматы татулықтың қадірін шын жүрегімен ұғынуы керек. Сонда осы түскен даңғыл жол түбі бізді берекесі тасып, мейманасы асқан бай да қуатты елдердің қатарына қосады. Міне, сол кезде: «Бақ, қайда барасың?», – десе: – «Қазақстанға!», – дейтіндей ақжарылқап күн туады. Лайым, соған жеткізсін!

Ербол ЖАНАТ,
e.zhanat@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − four =