Банктерде қандай жеңілдік қарастырылған?

Керек кеңес

0 133

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде екінші деңгейлі банктер несиелік демалыстар қарастыруды тапсырды. Осыны ескерген банк басшылары төтенше жағдай кезінде кредит бойынша қарыз сомасын төлеуді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.Бұл банк алдында берешегі бар азаматтарға бәріне бірдей қаралмайды. Акция аясында қандай клиенттер қамтылып, кімдер қалыс қалатынын банктің өзі шешеді. Айта кетейік, бұл шара 2020 жылдың 16 наурызына де­йін банктер және т. б. кредиттік ұйымдар (микроқаржы, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар, онлайн-кредит беру компаниясы, банк операциясының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын басқа да ұйым­дар) берген барлық қарыздарға қолданылады. «Жұмысты, бизнесті, кредитті уайымдамаңыздар. Мемлекет ешкімді тастамайды, көмектеседі». Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осылай елді сабырға шақырды. Әрі салықтық тексерушілер және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді қарау тоқтатылып, салық декларациясын тапсыру мерзімі 30 наурыздан 30 сәуірге дейін ұзартылатынын жеткізді.

Борышкерлер қарызын уақытша тоқтата тұруы үшін не істеуі керек?

Қарыз алушылардан банк оларды растайтын құжаттарды ұсынуды талап етпейді. Яғни қарыз алушының қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды ұсыну талап етілмейді. Несие ұйымы он жұмыс күні ішінде қарыз алушының өтінішін қарайды, кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды және қарыз алушыға он жұмыс күні ішінде қолжетімді тәсілдермен хабарлайды. Егер қарыз алушының қаржылық жағдайы іс жүзінде нашарламағаны анықталса, кредиттік ұйым кейінге қалдырудан бас тартуға құқылы.
Ал борышкерлер қарызын төлей алмайтын жағдайда болса, онда 16 нау­рыздан 15 маусымға дейінгі кезеңде кредиттік ұйымға олардың қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын өтініш пен құжаттарды жолдауы қажет. Кейінге қалдыру қарыз немесе кепіл шартына қосымша келісімдерге қол қою­сыз берілетін болады. Кредиттік ұйым кейінге қалдыру туралы өтінішті қарау және қолданыстағы шарттарға өзгерістер енгізу үшін комиссия төлеу­ді талап етпейді. Қарызды кейінге қалдыруға қатысты кредиттік ұйымға арыз беру үшін қарыз алушыларға қашықтықтан байланысу арналарын пайдалану қажет. Мәселен, электрондық пошта, «банк-клиент» онлайн-жү­йесі, интернет-ресурс (вебсайт), мобильді қосымша және басқа да байланыс құралының көмегіне жүгінуге болады. Бір қызығы, мұндай заң Италияда енгізілді. Онда ипотекалық төлемдер тоқтатылды. Ал Польшада ел президенті банктерді азаматтар мен фирмалардың несиелерін өтеуді тоқтатуға шақырды.
Әрине, бұл турасында әр банктің өзіндік талабы бар. Осыған байланысты екінші деңгейлі банктердің талап-мүддесіне жеке-жеке тоқтала кетсек.

 

 «Halyk bank» 16 наурыз – 15 маусым аралығында төленбеген төлемдер бойынша айыппұл мен өсімпұл қоспайды. Кредит бойынша төлемді кейінге қалдыру өтінімі 1 ай көлемінде қабылданады. Банк төленбеген айдың сомасын несие мерзімін бір айға созу арқылы соңынан өндіріп алады. Акцияны 16 сәуірден кейін де созу мүмкіндігі қарастырылуда. Кредит төлемін кейінге қалдыру бойынша өтінім банк сайты арқылы онлайн түрде қабылданады. Өтінім 10 жұмыс күнінде қаралып, нәтиже SMS хабарлама арқылы беріледі немесе банк қызметкері қоңырау шалып айтады. Кейінге қалдыру кезінде банкпен қосымша келісім жасалады. Оны сайт арқылы жеке кабинеттен немесе мобильдік қосымшадан көруге болады. Мұнда да клиенттің банк алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек. Болған жағдайда клиент акцияға қатыса алмайды. Мерзімі кешіктірілген кредит бойынша 16 наурызға дейінгі есептелген өсімпұлдар еш өзгеріссіз қалады. Ал 16 наурыз бен 15 маусым аралығында өсімпұл автоматты түрде тоқтатылады. Қосымша сұрақтар бойынша 7111 нөміріне хабарласуға болады.«Kaspi» банктегі науқан ақшалай, тауар түріндегі несиелер, автонесие, бөліп төлеу, кредиттік карта мен Kaspi Red қызметіне қатысты, сондай-ақ барлық несиелер бойынша қолданылады.
Төлем кейінге қалдырылған 3 айда қарыз сомасына айыппұл мен өсімпұл қосылмайды. Тек несие мерзімі 3 айға ұзарады. Аталған мерзімде жаңа несие берілмейді.
Төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін ешқайда шықпастан Kaspi.kz мобильдік қосымшасы арқылы іске асыруға болады. Өтініштерді қабылдау 2 сәуірден басталмақ. Кейінге қалдыру автоматты түрде жүзеге аспайды. Ол үшін әр клиент қосымша арқылы банкке өтінім қалдыруға тиіс.
Банк өтінімді мақұлдаған жағдайда төленбеген айлар үшін несие тарихы бұзылмайды. Ескерте кетерлігі, акция 18 наурызға дейін алынған несиелерге ғана қатысты қолданылады. Сондай-ақ банк алдында мерзімі өткен берешегі (просрочка) бар клиенттер аталмыш қызметті пайдалана алмайды. Банк call-орталығының нөмірі – 9999.«ForteBank» жеке тұлғалар мен бизнес өкілдеріне төлем 90 күнге кейінге қалдырылады. Бұл аралықта айыппұл, өсімпұл қосылмайды. Алайда төтенше жағдайдың клиент кірісі мен бизнеске әсер ету жағдайы дәлелденуге тиіс. Банк сайты, мобильдік қосымша арқылы өтінім берерде дәлел бола алатын тиісті құжат қоса тапсырылуы керек. Ол келісімшарт, әкімшіліктің ескертпесі, бизнес түрінің жабылғанын растайтын қандай да бір қағаз, жұмыстан шығарылғаны немесе ақысыз демалысқа жіберілгені туралы анықтама секілді құжаттар болуы мүмкін. Банк қызметкерлері қосымша құжаттар сұратуы да ықтимал. Банк call-орталығының нөмірі – 7575.«Сбербанк»-те 3 айға кейінге қалдырды. Тұтынушылар бірнеше категорияға бөлінген. Әлеуметтік осал топ өкілдері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жергілікті атқарушы органда жұмыссыз ретінде тіркелгендер үшін банк бар шаруаны өзі істейді. Ешқайда барып, еш жерге өтінім қалдырылмайды. Банк аталған санатқа жататын клиенттер туралы деректі кредиттік бюродан алысымен, клиенттерге хабарласып, төлемді кейінге қалдыруға рұқсатын алады. Ал төтенше жағдайға байланыс­ты қаржылық жағдайы нашарлаған клиенттер сайттағы үлгіні жүктеп, толтырып, сканерлеп, электрондық пош­тамен жіберуі керек. Өтінімге қоса табысты жоғалтқанын растайтын құжат, жұмыстан шығарылғаны жөніндегі бұйрық, ақысыз демалысқа жіберілгені туралы жолдама, науқас қағазы секілді құжаттар міндетті түрде ұсынылуға тиіс. Шешім 10 жұмыс күні ішінде шығарылады. Қосымша сұрақтар бойынша 5030 нөмірі арқылы оператордан сұрау­ға болады.

Jysan bank (байланыс нөмірі – 7711), Tengri Bank Банк (3434) «Банк Kassa Nova» да ( 595) кешірім бар. «Альфа-Банк» әлеуметтік осал топ өкілдері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жергілікті атқарушы органда жұмыссыз ретінде тіркелгендердің төлемдерін кешіру құжаты автоматты түрде жасалады. Орталықпен байланыс 2051 нөмірі арқылы жүзеге асады.

«Банк Центр Кредит» болса тек коронавирус анықтаған немесе карантинде болған азаматтардың ғана несие бойынша төлемін кейінге шегеруді қарастырады. Алдымен кредитті төлеу мерзімін шегеру бойынша өтініш жазылуы керек. Өтініш үлгісі банк сайтында тұр. Өтінішті сканерлеп немесе суретке түсіріп, fres@bcc.kz электрондық поштасына жіберу керек. Өтінішпен қоса жеке куәлік суреті мен диагноз бен карантинде болғанын растайтын құжат қоса жіберілуі міндетті. Әрбір өтініш дербес қаралады. Банк call-орталығының нөмірі – 505.«Банк Хоум Кредит» жеңілдік қарастырған. Жұмысынан айырылған клиенттерге банк төлемдерді 2 айға кейінге қалдыруға рұқсат береді. Төлем демалысын алу үшін клиенттер 1 сәуірден кейін мобильдік қосымша немесе кез келген бөлімше арқылы банкке жүгіне алады. Басты талап – клиенттің мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс, несие 18 наурызға дейін алынған болуы керек. Қосымша сұрақтар бойынша +7 771 724 12 40 нөміріне WhatsApp арқылы хабарласуға болады.

«KMF» не дейді? Өзге банктердегідей кредиттік каникул микроқаржы ұйымында да бар. Бірақ ұйым бірнеше бағыт бойынша әртүрлі несие қыз­меттерін ұсынатындықтан, әр ­клиент ісі жеке қаралады. Ол үшін клиент мобильдік қосымшаға кіріп, несие мерзімін өзгерту шарттарын жеке есептеуі керек. Қосымша сұрақтар бойынша 7474 нөміріне хабарласуға болады. «АТФБанк» те төлем мерзімін кейінге қалдыру жөніндегі өтінім банк сайты арқылы қабылдайды. Өтінім беру кезінде клиент әлеуметтік осал топқа жататынын растайтын құжат пен табысынан айырылғаны туралы анықтаманы қоса тіркеуі керек. Өтінім бергеннен кейін, банк қызметкері берілген ақпаратты нақтылау үшін клиентпен хабарласады. Банктің телефон нөмірі – 2424.

«Еуразиялық банк» төтенше жағдайға байланысты жұмысынан қысқарған, ақысыз демалысқа шығарылған ­клиенттерінің ғана қарызын 3 айға шегереді. Өзге клиенттер әдеттегідей мерзімде төлей беруі керек. Төлем мерзімін тоқтату туралы өтінім банк сайтында жүргізіледі. Өтініммен бірге жұмыстан қысқарғанын немесе ақысыз демалысқа шығарылғанын растайтын құжат қоса ұсынылуға тиіс. Банкке 8727 332 77 22 нөмірі бойынша хабарласуға болады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкке», «7-20-25», «Баспана хит» ипотекалары да өзіндік жеңілдіктер қарастырған. Жалпы алғанда жағдай осындай. Қалғанын уақыт көрсетеді, әзірге банк талаптары осындай. Ең бастысы, қарапайым халыққа жығылғанда жұдырық болмауы керек. Осы ескерілсе болғаны.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − three =