Балуан Шолақтың домбырасы

Жақсыдан қалған жәдігер

0 66

Жауырыны жерге тимеген балуан, ат құлағында ойнаған өнерпаз, композитор Нұрмағанбет Баймырзаұлын халқымыз еркелетіп «Балуан Шолақ» деп атаған.

Алып атамыз Арқа жерінде, дәлірек айтқанда қазіргі Ақмола облысы, Бұланды ауданы Тастыөзек деген жерде өмірге келген. Кеңес өкіметі кезінде бұл ауыл «Красный кордон» деп аталды. Бұл кісі атағы жер жарған балуан немесе алып күш иесі ғана емес, өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерін орындаушы әрі насихаттаушысы болды. Олардың өнерлі жолын жалғап, өзі де сөзі мен сазы үйлескен ән шығарды. Балуанның бүгінге жеткен «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр» секілді әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әні – «Ғалия». Белгілі музыка зерттеушісі А.Затаевич ел арасынан Балуан ­Шолақтың бірнеше әндерін жазып алып, оны «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинақтарына енгізген.
Былтыр алып күш иесінің өмірден озғанына 100 жыл толуына орай, балуанның немересі Шайдолла Шолақовпен кездесіп, сұхбаттастым. Сонда ол кісі әңгіме арасында атасының домбырасы туралы айтып еді.
«Бұл домбыраны атам жасаған дейді. Бұған мен сенемін. Өйткені оның әкесі Баймырза бабамыз темірден түйін түйген шебер болған. Ағаштан түрлі бұйым жасап, үй тұрғыз­ған. Атам бала күнінен әкесінің жанында жүріп, шеберліктің қыр-сырын меңгерген. Қазір домбыраны атамның, әкемнің көзі ретінде қастерлеп, шаңырағымда ұстап отырмын» деген еді Шайдолла ағамыз. Міне, асылдың қолының табы қалған домбыраны оқырманға ұсынып отырмыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − thirteen =