Балконнан ән салсаңыз, ережені бұзасыз

0 7

Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн-брифингте Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов елордада карантин режимін бұзған 135 адамның әкімшілік қамауға алынғанын айтты.– Өкінішке қарай, кейбір азаматтар айтылған ескертулерге құлақ аспай, карантин режимін бұзуда. Түрлі құқық бұзушылық үшін полиция бөлімдеріне 2838 адам жеткізілді. Оның ішінде 1770 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қамауға алынғандар – 166, айыппұл салынғандар – 1126, ескерту алғандар – 408 адам, ал сот қарауында 70 материал бар. Әкімдіктің коммуналдық тұрағына 588 автокөлік қойылды. 36 жүргізуші мас күйінде ұсталып, жүргізуші құқығынан айырылды. 67 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды, 135 адам әкімшілік қамауға алынды, – деді департамент басшысы. Полиция басшысының дерегінше, блокпосттардың шекарасын бұзғаны үшін 174 адам жауапқа тартылып, 124 адам қамауға алынған. «Балаларға ойын және спорт алаңында жүруге тыйым салынған. Әкімдікпен бірге барлық балалар және спорт алаңдарын арнайы лентамен қоршап қойдық. Ол жерде спортпен айналысуға, ойнауға болмайтындығы туралы арнаулы белгі бар. Егер қазіргі уақытта ол жерде адамдар балаларымен бірге жүрсе, онда олар жауапқа тартылады» деген Ержан Сәденов кешкі уақытта балконнан ән салғандардың да жауап беретінін айтты.
Көңілді тоғайтатын бір жағдай, карантин кезінде елордада қылмыс көрсеткіші 34 пайызға, жол-көлік оқиғалары 76 пайызға азайған. Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов бұл туралы «Жалпы алғанда, карантин кезінде қылмыс саны – 34, ауыр, аса ауыр қылмыстар – 43 және тиісінше 32 пайызға төмендеді. Оның ішінде ұрлық, алаяқтық, бұзақылық және басқа да қылмыстар саны азайды. Жол-көлік оқиғасының саны 76 пайызға, зардап шеккендер 72 пайызға төмендеді. Жол қозғалысы ережесін бұзғандар 67 пайызға кеміді» деген дерек келтірді.
Елорда халқына халқына үйде отыру оңай болмай тұр. Қолдан анықтама жасау, рұқсатсыз жұмыс істеу, негізсіз сыртқа шығу сияқты құқық бұзушылыққа жол берген үш мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков: «Мәселен, бір шағын компа­ния­ны алайық. Онда 5 адам қызмет істейді. Ал тексеріс кезінде 20, тіпті одан да көп адамның сол компания атынан анықтама алып жүргенін аңғардық. Яғни әлдебіреу құжаттарды артығымен басып шығарып, таратқан. Сондықтан ол жүргізушілердің анықтамасы тәркіленді. Бұл фактілерге қатысты енді тиісті шешім қабылданады» деді. Ал әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Бауыржан Тоқжұманов 174 адамға ескерту жасалғанын, 324 адамға әкімшілік айыппұл салынғанын, 32 адам әкімшілік қамауға алынғанын, 174 автокөлік айып тұрағына қойылғанын келтіреді.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі 13 сәуір күні болған рейдтік шара кезінде полиция қызметкерлері Көктал-1 ауылындағы өзен жағасында уақыт өткізіп, карантин режимін бұзған 12 адамды ұстағанын мәлімдейді. «Өзен бойында ұсталған 12 адамның тоғызы – балықшылар. Олар тәртіпті бұзып, өзен жағасына барып балық аулаған. Оларға 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза таға­йындалды» делінген хабарламада. Сонымен бірге Полиция департаментінің қызметкерлері рейд барысында денеге массаж жасау және интимдік қызметтер ұсынатын мекеменің жұмыс істеп тұрғанын анықтады. «Полиция қызметкерлері келген кезде бөгде адамдар үшін жабық коттедж ішінде 11 адам болған. Оның сегізі – интимдік қызмет көрсететін қыздар. Бір әкімші және екі клиент болған. Қазіргі уақытта барлығы жауапкершілікке тартылды. Сот шешімі бойынша аталған СПА-салонның әкімшісі 7 тәулікке, екі клиент 5 тәулікке қамалды» делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =