БАҚ Лига – журналистер жарысы

0 14

Журналистер көпшілік үшін қолында қаламы мен микрофонын ұстаған мамандар ғана болып көрінетіні анық. Ал шын мәнінде сол журналистер жан-жақты болатынын, өнер мен спортқа да ерекше қабілетті екенін ескере қоймайды. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған БАҚ Лига чемпионаты осы сөзіміздің дәлелі десек қателеспейміз.БАҚ Лига чемпионаты – шағын футболдан бұқаралық ақпарат құралдары командалары арасындағы жарыс осыдан үш жыл бұрын басталған еді. Журналист Әзиз Жұмаділдің игілікті идеясымен жүзеге асқан чемпионат бүгінгі таңда кәсіби деңгейге көтеріліп отыр. Жылына екі рет, қысқы және жазғы маусымдық турнирлер өткізіледі. Чемпионат 8 командадан «А» және «В» лигасы бойынша ұйымдас­тырылады. Күшті командалар «А» тобында ойнаса, «В» тобын күштілердің қатарынан шығып қалған және жаңадан қосылған ұжымдар толықтырады. Командалардың тіркелуі, төрешілік, тәртіптік ережелер жүйелі және қатаң ескеріледі.
Ең бастысы, БАҚ Лига дәстүрлі, әр жексенбі сайын журналистердің басын қосатын тартысты да қызықты бәсекеге айналды.

ЖЕТІНШІ ЧЕМПИОНАТҚА «ELORDA AQPARAT» ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

БАҚ Лигаға бұқаралық ақпарат құралдарының, атап айтқанда, газет-журнал және телерадио мекемелерінің басшылықтары да мықтап көңіл аудара бастағаны қуантады. Мәселен, өткен жазғы чемпионатқа ел газеті «Егемен Қазақстан» қолдау білдірсе, биыл бұл үрдісті «Elorda Aqparat» компаниясы жалғастырып, журналистер жарысын «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, үздік ойын­шыларға сыйлықтар таға­йындады.
Ал жазғы чемпионатты «Хабар» агенттігі өздерінің 25 жылдығына орайластырып өткізбекші.«ХАБАР» ЖЕТІ РЕТ ҚАТАРЫНАН ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ

Ал енді күні кеше мәресіне жеткен БАҚ Лига чемпионатының күштілер тобында, яғни «А» лигасында жанкүйер күткендей өзгеріс бола қоймады. Әрине, тартысты да қызықты ойындарды көрдік. Бірақ маусым басында көпшілікті ойландыр­ған «Тағы да «Хабар» чемпион бола ма, әлде оларды тоқ­тататын мықты табыла ма?» деген сауалды шілдеде басталатын жазғы жарыстың алдында тағы қайталайтын болдық. Дегенмен «Қазақ радиолары» командасы бұл жолы ерледі. Финалға дейін «Хабарды» қыспаққа алып келді. Егер «радиолықтар» соңғы турдың алдындағы ойында жеңіске жеткенде, чемпион да болып кетер еді, алайда олар «Спорт 59» командасымен тең ойнап қалды. Сол жоғалтқан екі ұпай шешуші ойында жетпей қалды, өйткені «Хабар» мен «Қазақ радиолары» арасындағы соңғы шешуші «жан алып, жан беріскен» ойын 3:3 есебімен аяқталды. Жетінші рет чемпион болу үшін «Хабарға» осы көрсеткіш те жетіп артылды.
Сонымен, «А» лигасында «Хабар» – жеңімпаз, «Қазақ радиолары» – күміс жүлдегер, «Астана ТВ» командасы қола медаль еншіледі. «Қазмедиа» – төртінші, «Егемен Қазақстан» – бесінші, «Спорт 59» – алтыншы, «Kazahnews.kz» – жетінші, «Nat Geo Qazaqstan» сегізінші орыннан көрінді.
Лиганың «Үздік ойыншысы» болып Әлішер Келгенбай («Хабар») танылды.

КЕЛДІ! КӨРДІ! ЖЕҢДІ!

Биылғы чемпионаттың үлкен жаңалығы сол, «В» лигасына мықты команда қосылды. ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпарат және коммуникация департаментінің баспасөз қызметі командасы шын мәнінде күшті ұжым екендерін көрсетті. «Әскерилер» чем­пионат барысында бірде-бір ойында ұтылған жоқ. Бұған дейін БАҚ Лига чемпионатының «В» лигасында чемпион болған, «А» лигасында күміс пен қола жүлдегер атанған «Elorda Aqparat» командасына да дес бермеді. Түптеп айтқанда, «ДИК МО» бірінші жарысқа келіп, көріп, жеңіп кетті. Ал екінші орын үшін күрескен «Elorda Aqparat» командасы мен «Хабар 24» соңғы ойында өзара мықтыны анықтады. Бұл ойында «елордалықтар» 7:2 есебімен жеңіске жетіп, күміс жүлдегер атанды. Ал «Qazsport» – төртінші, «Q.sport kz» – бесінші, «Мазмұндама» – алтыншы, «Aiqyn + Литер» – жетінші, «Қаламгер» сегізінші орынға тұрақтады.
Лиганың «Үздік ойыншысы»  болып Алмас Зиятов («ДИК МО») танылды.
Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін атақты футболшы, Қазақстан ұлттық құрамасының және «Астана» футбол командасының экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов пен «Elorda Aqparat» компаниясының директоры Жарқын Жұмаділов марапаттады.
Сонымен, үш айға жал­ғасқан БАҚ Лига чемпионатының қысқы маусымы да мәресіне жетті. Енді жазғы жарысты күтеміз. Ең бастысы, журналистер бәсекесі жалғаса берсін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды