Балқан түбегіндегі баллада

0 131

Буырқанған Эльба­ мен Дунай­ Еуропаның орталығын тасқын судың астында­ қалдырып, миллиондаған еуро жоспарсыз шығынға ұшыратқан кезде, алты жыл бұрын дағдарысқа ең бірінші душар болған Балқан түбегіндегі Элладада­ жағдай тағы арнасынан тасып-төгіліп жатыр.

Эфирсіз эллада

Кеше грек үкіметі күтпеген жерден мемлекеттік телерадиокорпорацияны жабуға шешім қабылдады. Енді ERT телерадиокорпорациясының 2500-дей қызметкері далада қалды. Билік осынау үнемшілдік арқылы елді су түбіне кетердей тығырықтан шығармақ па, әлде жоқ-жұқана өмірдің не екенін ұмытып қалған халқын шок-терапиядан өткізіп алғысы келді ме? Үкімет атынан ауыр хабарды «естірткен» баспасөз хатшысы Симос Кедикоглу «ERT қаржылық қызметінде күмәнді әрекеттері көп, ысырапшылдыққа бой алдырған мекеменің бірі болды» деп сөз сабақтағанына қарағанда, екі жорамал да еріксіз сендіреді. Оның үстіне үш телеарнаның, төрт радиожиіліктің, бірнеше өңірлік радиостансалардың басын біріктіріп отырған телерадиокешен осы күнге дейін ай сайын электр қуатына төлемді 4,30 еуроға өсіру есебінен қаржыландырылып келіпті. ХХI ғасырда гректер қанша қымбаттаса да, жарықсыз отыр алмас, бірақ, жаңалықсыз күн кешуге мәжбүрлік жеңіп отыр. Үкімет бюджетке ауыртпалық түсірген телерадиокорпорацияның орнына шағындау мекеме құрмақшы. Эфирсіз қалған эллада журналистері кеше билікке наразылық акциясын бастады.

Соңғы аптада Грекияда кәсіподақ пен үкімет арасындағы айтыс-тартыс өршіп кеткені сондай – мыңдаған адамның төбесіне жай түсіргендей мұндай оқиғалар бірінен соң бірі орын алып жатқан. Естеріңізде болса, өткен аптада Афинада «Денсаулық сатылмайды» деген ұранмен медицина шығынының күрт азаюын, дәрігерлердің жетіспей жатқындығын айыптаған шеру өтті. Оған әріп­тес­терін қолдау үшін Португалия, Бельгия, Франциядан медицина қызметкерлері келіп қатысты. Наразы топтың пікірі «үнемдеу, қатаң экономикалық шаралар халықтың дегбірін қашырды.

Жұмыс орындарын ашпай, нақты өндіріске, салаларға ақша құймай, жағдай оңалмайды» дегенге саяды. Сәуірде үкімет жыл аяғына дейін 15 мың мемлекеттік қызметкерді жұмыстан қысқарту жөнінде қаулы шығарған. Бұл – ел экономикасын құтқаруға беретін 8,8 млрд еуро көмегі үшін Еуродақ пен Халықаралық валюта қорының қойған талабының бірі.

Қысқарту қиындықтан құтқара ма?

Әйтсе де, Халықаралық валюта қорының соңғы қарекетінен кейін бұл риторикалық сұрақтың салмағы ауырлай түсті десе де болады. Меңзегеніміз, бұқаралық ақпарат құралдарына аңдаусызда таралып кеткен ХВҚ сарапшыларының Грекия алдындағы ағаттықтарын мойындаған 50 беттік құпия баяндамасы еді. Егер сөзбе-сөз келтірсек, онда «соңғы үш жылда халықаралық кредиторлар «үштігінің» талабын орындауға тырысқан Грекияның қаржылық нарығы бәрібір аяғынан тік тұра алған жоқ, банк жүйесі депозиттің 30 пайызынан айырылды, ал, экономика күткеннен де күрделі рецессияға ұшырады, елді жаппай жұмыссыздық жайлады» делінген. Гректер сөзінде тұрып, бюджет шығынын азайту, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту, салықты жоғарылату арқылы экономиканы қайта құрылымдаса, сыртқы қарызын жеңілдетеміз деп уәде берген еуро­аймақ жетекшілерінің ойлағаны жүзеге аспағанын ХВҚ сарапшылары ашық мойындады. Жоспар бойынша 2020 жылға дейін сыртқы қарыз ІЖӨ-нің 110 пайызына дейін кемуі керек болған. Алайда, Афинаның қазіргі аяқалысы мен ахуалы ондай ойдан айнытып тұр.

Бұл жаңалыққа Грекия үкіметінің іші жылып қалды. Өйткені, халық­ара­лық «үштіктің» қарыз бере отырып қойған талабы Балқан бау­райын­да­ғылар үшін тым томпақтау екенін айтуға өздері де оқталып жүрген. Соның алғашқы қадамы ретінде осы аптада өтетін келіссөздер барысында Грекия кредиторлардан кейбір сауда түрлеріне салықты азайтуға рұқсат сұрамақ. Мәселен, мейрамхана бизнесіне салынатын салықты өсіру мемлекет бюджетінің түсіміне әсер ететіндіктен тиімсіз боп тұр. Осыған дейін Грекияның именшектеніп жеткізген бүл секілді идеяларына салқынқанды қараған Еурокомиссия Халықаралық валюта қорының әлгіндей әшкересінен кейін байыппен ойлануы мүмкін. Кейбір сарапшылар бұл «құпия баяндама» соңғы жылдары бір Грекия емес, Еуроодақтың бірнеше елін белбеуді қаттырақ бууға мәжбүр еткен қатаң экономикалық саясатты қайта бір саралауға жол ашады деп отыр. Балқан түбегіндегі балладаның жәйі осындай.

Еділ БӨКЕЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + 9 =