БАЛҒЫН СУРЕТШІЛЕР БАЙҚАУЫ

0 121

ERA_1181

Астанада «Балалар әлемді бейнелейді. Орталық Азия 2013-2014» атты ЮНЕСКО-ның халықаралық фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сынды елдердің жас суретшілері қатысты.

Бірнеше күнге созылған фестиваль барысында түрлі тренингтер, шеберлік сабақтары өткізіліп, жас дарындар бейнелеу өнерінің хас шеберлерінен дәрістер алды. Мәдениет және спорт қайраткерлерінің қызықты әңгімелерін тыңдап, жетістікке жетудің формуласын анықтағандай болды. Елорданың көрікті жерлерін аралады.

Соның ішінде сол жағалауда жаңадан бой көтерген Назарбаев Орталығында болып, теңдессіз ғи­мараттың ішкі-сыртқы көрінісіне тамсанды. Осы жерде фестивальдің жабылу рәсімі өтіп, қатысушылардың шығармашылығы жайлы небір жылы сөздер айтылды. Үздік жұмыс иелері марапатталды. Марапатталғандардың ең кішкентайы 3 жаста болса, үлкені – 17 жаста. Оларға сыйлықтармен бірге, «Балалар әлемді бейнелейді» сериясымен шыққан альбом табысталды.

ЮНЕСКО бас директорының бас­тамасымен бұл сериядағы альбомдер 1999 жылы алғаш рет жарық көрді. Оған еліміздегі жас суретшілердің жұмыстары да енді. Осы уақыттан бастап Қазақстанда өнерлі балаларды біріктіретін ЮНЕСКО клубтары да пайда болып, қазіргі таңда олардың саны отыз бірге жетті. Фестивальге сол клубтардың мүшелері және Орта Азиядан келген жас суретшілер, барлығы150 адам қатысты.

СҮБЕЛІСӨЗ

Серік СӘПИЕВ, Олимпиада чемпионы, ЮНЕСКО елшісі:
– Осындай шаралар мемле­кет­тердің қарым-қатынасының дамуына мол үлес қосып, әлемдегі бей­бітшілікті нығайтады. Қа­ты­сушылар арқылы түрлі ел жайлы білгеннің үстіне біле түсуіне жағдай тудырады. Әсіресе, балалар үшін мол пайда әкеледі.
Өз басыма келсем, ұйымдас­ты­рушылардың балалармен кездесу ұсынысына бірден келістім. Риясыз әңгіме барысында олардың кіршіксіз көңілдеріне тәнті болдым. Сұрақ-жауап түрінде өткен кездесуімізде жетістікке қалай жеткенім жайлы айтып бердім.

Қонақтардың бірнешеуін әңгімеге тарттық. Ашхабад қаласындағы Б.Нұрәли атындағы Балалар көркем­сурет мектебінің шәкірті Айша Се­йітова «Өз елімнен жыраққа бірін­ші рет шығып, өнерге қызығатын өзім сияқты өзге елдердің балаларымен кездесіп, қуанышты жағдайды бастан кешіп отырмын. Маған фестиваль аясында өткен шаралар өте ұнады. Қазақстанның астанасын да аралап, мол әсер алдым. Еліме қайтып барған соң, Қазақстанда бізді қалай қарсы алғандығы жөнінде достарыма айтып беруге асығудамын» десе, Душанбеден келген Фируз Мирзохаетов: «Назарбаев Орталығын аралатқандары үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Мұнда көзді ала алмайтын сұлулыққа тап болдым. Өткізілген шебер­лік сабақтары да маған өте ұнады» дейді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 1 =