«БАЛБАЛ ТАСТЫҢ ЖҮРЕГІ БҮЛК ЕТКЕНДЕ…»

0 143

IMG_0181Кеше елордалық жырсүйер қауым Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осындай атаумен өткен жыр кешіне жиналды. Бұл – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлының үшінші мүшел жасқа табан тіреуіне орай берген түйінді кеші. Поэзия мерекесіндей болған басқосуды ақын айтыстағы нақышымен ашып, көрермен көзайымына айналды.

Жиында ең алдымен Дәулеткерейдің әлі сиясы кеуіп үлгермеген, айтыс­тағы жырлары топтастырылған «Шер­толғақ» кітабының тұсауы кесілді.
Осы салтанатты рәсімде академик Сейіт Қасқабасов, жазушы Әлібек Асқаров, аталған жинаққа демеушілік жасаған, қазақ руханиятының жанашыры Нұртай Сәбилянов және ақынның анасы, айтыс өнерінің ар­дагері Егеухан әже сөз сөйледі.

Дәулеткерей Кәпұлының әдебиеттегі орны, шығармаларының шыңы, ай­тыстағы дүлдүлдігі жайында ақындар Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы және Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл әңгімеледі.

Жыр кеші дәстүрлі әнші Айгүл Елшібаеваның «Сүгірдің әнімен», «Ақ жауын» камералық оркестрінің «Өрлеуімен» өрілді. Қатарында ақындар, тіл жанашырлары, зиялылар бар жырсүйер қауым «Алтын домбыраның» иегері Жандарбек Бұлғақов пен Мейірбек Сұл­танханның айтысын тамашалады. Сонымен қатар кеш иесінің қазақы өрнекті, ұлттық бейнелі, тау суындай мөлдір, таң самалындай жұпар, асқаралы Алтайдай биік, Ақанның Қарагеріндей арынды жырларын тыңдады.

Асхат РАЙҚҰЛ

f

f

УЫЗ ЛЕБІЗ 

Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, фольклортанушы ғалым, академик:

Өр Алтайдың арғы жағындағы қандастарымыздың арасынан атажұртқа өз өлеңімен, өзгеше үнімен келген Дәулеткерей Кәпұлы ә дегеннен танылды қазаққа. Оның шығармаларынан дәстүрлі образ, шұрайлы тіркестер жиі байқалады, яғни, арғы ғасырлардағы жыраулар поэзиясымен тамырлас. Өлеңдегі соны өрнекті әдебиетімізге әкеліп қосқан ақынның жырларында далалық сарын, бабаның салты, ұлттың болмысы тұнып тұр.

«Балбал тастың жүрегі бүлк еткенде…» деген осы кештің атауының өзінде керемет образ бар.

Несіпбек АЙТҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– «Болатын бала он бесінде баспын дер, болмайтын бала елуінде жаспын дер». Дәулеткерей туралы айту мен үшін өте ауыр әрі жеңіл. Екеуміз де Алтайдың арғы жағынан атамекенге оралдық, екеуміз де өлеңнің өлкесіндеміз. Кейде бұл баланы көріп, өзімді көргендей болатыным сондықтан. Тек айырмашылығымыз – мен елге Кеңес заманында келдім, Дәулеткерей егемендігімізді алып, мерейіміз тасып, мейіріміміз шалқып тұрған кезде келді туған жер төсіне. Сонысымен ол бақытты дер едім.

Жұрты Кәптің ұлы Дәулеткерейді айтыскер ретінде таниды. Бұл – оның сол қанаты. Ал, оң қанаты – ақындығы, шын ақындығы, таза ақындығы. Өйткені, ол қазақтың көшін, түйенің боздағанын, жылқының кісінегенін көріп өсті, киіз үйдің ішінде есейді. Оған ақындық өнер әкенің күшімен, ананың сүтімен дарыды.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 11 =