Балмұздақты байқап жеңіз

0 81

Жыл сайын біздің тұрғындарымыздың арасында жұмсақ балмұздақ үлкен сұранысқа ие болып жатады. Балмұздақ – тез бұзылатын өнім, онда бактериялар тез дамиды, әсіресе жұмсақ болса, мұндай балмұздақ бірден қолданылуы керек. Бұрын кафеде балмұздақ болатын. Мұндай балмұздақты тұтыну қорқынышты емес еді. Жабық нысанда тұтыну қауіпсіз болды. Қазір бұл балмұздақ көшеде сатылады, бұл талаптарға сай келмейді.

Қоспаның қайда және қандай жағдайларда дайындалғаны белгісіз. Барлық гигиеналық талаптар сақталған ба? Сондықтан мұндай балмұздақтан бас тарту керек, әсіресе балаларға алмау керек. Аппараттағы қоспа тәуліктеп тұрмауы тиіс, әрбір май құю алдында аппарат өңделуі тиіс. Егер сіз көшеде жүрсеңіз және сіз қандай да бір тағам өнімін тұтынғыңыз келсе, қолыңызда қанша микробтар бар екендігін және олар асқазанға түсетінін ойлаңыз.
Сатып алушылар фризерде дайындалған балмұздақ балғын, сондай-ақ сыртқы түрі әдемі деп санайды. Алайда сатып алушылар балмұздақ құйылған вафельді стақан бірнеше минут бұрын ашық жерде қорапта тұрғанына мән бермейді.
Аппараттарды өңдеу көбінесе жүргізілмейді, балмұздақ жуылмаған қолмен сатылады, өйткені қарапайым жағдайлар – су, жуғыш құралдар жоқ.
Бұл бұзушылықтар қасықпен салынатын балмұздақты сатқанда да анықталады, сондай-ақ көшеде балмұздаққа арналған қасық қандай жағдайда өңделетіні белгісіз… ол әсіресе лас суда сақталмауы тиіс, мысалы, бірнеше жыл бұрын фонтанда «балмұздаққа арналған қасықтарды жуу» фактісі орын алған болатын.
Департамент балмұздақ сынамаларын зертханалық зерттеулерге алып, балмұздақты сату бойынша сауда орындарына жоспардан тыс тексеру жүргізген кезде сараптама қорытындысы бойынша балмұздақ сынамасынан ішек таяқшалары табылған еді және тексеру нәтижесі бойынша балмұздақ дайындау цехтарының болмауы, өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттары, сатушылардың медициналық кітапшалары, дезинфекциялау құралдары, жабдықтарды өңдеу жағдайы жоқтығы сияқты бірқатар өрескел бұзушылықтар анықталды.
Жылдың жаз мезгілінде жаппай тамақтан улану және ішек инфекцияларының өршуінің алдын алу мақсатында, кәсіпкерлік субъектілері арасында аудандық әкімдіктермен, полиция департаментімен және басқа да ведомстволармен бірлесіп, осындай саудаға жол бермеу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Тағамнан уланудың алдын алу мақсатында тұрғындарға балмұздақ сатып аларда бірнеше назар аударатын кеңестерді ұсынамыз:
– бұл ең алдымен заңсыз орындарында жұмсақ балмұздақты сатып алудан бас тарту, әсіресе балаларға ешқашан бермеңіз. Егер осындай балмұздақты қаласаңыз, ол дайындалатын және сол жерде сатылатын дәмханаға барыңыз;
– қала көшелерінде және күмәнді сауда орындарында «өлшегіш» қасықпен сатылатын балмұздақты алмаңыз, себебі ол көбінесе мерзімі өтіп кеткен өнім болуы мүмкін..
– жалған өнімге ұрынбау үшін орамаға назар аударыңыз. Онда келесі мәліметтер көрсетілуі тиіс: өндіруші атауы, таза салмағы, стандарт белгісі, өнімнің дайындалған күні және оның жарамдылық мерзімі, құрамы. Ашық түсті, сары немесе қызғылт балмұздақты сатып алмау керек. Олар астыртын цехтарда дайындалған және құрамында зиянды бояғыштардың бар болуы әбден мүмкін;
– формасы бұзылған балмұздақты сатып алмаңыз. Бұл дегеніміз, ол бірнеше рет ерітілген болуы мүмкін, бұл кезде өнімде микробтардың жаппай көбеюіне жағдай жасалады;
– егер сіз балмұздақ сатып алсаңыз, балмұздаққа арналған қасықты жууға қандай жағдай бар екеніне назар аударыңыз;
– сүйікті балмұздақты әсіресе көшеде қолданар алдында, қолдарыңызды бактерияға қарсы салфеткалармен сүрту керек, ал егер оларды жууға мүмкіндік болмаса, қолды антисептикпен өңдеу керек;
– сонымен қатар, сатушылардың сыртқы түріне назар аударыңыз, олар таза және ұқыпты түрде арнайы киім мен бас киім, бір рет қолданылатын қолғаптар киюі керек және ақша ұстаған қолымен өңдеусіз тағам өнімін сатпауы тиіс;
– сондай-ақ сіз сатушыдан медициналық кітапшасын және өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етуге құқылысыз.
Өнімді «күмәнді» сауда орындарынан, әсіресе балаларыңыз үшін сатып аларда Сіз олардың «өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған жоқпын ба?» деп ойланыңыз…

Айнұр ДӘУЛЕТБАЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласы тауарлар мен
көрсетілетін қызметтердің
сапасы мен қауіпсіздігін бақылау
департаментінің бөлім басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × five =