БАНК ЖҰМЫСЫ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ

0 108

Бір апта бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы «Қолжетімді баспана» бағдарламасының шикілеу тұстары туралы айтып, «Бəйтерек» ұлттық басқарма холдингі» АҚ-ның құрамына кіретін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басшылығының қызметін сынға алған болатын.

Холдингтің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевқа жағдайды дереу арада тәртіпке келтіру жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, бұрнағы күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан Қуандық Уәлиханұлы алдағы жұмыс жоспарын баяндады.
Оның айтуынша, «Қолжетімді бас­пана -2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Холдинг мемлекеттік органдармен бірігіп, бағдарламаны жетілдіру жұмысын жүргізбек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысуға банктердің жетекшілері мен олардың отбасылары мен туған-туысқандарына шектеу қойылатын болды. Жоғары жалақы иелерінің баспана алу саясатындағы жағдайы да енді қадағалауға алынады.
Мұның бәрі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қызметіне жүргізілген сараптау қорытындысында анықталған келеңсіздіктерді алдағы уақытта болдырмау үшін қолға алынып отыр. Банк жұмысының өзіне келсек, салымшылар рейтингі қайта қаралып, бизнес-процесс толықтай автоматтандырылған жүйеге көшірілмек.
Ал, қызметтерін пайдаланып, пәтер алған банк қызметкерлері мен олардың туысқандарына пәтерлерді қайтарып беруге екі аптаға мұрсат берілді. Егер осы уақыт ішінде тараптар мәмілеге келе алмаса, заң нормаларына сәйкес іске құқық қорғау органдары араласады.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі­нің» басшылығы ауыстырылуда. Қыркүйек айында банк басқармасы төрайымының екі орынбасарының уәкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтаттық. Жекелеген басшылар өз еріктерімен қызметтерінен кетті. Басқарма төрайымы Нұрбибі Нау­рызбаеваның орнына банк бас­шы­лығына Айбатыр Жұмағұлов келді» деді Қуандық Бишімбаев.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − seven =