«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Баланы қосымша оқыту міндетті емес

0 41

Тұрғындарының саны күн санап өсіп жатқан елордамызда өзекті саналатын саланың бірі – білім беру. Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 25 000 бала бірінші сыныпқа барады деп күтілуде. Осы ретте елордада жаңа мектептер салына ма, балалардың жазғы демалысы қалай өтеді, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайы қалай шешіліп жатыр және басқа да қандай өзгерістер болатыны жөнінде Білім басқармасының басшысы егжей-тегжейлі баяндайды.Кеше Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан СЕНҒАЗЫҰЛЫ «El-Orda» YouTube-каналына арнайы сұхбат берді. Сұхбат барысында қашықтан оқытудың білім сапасына әсері, әкімдік тарапынан бөлінетін гранттар, мектептегі жазғы лагерлер, білім жүйесіндегі соңғы өзгерістер туралы айтылды.

sengazy-2

– Қасымхан Сенғазыұлы, сұхбатқа келіскеніңіз үшін рақмет! Жалпы елордадағы білім беру сапасына көңіліңіз тола ма?

– Қаламыздағы балабақша, бастауыш сынып, орта және жоғары мектеп, колледждер мен ЖОО-ның білім сапасы жақсы деңгейде деп айта аламын. Қазір білім беру саласына өте үлкен көңіл бөлініп жатыр. Барлық жағдай жасалған. Мәселен, жыл сайын қаладағы білім беру саласына бөлінетін бюджет артып келеді. Былтыр 140 млрд теңге болса, биыл 150 млрд теңге бөлінді. Яғни бір жылда 10 млрд-қа өсіп отыр. Бұл – білім саласына деген мемлекет тарапынан бөлініп жатқан үлкен көмек. 2019 жылы «Педагог мәртебесі» заңы қабылданған болатын. Сол заңның аясында жылдан-жылға жалақы өсіп келе жатыр. Атап айтқанда, 1 қаңтардан бастап қаламыздағы ұстаздардың жалақысы 25 пайызға көтерілді. Мұның бәрі білім сапасының жақсаруына әсер ететіні сөзсіз.

– Биыл ең көп талқыланған мәселелердің бірі қашықтан оқыту форматы болды. Редакция жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша elorda.info қазақстандықтардың 74 пайызы онлайн білім беру сапасына көңілі толмайтыны анықталды. Онлайн оқу форматы қалай жүзеге асты? Қандай қиындықтар кездесті?

– Қашықтан оқыту форматына көшу елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты мәжбүрлі шара болғаны белгілі. Биыл 1 қыркүйектен бастап мектепке барады дегенде, шыны керек, қуандық. Алғашқы айларда өте қиын болды. Біріншіден, бұл балаларға; екіншіден, ұстаздарға ауыр тиді. Себебі мұғалімдерге өз пәндерінің мазмұнын экран призмасы арқылы жеткізу қиын. Бірақ мұндай өзгерістерге қарамастан, олар жаңа талаптарға тез бейімделді. Әкімдік тарапынан жедел түрде барлық жағдай жасалды. Дегенмен онлайн оқыту оқушылардың білім сапасына әсер еткенін мойындаймыз. Онлайн оқу форматынан шыққаннан кейін біз нәтиженің нашарлағанын байқадық. Мәселен, онлайн оқыту кезеңінде білім сапасы қала бойынша 67 пайызды құраса, офлайн кезінде 52 пайызға дейін төмендеген. Бірақ үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша оқушылар арасында академиялық көрсеткіштің өсуі байқалады. Осылайша үлгерімнің пайыздық көрсеткіші 2,5 пайызға артып, 54,5 пайызды құрап отыр. Қашықтан оқыту форматы қаламыздың қолайсыз ауа райында сабақты онлайн форматта өткізуге үйретті. Себебі жиі аяз болып, қатты жел соғатын күндер болады. Сол кезде онлайн өткіземіз. Бұрын мұндай кезде сабақты демалыс уақытында немесе басқа арнайы уақыт бөліп оқытылатын еді. Осы жағынан тиімді болғанын айта аламын.

– 1-сыныпқа қабылдау құжаттарын 1 сәуір-1 тамыз аралығында қабылдаймыз. BINOM мектептеріне қабылдау кезінде түрлі дау туындап жатыр. Себебі ата-аналар балаларын сонда оқытқысы келеді. Сұраныс өте жоғары. Біз қабылдауды бастаған кезде алғашқы 44 минуттың ішінде барлық 1-сыныптарға орын толды. Бірақ BINOM-ға қабылданбаса, басқа мектептерге қабылдамайды деген ереже жоқ

– Қашықтан оқыту форматы бойынша жобалар жалғаса ма?

– Әзірге бұл нақты бекітілмеді. Елімізде мектепке бармай, үйден оқуға тек ерекше қажеттілігі бар балалардың мүмкіндігі бар. Оның үстіне сауалнама нәтижесінде ата-аналардың 74 пайызы қашықтан оқыту форматына келіспеді. Меніңше, балалар мектепке бару керек. Себебі оған орта, қарым-қатынас және тәрбие керек. Сол үшін мектептерді қашықтан оқытуға көшіруге болмайды.

– Ұлттық бірыңғай тестілеу былтыр электронды форматта өткізілді. Биыл қалай өткізіледі, қандай өзгерістер бар?

– Соңғы 3-4 жылда ҰБТ-да жақсы жағынан өзгерістер байқалуда. Қоғамда ҰБТ-ның өткеніне сенімсіздік көп еді. Қазір сенім пайда бола бастады. Биыл 8000-ға жуық 11-сынып оқушысы тестілеуге қатысып жатыр. Әлі де қатысатындары бар. Біраз өзгерістер бар. Атап айтқанда, «1 оқушыға – 1 компьютер, 2 камера». Осындай қағидатпен өтеді. Прокторинг жүйесі енгізілген. Яғни бұрынғыдай біреудің орнына басқа адам кіріп кету деген болмайды. Грантқа түсу үшін екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Тағы бір жақсы жаңалық – оқушылардың тест нәтижелері мен талдаулары мектеп әкімшілігіне беріледі. Бұл пән мұғалімдері мен оқушының дайындығын нығайтып, қатемен жұмыс істеуіне зор ықпалын тигізеді.

– ҰБТ-ны тапсыра алмай қалған жастар қайда, қалай жұмыс істей алады?

– Егер мектеп бітіруші түлек ЖОО-ға түсе алмай қалса, колледжге бара алады. Колледжде белгілі бір мамандықты 10 айда меңгеріп, нарыққа шығып, жұмыс істей алады. Бұдан бөлек, 1 жыл 10 ай ішінде техник мамандығын оқуына, әрі қарай ЖОО-ға түсіп жалғастыруына да болады. Бірақ барлық мамандық бойынша грант қарастырылмаған. Колледжден бөлек, қысқа мерзімді курстар да дайын тұр. Яғни қазіргі таңда 132 қысқа мерзімді курс бар. Жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз боп тіркеледі. Сол арқылы тегін оқып, сертификат ала алады.

– Жыл сайын әкімдік тарапынан гранттар бөлінетінін білеміз. Биыл қанша грант бөлінеді?

– Биыл да әкім гранты бөлінеді деп жоспарланып отыр. Қалада мұғалім және дәрігер мамандығына сұраныс көп. Оған 2500-ге жуық мұғалім қажет. Осылардың барлығын саралай келе, әкімдік атынан педагогика саласына 1000 грант, медициналық салаға 250 грант бөлінеді.

– Бұл айтып отырған грант санына байланысты арнайы талдау жүргізілді ме?

– Әкім гранты арнайы зерттеу нәтижесі бойынша бөлініп отыр. Қаламызда қандай мамандықтар жетіспейтіні анықталды. Мұғалімдер, әсіресе бастауыш сынып мұғалімдері, мектепалды даярлық тобының мамандары жетіспейді. Осы ретте грант бөліп, мамандарды даярлаймыз. Бұған дейін әкім грантымен оқыған түлектерді әр мектепке бөліп, жұмысқа орналастырдық.

– Грант берілген кезде студенттермен келісімшарт бола ма?

– Иә, екі жақ келісімшарт жасасады. Студент бітірген соң 3 жыл бойы біз таңдаған Нұр-Сұлтандағы оқу орындарында немесе медициналық мекемелерде қызмет етеді. Ал оқып жүргенде мемлекеттік грант секілді оларға стипендия қарастырылған.

– Биыл балаларды жазғы уақытта мектепте қосымша оқыту мәселесі қарастырылған. Бұл міндетті ме?

– Міндетті емес, ата-ана баласын жібере ме, жоқ па – өзі шешеді. Алайда менің кеңесім – балаларды жазғы мектепке апару керек. Өйткені біз карантин кезінде бір жарым жылдай қашықтан оқыдық, сол кезде кеткен олқылықтарды түзетуге осы жазғы мектеп бағдарламасы көмектесер еді. Жазғы мектеп кезінде еңбек, дене шынықтыру деген сияқты пәндер болмайды, тек физика, химия, математика секілді негізгі пәндер оқытылады. Баратын сыныптарға келсек, 1-8 және 10-сынып оқушылары жазғы мектепке жіберіледі. Ал 9 және 11-сыныптар мемлекеттік емтихан тапсыратыны себепті жазғы мектеп бағдарламасына қатыса алмайды.

– Биыл мектепте жазғы лагерь ұйымдастырыла ма? Кімдер қатысады?

– Иә, жазғы лагерь ұйымдастырылады. Мектеп жанындағы лагерлер 1 маусым-1 шілде аралығында, ал жазғы лагерлер 14 маусым-6 тамыз аралығында жұмыс істейді. «Дидарлы жас» секілді спорттық бағытта жұмыс істейтін мектеп жанындағы лагерлер бар. Олардан бөлек, қала сыртында «Арман» және «Боровичок» лагерлері жұмысын бастайды. Сондай-ақ Оқушылар сарайы, өнер мектебі, музыка мектебі секілді қосымша білім беру ұйымдарының жанынан шығармашылық лагерлер ашылады. Баланы лагерге беру үшін ата-аналар ұйымдардың басшылығына жүгініп, өтініш беруі керек. Мектеп жанындағы лагерлер тегін жұмыс істейді. Тек қосымша білім беру ұйымдары жанынан ашылған шығармашылық лагерлердің кейбірі ақылы болуы мүмкін.

– Биыл қаламызда 25000 бала 1-сыныпқа барады. Әкімдік тарапынан жаңа мектеп салу мәселесі қалай жүріп жатыр?

– 2021 жылы отыз мың орындық 15 мектеп пайдалануға берілді. Өткен жылы үш ауысымдағы 8 мектеп пен бала саны өте көп 22 мектеп болған еді. 15 мектеп пайдалануға берілгеннен бастап біраз мәселені шештік. Яғни үш ауысымдағы 4 мектеп пайдалануға беріліп, 22 бала саны өте көп мектепті 15-ке дейін қысқарттық.

– Редакциямызға ата-аналардан 1-сынып балаларын мектепке қабылдау туралы сұрақ өте көп келеді. Бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр?

– 1-сыныпқа қабылдау құжаттарын 1 сәуір-1 тамыз аралығында қабылдаймыз. BINOM мектептеріне қабылдау кезінде түрлі дау туындап жатыр. Себебі ата-аналар балаларын сонда оқытқысы келеді. Сұраныс өте жоғары. Біз қабылдауды бастаған кезде алғашқы 44 минуттың ішінде барлық 1-сыныптарға орын толды. Бірақ BINOM-ға қабылданбаса, басқа мектептерге қабылдамайды деген ереже жоқ. Барлық 1-сынып оқушыларына мектепте оқуға жағдай жасалған. Оларды оқулықтармен де қамтамасыз етеміз. «Қамал», «Арнау» ТК, Ұлы дала мен Мәңгілік ел көшелерінде 1-сынып оқушыларының мектепке сыймай қалуы мәселесі туындап отыр. Оның да шешімін таптық. Осы мекенжайдағылар үшін №82 және №95 мектепті қосып, бір мекемеге біріктіреміз. Яғни өз кезегінде №95 мектеп 1-сыныптарды қабылдайды. Бұл арнайы мектеп емес. Бірақ мекемедегі арнайы сыныптарды бір блокқа көшіреміз. Барлығына жағдай жасаймыз. Спорт зал, кітапхана, пән кабинеттерін, асхананы қалдырамыз. Тек айырмашылығы бір мекемеде екі мектеп оқиды. №95 мектепке жоғарыда атап өткен мекенжайдағы тұрғындар өтініш бере алады әрі жақын.

– Мектептердің алдында үнемі кептеліс болады. Жаңа мектептер салынған кезде осы жағдай ескеріле ме? Кейбір мектептердің орналасқан көшесінен өту мүмкін емес. Бұл мәселені шешудің жолы қандай?

– Біріншіден, барлық мектепте білім беру сапасы, мұғалім деңгейі, жағдай бірдей болу керек. Өкінішке қарай, бізде әртүрлі. Ата-аналардың көпшілігі баласын сапалы білім беретін мектептерде оқытқысы келеді. Сондықтан да көп ата-аналар балаларын тұрғылықты мекенжай бойынша емес, алыс аудандағы мектепке білімнің сапалы болғаны үшін апарады. Кейбір мектептердің алдыңғы есіктері тар болғандықтан, үлкен кептелістер кезінде қиындық тудырады. Болашақта бұл мәселе ескеріліп, шешімін табады деп ойлаймын.

– Ата-аналар тарапынан білім сапасы бойынша арыз-шағымдар келеді. Қазіргі білім сапасы заманауи стандартқа сәйкес келе ме?

– Білім сапасы керемет болу үшін мазмұны жақсы болу керек. Заман талабына қарай мазмұн да өзгеріп тұрады. Білімнің сапалы болуына оқулық та әсер етеді. Қазір жаңартылған білім мазмұнымен көптеген мұғалімдер курстан өтті. Заман талабына сай жаңа технологияларға сай лайықты білім беру мазмұны болу керек.

– Бюджет өсіп жатыр, мұғалімдердің айлығы өсті. Мұғалімнің білім беру сапасын арттыру үшін тағы да қандай шаралар жасалып жатыр?

– Мұғалімдер 3 жыл сайын біліктілік курсынан өтіп тұру керек. Бұл міндетті. Курс ақысыз, шығынды мемлекет төлейді. Біздің тараптан да мұғалімдерге тегін курстар берілуде. Мұғалімдер осы курстарға қатысу керек. Қазір бәрі тез өзгеріп жатқандықтан, білім беру мазмұны да жиі өзгеріп жатыр. Осыны ескерсек, мұғалім де осылардың бәрін уақытылы меңгергені жөн. Ал ақылы курстарды мұғалім өз еркімен таңдап, қатысуға құқылы.

– Егер мұғалім тарапынан балаға қысым көрсетілсе немесе оқушы мұғалімге қысым көрсетсе не істеу керек?

– Қоғам болған соң әртүрлі мәселелер болып жатады. Шешімін табуға тырысамыз. Бұл тақырыпқа қатысты мектептегі медиацияны дамытып жатырмыз. Сол арқылы балалардың бір-бірімен табысып, достасуын іске асырып жатырмыз. Егер ұстаздың тарапынан балаға қысым көрсетілсе, мектепішілік педагогикалық кеңесте талқылау керек. «Педагог мәртебесінде» бұл туралы арнайы жазылған. Мұндай жағдай орын алса, заң жүзінде шаралар қолданылады. Тіпті ата-аналар тарапынан ұстазға қысым көрсетілсе де, мектеп директорына бару керек. Мәселе мектепішілік педагогикалық кеңесте талқыланады. Ал бір шешімі шықпаса, Білім басқармасына немесе Білім саласын бақылау департаментіне хабарласу керек.

– Балалар арасында кемсіту оқиғасы орын алса, қандай шаралар жүргізіледі?

– Кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау бөлімі бар. Буллинг мәселесімен солар айналысады. 4 айдың ішінде балаларды кемсіту оқиғасын кездестірмедім. Егер мектеп деңгейінде буллинг орын алса, шешуге тырысамыз. Арнайы шаралар қолданамыз.

– Жеке өміріңізге тоқталсақ. Қанша балаңыз бар? Олардың білімі қалай?

– Үлкен қызым білім-инновация лицейінде 11-сыныпта, ұлым №73 мектепте 6-сыныпта оқиды. Кішкентай қыздарым бар. Олар мектепке енді барады. Балаларымның үлгерімі жақсы. «Басқарма басшысының баласы деп өтірік баға қоймаңыз» деп мұғалімдеріне ескертіп отырамын.

– Сіздермен қалай байланысып, хабарласуға болады? Ақпаратты қалай білеміз?

– Ақпарат алудың 3 әдісі бар. Бірінші, call-орталықтың 55-68-70 нөміріне хабарласуға болады. Екінші, сайтта менің блогыма жазуға болады. Біз өте тез жауап береміз. Үшінші, әлеуметтік желідегі парақша арқылы сұрақтарын қоя алады.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды