«БАЛАПАННЫҢ» БАЗАРЛЫҒЫ

0 463

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен көрерменге жол тартқан «Балапан» телеарнасы бүгін 6 жасқа толды. Осыған орай «Ханшатыр» ойын-сауық орталығында «Алақай, туған күн!» атты мерекелік шара өтті. Мыңдаған астаналық бүлдіршін тікелей эфирдегі түсірілім­ге қатысып, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларымен бай­ланысқа шықты.

balapan-telearnasy

Балалар «Балапанның» туған күнін бас қалада ерекше тойлады. «Ханшатырда» жиналған елордалықтар кешке дейін театрландырылған көріністер мен танымал шоу бағдарламаларды тамашалады. Led-экрандағы караокеден бүлдіршіндер телеарнаның хит әндерін қосыла шырқады. Ал, сахнада Астананың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ұтыс лотереялары ойнатылды. Цирктен арнайы әкелінген маймылдың өнері көпшілікті тәнті қылды. Мерекелік тарту сабын көпіршіктерін қызықтаумен жалғасты. Сиқыршылар шоуы да кішкентай көрермендерді таңғалдырмай қоймады.
Ең қызығы, «Ханшатырдың» атриумы нағыз шеберханаға айналды. Ұйымдастырылған үйірмелердің бірі – «Он саусақ» бағдарламасының сыйы ең көп балақайдың басын қосты. Қиялдарын ортаға салған ұл-қыздар дайын құралдарды пайдалана отырып қауырсынды қылқалам, ерекше бетбелгі, моншақ, ашықхат секілді түрлі қолөнер бұйымдарын дайындады. Қызығушылық танытқандардың көптігі сонша ұйымдастырушылар әкелген заттар лезде таусылып жатты. Мәселен, небары жарты сағатта «Он саусаққа» 400-ге жуық бала келіп үлгерген екен.
Кеш барысында кілт сөздер арқылы «Балапанның» бағдарламалары мен мультфильмдерін табу викторинасы ойнатылды. Барлық сұраққа дұрыс жауап берген Әйгерім есімді балақай велосипед тізгіндеп, телеарнаны жаңа жасымен құттықтады.
Мерекелік бағдарлама «Балапанның» әнұранын хормен шырқаумен аяқталды.
Айта кетейік, өскелең ұрпақтың білім мен тәрбиесіне зор үлесін қосып келе жатқан телеарна ашылғалы бері талай биікті бағындырды. Алты жыл ішінде көрермен назарына телеарнаның 300-ден аса өзіндік өнімі ұсынылды. Disney, DreamWorks, SONY, Nickelodeon, Iconic секілді әлемге белгілі компаниялардың өнімдерін дубляждап, алғашқылардың бірі болып отандық телеарнаға шығарды.
«Балапанның» контенті де жыл сайын жаңарып келеді. Мысалы биыл үш тілді еркін меңгеруге көмектесетін «АВС+», шығармашылықты насихаттайтын «Балапан жұлдыз» секілді жобалар қосылды. Спорттық-интеллектуалдық «Шытырман» бағдарламасына қатысуға ынталы көремендердің саны да жыл сайын артып келеді. «Квест» логикалық тапсырмаларды орындап, топпен жұмыс істеуге бейімдесе, «Кішкентай Эйнштейн» табиғат құбылыстары, жер және аспан кеңістігінің құпияларымен танысып, балаларды қызықтыратын сұрақтарға ғылыми тұрғыда жауап береді.
Алдағы уақытта да «Балапан» өсіп-жетіліп, жас ұрпақтың мәдени тұлғасын қалыптастырып, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасайтынына сеніміміз мол.

Мәдина ЖАҚЫП

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 7 =