Баланы шапалақпен тәрбиелеген дұрыс па?

0 60

«Иттің ғана баласы, неге жанымда тыныш тұрмайсың? Көліктің астына түсіп, өлгің келді ме?» Жақында осы сөздерді есітіп, денем түршігіп кетті.

Аялдамада тұрсам, бір бала автобустан түсе сала асығып, бағдаршамның жанып-өшіп тұрған жасыл түсіне қарамай жолдың арғы бетіне жүгіре жөнелді. Жол ортасына жеткенде қызыл түс жанып, көліктер қозғала бастаған. Бала машиналардың дыбысынан абдырап, одан қала берді бер жақта тұрған анасының айқайлаған дауысынан кілт тоқтап қалды. Сосын жылап, кері қарай жүгіріп кетпесі бар ма?! Аялдамада алаңсыз автобус күтіп тұрған менің жүрегім ұшып кете жаздады. Мен ғана емес-ау сол жерде тұрған жұрттың бар көңілі сол балада. Ішімізден үһ дегенде тағы бір көрініске куә болдық. Анасы жанында еңіреп тұрған баласын бауырына басудың орнына бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберді. «Иттің баласынан» басталып, аузына ақ ит кіріп көк ит шығып жатты. Іштей ойлаймын, ау өз баласын күшікке теңесе, өзі кім болды сонда… Баланың бүгінгі әрекеті ата-ананың тал бесіктен берген тәрбиесін танытпай ма?! Баланың іс-әрекеті ата-анасының айнасы ғой. Ананың ашуға берілгені сонша, сол маңдағы адамдардан қымсынбайды да. Баланың денесі дірілдеп, жылап тұр. Анасы мейірін төгер түрі жоқ. Керісінше, өзінің рұқсатынсыз жолға шығып кеткені өмір бойы есінен кетпесін дей ме, әлде бар қорқынышы мен ашуын осылайша шығарғысы келе ме көшенің қақ ортасында жұлқып, жекіді. Онсыз да шошып қалған баланы, тағы несіне ұрсады? Дұрыстап түсіндіруге болмас па деймін іштей. Егер ата-ана көптің көзінше өз баласына жекуден жүрексінбесе үйінде қол көтеріп, ұруы да бек мүмкін. Бала құқығы, жасқа тұлға ретінде қарау керек дейтініміз қайда қалды? Әлде бұл біздегі тәрбиенің бір құралы ма? Жалпы, шетелде де баланың бұзықтығы, шалалығы үшін шапалақ жұмсала ма? Осы мәселені қаузап көрсем.

ПЕРІШТЕ КӨҢІЛДЕ ЖАРА ҚАЛАДЫ

Психолог Балабек Сақтағановтың пікірінше, балаға қол жұмсау дұрыс тәрбие құралы емес. «Баланы басқа адамның көзінше ұрсуға, қол жұмсауға болмайды. Намысына тиген сайын қорқынышты сезеді. Өз-өзін жек көре бастайды. Ата-ана баланың тентектігі үшін шапалақпен тартып жіберсе, ол істеген ісін екінші рет қайталамауы мүмкін. Алайда сол кезде баланың ойы мен санасына кері әсер етпей қоймайды. Әуелі, бала жанға бататын жағдайдан тез арада құтылуды көздейді. Сондықтан ол жағымсыз әрекет, бұрыс жасаудан емес ата-анасынан қорқатын болады. Жасқаншақ, өзіне сенімсіз болып өседі. Үнемі өзін кіналағыш болып қалыптасуы мүмкін. Бұл жағдайда өзінің жағымсыз әрекет жасағанын түсінгенімен, оны өзгертуге тырыспайды. Бала келесі жолы да жаза күтеді, арын тазалау үшін жазаны жөн көретін болады. Артынша өз еркіне бой алдырып, бұзықшылығын қайталай бастайды. Үлкендер балаларының көздерінше өздерінің ең нашар мінез-құлқын көрсете отырып, бала алдында жағымсыз мінез-құлықтың үлгісін танытады. Қол көтерудің салдары бала психикасына кері әсер етпей қоймайды. Ата-анасынан кез келген қателігі үшін жәбір, жаза көріп өскен балада өсе келе сол кездегі шығара алмаған эмоциялардың кесірінен психологиялық ауытқушылықтар туындап жатады» дейді психолог.
Мамандар әрбір ата-ана баланы емес, өзін тәрбиелеу­ден бастау керек дейді. Ата-­ана балаға үлгі болу арқылы ғана тәрбиелей алады. Үлкендерден жылу көрмеген бала мамандық таңдауда, жұмысқа кіруде, өмірде алға ұмтылуға құлықсыз келеді. Өйткені ондай бала ата-анасының айтқанын істеуді ғана біледі. Себебі әке-шешесі өз бетінше шешім қабылдау, қорықпау, алға ұмтылу қасиеттерін бойына сіңірген жоқ. Бар бергені ұрсу, кінәлау, қол көтеру. Сәл дауысын көтеріп, эмоциясын көрсетсе аузын жабады. Бұл тәрбие құралы емес, бала болашағына пайдасы жоқ.

«БАЛАНЫ ҰРҒАНДА ТҰРҒАН НЕ БАР?»

Ал елорда тұрғыны, 3 баланың анасы ­Гүлжазира Жақыпова маманның пікірмен келіспейді. Баланы еркіне жіберсе есіріп кетеді. Отбасында анасы я әкесі қаталдық танытып, арасында ұрып тұрса оның еш айыбы жоқ. Керісінше өз ата-анасынан «таяқ жеп» өскен бала шыдамды, өмірдің түрлі соқпағында сүрінбеуге дайын болады деген пікірде.
«Бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлуге тырысамын. Балаларға қатал болуы қажет деп санаймын. Кезінде өз әке-шешем де балалық, шалалығымыз үшін шапалақпен тартып жіберетін, ондайда оны екінші қайталамастай боласың. Белдік, қамшымен сабайтындарды да естіп өстік. Біздікі оның алдында айналайын. Жамбасынан бір-екі рет ұрып жіберсең, сабасына түседі. Артынша бір-бірімізден кешірім сұрап, құшақтасамыз. Біздің үйдегі тәртіп солай. Кейде қатты ашуланғанда қолың еріксіз көтеріліп кетеді. Бірақ қатты ұрмауға тырысамын. Жай қорқытудың амалын жасаймын. Өз басымнан өтті, жаман болған жоқпын. Сосын баланы бала кезінде ұруға болады, есесіне шыдамды болып өседі деп ойлаймын» дейді ол.
Бұған баланың өзі не дейді? 10 сынып оқушысы Арнат Какимжанов кішкентайынан кез келген бұрыс әрекеті үшін анасының қол көтергенін, үйдегі мәселенің жұдырықпен шешілетінін айтты. «Отбасында 4 баламыз. Әкем мен анам ажырасып кеткен. Анам бәрімізді жалғыз өзі асырап отыр. Мен үйдің үлкенімен. Үйдің кішісі 4-cыныпқа көшті. Бала болған соң бәріміз қателік жасаймыз ғой. Анамыз күнде жұмыста. Үйге келгенде үй жиналмай, ас әзірленбеген болса шетімізден қырып алатын. Бірдеңе жақпаса ашуын бірімізден алатынын сезетінбіз. Кішкентайдан анамның қас қабағына қарап өсіп келемін. Өткен жылы өзіміз ақшадан қиналып жүргенде 4 мың теңге жоғалтып қойғаным есімде. Үйге келуге әбден қорыққанмын. Бірақ басқа қайда барамын, үйге келгенде жазамды алдым. Мұрным қанағанша сабаған. Ер бала болған соң анамның жұдырығы қатты батпайды. Тек оның қолы ауырып қала ма деп алаңдаймын. Ашуға қатты беріліп кетеді. Жұмыс­тан шаршап келгенде біз де тыныш сабағымызды оқып отырмаймыз ғой. Тағы бір мәселе, жалғызбасты ана бола тұра 4 баланы асырау үшін демалыссыз жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан ашуланғанда, ұрғанда ештеңе айтпастан, ашуын шығарып, демалып қалсыншы деймін. Бірақ кішкентай бауырларым жасқаншақ болып қалама деп оларға үнемі түсіндіріп отырамын. Қазір анамыздың ашулануына жол бермеуге тырысамын, қол көтергенде бірнеше рет ұстап қалып, қолын қайтарып тастадым. Жалпы, ұрып тәрбиелеу тек анамызбен арамызды алшақтатын сияқты. Одан біз жақсы болып кетпейміз, байыппен айтса түсінеміз ғой. Қазір анам ашуланса да ұрмай-ақ қойса. Ер жеткен сайын таяқ тәніңе емес, жаныңа батады. Одан тек анама зиян» деп пікір білдірді Арнат.

ШЕТЕЛДЕ ҚАЛАЙ?

АҚШ-та бала тәрбиесі баланың өз бетінше өмір сүре алуына негізделген. Бұзықтық жасаған балаларын екі түрлі тәсілмен жазалайды. Біріншісі – ойын­шықтарын алып қойып, сү­йікті ісінен, ойыннан шектеу арқылы. Екіншісі – орындыққа отырып өзінің қателігі жайында ойлану. Тағы бір тәсіл, әке-шешесі баламен уақытша сөйлеспей қояды. Оның шектік уақыты да бар. 4 жасар балаға 4 минут жеткілікті санайды. Жыл сайын 1 минуттан қосылып отырады. Уақыт аяқталған соң, баладан қателігін түсінгені жайында сұрайды. Жалпы, аталмыш елде балаға қол көтеру заңмен қаралады.
АҚШ баланы тәрбиелемейді, онымен санасады. Тұлға ретінде қарайды. Оның ойы мен ісін сыйлайды. Кез келген тақырыпта ашық сөйлеседі. Еркін ойлауға, өз ойын айтуға мүмкіндік береді. Ата-ана өз көзқарасын, ұстанымын тықпаламайды. Таңдауды бала өзі жасайды, ал ата-ана баланың таңдауын құрметтейді. Заңға бағынуды және өз құқығын білуді талап етеді. Қателік жасау дүниенің соңы емес екенін, одан шығудың жолы барын көрсетеді. Кез келген адамды сыйлауды, дініне, ұлтына, жасына, ұлтына қарамай құрметтеуді үйретеді. Баласын басқа біреудің ұл-қызымен салыстырмайды.
Жапондықтар да бала тәрбиесіне баса назар аударады. Мектепке барар жасқа дейін айтқанының бәрін орындайды. 15 жаста жапондық балалар өз бетінше өмір сүруге толық да­йын болуы тиіс. Толық адам деп есептеп, оған ата-анасы өздерімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайды.
Еврейлер отбасында бала қатаң бақылауда өседі. Олар балаларының жуас, әрі көп шағым айтуына жол бермейді. Еврей отбасында ата-ана баланың көзінше ұрыс-жанжалға бармайды, себебі үлкендердің арасында сыйластық болса бала өзін батыл сезінеді дейді. Тағы бір ерекшелігі, олар балаларын үнемі мақтап жүреді. Түкке тұрғысыз әрекеті үшін де құрмет көрсетеді. Кез келген жетістігін туыстарына, дос­тарына айтып, мақтаныш етуден жалықпайды.
Швед отбасылары балаға сәби кезінен жеке тұлға ретінде қарап, еркін тәрбиелеуге тырысады. Балаларын ұрып-соғуға тыйым салынған. Тіпті оны қылмыс ретінде санайды. Сондықтан әрбір шведтік бала әке-шешесінің тарапынан жәбір көрсе, құқық қорғау орындарына хабарласа алады.

ЖАЗА БАРЫН  ДА ҰМЫТПАЙЫҚ

Елімізде де бала құқығы заңмен қорғалған. Әрбір құқық бұзушылық, жат қылық үшін жауапкершілік пен жазаның бары айдан анық. Қазақстан Рес­публикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан ары – ӘҚтК) «Кәмелетке толмағандардың құқығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар» деп аталатын 12-тарау бар. Сол тарауға кіретін 127-баптың 1-бөлігінде «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ата-анаға не өзге де заңды өкіліне 10 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде айып­пұл салу, ал 2-бөлікте осы әрекет бір жыл ішінде қайталанғаны үшін 15 АЕК немесе 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу түрінде әкімшілік жауапкершіліктер көзделген. Бірақ ЮНЕСКО халықаралық ұйымының соңғы зерттеуі бойынша, біздің халықтың басым бөлігі баланы ұруды қалыпты жағдай деп есептейді. Демек заңға бағынбайтын, баласын меншігіндей көретіндер көп. Дегенмен әр бала ҚР азаматы екенін естен шығармауымыз қажет.

Наима
НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =