БАҚ пен билікті байланыстырушы

0 106

Астана қаласының «Қазмедиа орталығы» ғимаратында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің кезекті есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Онда Клуб тарапынан атқарылған жұмыстар туралы  қоғамдық бірлестік президенті Кенжеболат Жолдыбайдың есебі тыңдалып, басқарманың жаңа құрамы сайланды.  

2007 жылдың күзінен жұмы­сын бастаған «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі бүгінде аузы дуа­лы, сөзі уәлі, 222 аймақтық және рес­пуб­­ликалық БАҚ басшыларын бірік­тір­ген, еліміздің 7 өңірінде аймақтық бө­лімшесі бар іргелі ұйымға айналып, қо­ғамда шы­ғармашылық ахуалды нығай­туға, масс-медиа арасында тиімді қарым-қаты­нас пен өзара құрметтеу ауа­нын ор­нықтыруға, ақпараттық нарық­ты өрбі­туге, ұлтаралық келісім мен қалып­тылықты сақтауға күш салып келеді.

Бұл ұйымға соңғы бір жылда жетек­шілік еткен Клубтың жаңа басқарма құрамы қалыптасқан үрдісті одан әрі дамыта отырып, нақты іс-шараларды атқарды. Клуб журналистерге және журналистикаға қатысты өзекті мәселелерді шешуге атсалысты, сөз бостандығына, адам құқығына байланысты барлық іс-шараларға белсенді түрде араласты.

Ең бастысы, тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі қабылданды. Клуб бұл игілікті іске белсене араласып қана қоймай, оны қолдау мақсатында ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі ресми өкілі Дунья Миятовичпен келіссөздер жүргізіп, Қазақ агротехникалық университеті студенттерінің күшімен флэш-моб ұйымдастырды, ал өзі бас офисі АҚШ-та орналасқан Медиалық этика халықаралық орталығына әріптес ретінде қабылданды.

Бас редакторлар клубының есеп беру-сайлау конференциясында оның президенті Кенжеболат Жолдыбайдың өкілеттілігі келер жылға дейін ұзартылып, вице-президенттері болып белгілі журналистер, республикалық БАҚ басшылары Ш.Сыздықова, М.Тоқтағазин, Б.Жексенбай, В.Салахов, Қ.Жаңаханов, тексеру комиссиясының төрағасы болып Т.Чернега бірауыздан сайланды.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =