Балауыздағы Хакім бейнесі

0 84

 

Ұлы Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойына «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы тарту жасады. Осы өнер ошағының суретшісі, гиперреалист мүсінші, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Айдос Есмағамбетов балауыздан хакім бейнесін соғып шықты. Кеше «Қазақстан» орталық концерт залында осы туындының таныстырылымы өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Абай мұрасы арқылы қоғамдық сананы қайта түлетудің маңызы зор. Осы орайда «Қазақконцерт» ұйымы да ұлы Абай тұлғасын ұлықтап, мұрасын дәріптеуде өзіндік үлесін қосуда. Соның жарқын үлгісі – бүгінгі іс-шара. Бұл ғана емес, жыл бойы өткен онлайн концерттерде Абайдың музыкалық мұрасын насихаттадық, – деді «Қазақконцерт» ұйымының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы.
Оның айтуынша, хакім мүсіні әзірге ұйым жанынан ашылған «Абай» музейінде тұрады. Болашақта мұны Лондондағы атақты «Мадам Тюссо» музейіне қою жоспарланған. Қазір еліміздің Мәдениет және спорт, сондай-ақ Сыртқы істер министрліктері тиісті келіссөздерді жүргізіп жатыр. «Алға қойған мақсатымыз сондай. Әлемдік тұлғалар тұрған жерде қазақтың да ұлы перзенті Абай тұруы тиіс» деді ұйым басшысы.
Өнер шеберлері жаңа туындыға жақсы бағаларын беріп жатыр. Мұны белгілі суретші-монументалист Сембіғали Смағұлов пен Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының басқарма төрағасы Өмірәлі Исмаиловтың сөздерінен байқадық.
Айдос Есмағамбетов хакім мүсінін жасауға төрт айдай уақытын жұмсаған. Өнер туындысын Абайдың біздің заманымызға жеткен фотосуреттеріне қарап отырып жасаған. Бір атап өтерлігі, ол – еліміздегі әзірге жалғыз гиперреалист мүсінші. Абайға дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Абылай ханның, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың, әйгілі спортшы Геннадий Головкиннің мүсіндерін жасап шығарған. «Қазақконцерт» ұйымы оған барынша қолдау көрсетіп, келесі жылы «Қазақстан» орталық концерт залынан жеке музейін ашуды жоспарлап отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 19 =