«Балқарағайдағы» бір күн

0 116

Таңертеңнен жолға шыққан автобус оңтүстікті бетке алып, сәскеде қала сыртындағы «Балқарағай» демалыс орнына барып бір-ақ тоқтады. Жусанды сайын дала төсіне қона қалған бірнеше үйдің іргесі қарағайдан қаланыпты. Жағалай қайыңмен, терекпен қоршалған. Арагідік енді еңсе түзеген шыршалар байқалады. Анадайда оттап жүрген жылқылардың қай-қайсының да тұрқы көз тартады. Бұрын тақымы ат жауырынына тиген қазақтың делебесін қоздырмай қоймайды…

Бізді «Балқарағайға» шақырған ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы-тын. Наурыз мейрамын желеулетіп, ұлттық ойындарымызды, өнерімізді, дәстүрімізді көрсетпек. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолпаштауымен қолға алынған мәнді мереке әуелгі мұратының үдесінен шығып-ақ бақты.

Бүркіт баптаған Володя

«Балқарағайға» енгенде кәдімгі бүркіттің шаңқылын құлағымыз шалған. Көп ұзамай көргеніміз таңдай қақтырды. Алтын түсті жіп­пен кестеленген шапан киген, мұрт­ты, сарыкідір жігіт ағасы білегіне қон­дыр­ған бүркіттің томағасын сыпы­рып тұр. Жақындап барғанда байқа­дық, құсбегіміз орыс екен. Есімі Арқа­ның біразына таныс – Владимир Земблевский. «Бап­та­ға­ныма он жылдың жүзі болған. Тар­бағатайдың қыраны. Қансонардан қанжығам майланбай қайтқан емес» дейді қазақтың саятшылығын серік еткен сарыңыз.

Көптің назарын тұғырына қонақ­таған екінші бүркіт те аударды. Иесі – шығыстың тумасы Серік Күн­туған. «Құс баптауды әкемнен үй­рендім» дейді. Төрт бүркіті бар екен. Серік текті құс жайында біршама сыр ақтарып: «Мынау қыран он екі жаста. Еркіне босататын уақыты болды, қартайды.

Әсілі, аңға қыс мезгілінде шыға­мыз ғой. Астыңдағы атың жарау, итің жүйрік, қыраның қырағы болса, алдыңдағы аңды адым бастыр­мауға болады.

Бұл маңда қасқыр аз. Түлкі жетер­лік. Бір қыста жеті-сегіз түлкі­нің терісін сыпырамыз. Қалай десек те, қымбат дүние ғой. Пұлдап, жырғап, өзімізді жарылқаған емеспіз. Қаза­қы пейілмен, ниетпен, туған-туыс­тың, сұрағанның қанжығасына бай­­лай саламыз. Ары кеткенде, тө­­­­рі­­міз­ге іле­міз» дейді құсбегі.

Іргедегі талдың түбіне төселген ша­­ғын сырмақта салпаң құлақ, аш құр­­­сақ сұр тазы жатыр. Қыңсылай бауы­­­ры­на жармасқан сегіз күшігіне көз қы­­­рын са­лып қой­ып, қо­жайыны тас­та­­­ған қой жілігін мүжиді. Әрірек­те үлкен­ді­гі бұ­заудай төбет, қаза­­қы бөрі­ба­сар секілді, жан-жағына маң­ғаз­­­да­­на қарайды. «Мынаны қос бөрі­­­нің тала­пайына салсаң да, мыңқ ет­пес. Шатынан екі тістеп алып ұра­ды-ау» деседі сол маңдағы үлкендер.

Асық атып, садақ тартты

Көпшілік асық ой­нау үшін арнайы жа­сал­ған алаңқайға жиналды. Бір тобымыз қой асығын, екінші то­бымыз жылқы, сиыр асық­та­рын ату­ға кіріс­тік. Бала кезде күн-түн демей құмартып, соңына түскен сақамызды құр­­ғыр қол жатсынып-ақ қалыпты. Ал­ға­шында атқанымыз айдалаға лаққа­нымен, көп ұзамай қалыпқа түскен­дейміз.

Садақ атуға да қызығушылар қатары көп болды. Он метр шама­сын­дағы қашықтықтан тартқан жебеңіз нысанаға дөп тиюі тиіс. Мұндағы көріністен «Адырнадан атқан оқ, ала өгіздей мөңіреп…» деген жыраулар сөзі ойға оралады.

Тері камзолды, егде жастағы қыз­дың садақ тартысы, қимылы көп­тің көзін тіктірген. Ол өзін Айнұр Әбді­райы­мова деп таныс­тыр­ды. Қауымдастықтың мүшесі, садақшы. «Үш шәкіртім бар садақ атуға үйретіп жүрген. Еңбегіміз құралақан емес. Әлем, Азия бірін­шілік­терінен топ жарып жүр олар» дейді қазақтың мерген қызы.

…Бұл өлке – біздің ауыл
жайлаған жер-ай,
Желіге асыл құлын
байлаған жер-ай…

Құлақтан кіріп бойды алған әсем ән естіледі. Алтыбақанда тербеліп, ер­кін шырқатқан өзіміздің қос етек, бұ­раң бел арулар…

Байрақты көкпар да біздің ережеге бағынады

Көкпар – «Балқарағайдың» базарына айналды. Қазақ даласын­да қарқынды дамып келе жатқан көкпардың халықаралық штаб-пә­тері Бішкектен Аста­наға ауысатын­дығын ҚР Ұлт­тық спорт түр­­­лері қауым­дас­ты­ғы­ның бірінші вице-президенті Б.Тілеухан айта кет­ті. Бә­секеде отыз келі тартатын сер­ке ту-талақайға түсті. «Астана-Самұ­рық» пен «Астана жастары» ко­ман­­­­да­­лары ат үстінде айқасты. Бір-бірі­­нің қазан­дығын аңдыған ша­бан­­­­доз­­дар қазақ көкпарының біре­гей үлгі­сін көрсетті. Ат үстіндегі ай­қас тең­ге ілу­мен, ауда­рыс­пақпен жал­ғасты.
Айт­қандай, ұлттық ойынның басы-қасында жүрген азаматтар осы күз­де Азия чемпионатын өткі­зуді қолға алмақ. Ол жерде ұлттық спорттың бірнеше түрі ойналады. Жалпы жүлде қоры бір миллион долларға жетпек. Ең бастысы, бай­­­­рақ­ты көкпар бәсекесі біздің ере­­­жеге бағынады. Мұны да Б­екболат Ті­леу­­хан айтты. «Алдымызға қойып отыр­ған үлкен мақсатымыз – Азия чем­­­пионатын өткізу. Оған бір­­­неше мем­лекеттің құрама ко­­­ман­­­­да­­лары қа­тысады. Біз де жа­­са­­­ғы­мызды дайын­­­даудамыз. Штаб-пәтер – Ас­та­нада. Сондық­тан, бар­­лық ойын біз­дің ере­­же­мізбен өтеді» деді ол.

Ұлт­тық ойын дегенде бір өкіне­тін тұ­сымыз бар. Көкпардан көпке ырық бермей, жігіттеріміздің білек кү­ші басым түсіп жатқанымен, бүр­кіт­­шілер сайысынан жағдайымыз мәз емес, есеміз кетуде. Дегенмен, бұ­қа­ралық насихат пен қаржылай тап­шылық болса, әлі талай шаруа­­ның басын қайыруға кеш емес. Бұл – ұлттық спорт жанашырларының сөзі.

Айтыс басталды, айтыс…

Ұлттық мирастың кәусарына сусаған жұрт шөлін қиқулы көкпармен ба­сып, күн төбеден ауа айтыс ала­ңына жиналды. Белгілі ақындар Балғын­бек Имашев пен Жандарбек Бұлға­қов аға мен інінің айтысын көрсетті. Әзіл-қал­жың­дарымен көрер­мен­нің зор қошеметтерін ие­лен­ді. Жас­­тық­­тың желігімен ә деген­нен аға­сы­­ның жағасына жар­масса да, Жан­­дар­­бектің сөздері шымыр әрі сал­мақ­ты еді. Қазы­лар алқа­сын­сыз сөз до­дасында Балғын­бек ақын іні­сіне жол бергендей сыңай танытты.

Қыз бен жігіт айтысының үлгісін танытқан келесі жұп – Мейірбек Сұлтанхан мен Айсәуле Бейсенхан да біразға дейін сөз жарыстырып, көпшіліктің ырзалығына кенелді.

Қазақтың бірегей өнерінен кейін, Наурыз мейрамына арналған дастарқан жайылды, көпшілік наурыз көжеден дәм татып, қымыз ішті.

* * *

«Балқарағайдағы» бір күніміз баяғы, иә, баяғы бабалар ауылына бір самғатып қайтты, ұлттық танымымызды бір айшықтатты, мәдениетіміз бен дәстүрімізді, салтымызды, бір сөзбен айтқанда, қазақтың бейнесін көрсетті.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 2 =