БАЛҒЫН СУРЕТШІЛЕР БОЯУЫ

0 226

 «Жер – біздің ортақ үйіміз» атты республикалық ба­лалар экологиялық плэнер байқауы өз мәресіне жетті. Биыл бұл байқау Қазақстанда оныншы рет өткізілді.

  Соңғы жылдары байқауды өткізуді Қазақстан ЮНЕСКО клуб­тары ұлттық федерациясы өз қолына алған. Алғашында балалардың қолымен салынған суреттер бір ғана ата­лым бойынша бағаланып келді. Ал, қазіргі таңда оған заманауи номина­циялар кіріктірілген. Мәселен, осы жылы «Экология және интерьер дизайны» номинациясы бойынша Валерия Скрепцова жеңімпаз атан­ды. «Экология және костюм дизай­ны» номинациясының бас жүлдесін Анастасия Вундер иеленді. «Эко­логия және сәулет өнері» бойынша жүлдегер Константин Кадуркин болды. «Экология және ландшафт дизайны» бойынша жүлдені Алена Дружинина қанжығасына байлады.

Биылғы плэнер Есілдің жағасында өткенін ерекше атап айтқан жөн. Елордаға еліміздің түкпір-түкпіріндегі көркемсурет мектептерінің жас суретшілері жиналды. Алғашқы жылы байқауға 50 суретші қатысуға ниет білдірген болса, он жыл ішінде олардың саны екі мыңнан асып жығылған екен. Оларға сурет өнерінің қыр-сырын үйретуге Камиль Моллашев, Амандос Ақанаев, Ерлан Айтуа­ров сынды майталман суретшілер үлес қосқан. Қатысушылардың дені байқаудағы жетістіктерінің арқасында келешектегі мамандықтарын таңдаған. Әр жылдары жеңімпаз атанған суретшілер байқау-ды ыстық ықыласпен еске алған бей­небаяндар Астанадағы Оқушылар сарайында өткен марапаттау рәсімінде көрсетілді. 2003 жылғы бас жүлде иегері Салтанат Сатыбал­диева бүгінгі таңда осы плэнердегі жеңісінің әсерімен Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясын тәмамдаған. Қазір бұл жобаның бас демеушісі «Шеврон» компаниясы болғанымен, Қоршаған ортаны қорғау, Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, қала әкімдігі де тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Санжар КЕҢЕСОВ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + nine =