©2020 Астана Ақшамы
БАЛАНЫ – ЖАСТАН
Қоғамда шешімін таппаған әлеуметтік мәселенің бірі – кәмелетке толмағандардың құқыларын қорғау, отбасылық жайсыздықтың алдын алу. Аталған мәселе бірнеше жылдан бері қалалық білім беру мекемелерінде күн тәртібінен түскен емес.
Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқыларын қорғау жөніндегі комиссия – тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган. Оның құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, Зорлық пен зомбылықтың салдарынан өмірдің қиын жағдайына тап болғандарға арналған дағдарыс орталығының, «Әділет» кәсіподақ ұйымының және Медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығының өкілдері кіреді.
Астана қаласы әкімінің қаулысымен жыл басында Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқыларын қорғау жөніндегі комиссияның міндеті Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына берілді. Осы уақыт ішінде 4 рет комиссия отырысы өтіп, 36 материал қаралды. Айта кету керек, комиссия өткен отырыстың тапсырмалары бойынша есеп беруді дағдыға айналдырған. Талдау көрсеткендей, қаралатын мәселелердің басым бөлігі – ата-ана құқығын шектеу немесе айыру, балаларды арнайы білім мекемелеріне жіберу, ата-аналарды ішімдік ішу мен есірткіден бас тартқызу үшін күштеп емдеуге жіберу сияқты болып келеді.
Мәселен, қаңтар мен наурыз айларында 10 адам ата-ана құқынан айырылды. Тағы бес ата-ананың құқына шектеу қойылса, алтауы күштеп емдеуге жіберілді.
Алаңдататын тағы бір жайт, кәмелетке толмағандардың қоғамдық жерлерде әкімшілік құқық бұзуы белең алып тұр. Өкінішке қарай, жасөспірімдер өз қателіктерін дер кезінде түсінбейді. Өзінен үлкендердің жетегінде кетіп, қателіктерге жол береді. Осыдан келіп оң-солын танымағандар қылмысты болып шыға келеді.
Кешкілік және түнгі уақытта кіреберістерде, аулада, саябақта, көңіл көтеру, ойын-сауық орындарында тәртіп бұзатын, ұрлық-қарлық жасаймын деп ұсталып қалып жатқан жасөспірімдер де бар. Мәселен, комиссияның төрт отырысындағы алты материал бөгде адамның затын ұрлау дерегі бойынша қаралды.
Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқыларын қорғау жөніндегі комиссия 2014 жылғы кешенді жоспар жасауда кәмелетке толмағандардың қайтадан қылмысқа баруының алдын алу мақсатында жасөспірімдерді ведомствоаралық деңгейде әлеуметтік қолдау мәселесін көтерді. Атап айтсақ, ата-аналардың жауапсыздығынан 8 бен 12 жас аралығындағы балаларды мектепке орналастырмау мәселесі өте өзекті. Себебі, ата-ана баласы туғанда оның құжатын АХАЖ органдарына уақытылы тіркемейді екен. Осылайша, комиссия шешімімен балалар мектепке тартылып, 12 жастағы жасөспірім туу туралы куәлік алды. Айта кету керек, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылғалы бері, яғни, жарты жыл ішінде мамандар 5 баланың құжат алуына көмектескен, тағы 3 балаға құжат рәсімделуде. Осы жағдай бойынша жайсыз отбасылар мен олардың балаларымен, «тәуекел тобындағылармен» алдын алу жұмыстарын күшейтіп, балалардың мектепке себепсіз келмеуіне жол бермеуге шаралар қолдануда. Сонымен қатар, ата-аналар немесе олардың заңды өкілдерінің бала тәрбиелеуден жалтаруы, балаларды қаңғыбастыққа итермелеу, теріс пиғылды әрекеттер жасауына қатысты алдын алу жұмыстарына көңіл бөлінуде.
Айта кеткен жөн, «Голубой парус» жеке білім беру мекемесі директорының бастамасымен жайсыз отбасыдан шыққан үш бала тегін оқуға кірісті. Нәтижесінде, екі баланың шешесі ішімдік ішуді қойып, өз-өздеріне келіп жұмысқа орналасқан. Ал, балалардың оқуға ынтасы артып, мектептен тыс шараларға белсене қатысуда.
Сондықтан, бала тәрбиесіне келгенде, қоғам болып белсенділік танытқанымыз абзал.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ