Баламызды кім бағып жүр?

0 121

Шаш қырқып, массаж жа­сап, шет тілін үйретемін де­сеңіз де, есеп-қисаппен айналысып, бухгалтерлік жұ­мыс жүргізгіңіз келсе де, кәсіпті үйрететін курс­­тан өтіп, тиісті сертификат алуыңыз шарт. Санамалап кел­ге­німізде, аула сыпыру­шы мен бала бағушыдан ғана сертификат талап етіл­мейтін болып шықты.

Басқа-басқа, біздің қалада жақсы «няняға» қол жетпейді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде бала бағушының орны – қат кәсіптің бірі.
Осыншама қажетті кәсіпке адам тартудың амалы қандай? Осы кәсіпті қалай тартымды етуге болады? Ала таңнан кешке дейін бала күтушілер не тәрбие беріп жүр? Оны ойлап жатқан жан бар ма? Егер бұл қызметтің бірегей ережесі болып сертификатталмаса, онда сапасы да қадағаланбайды деген сөз емес пе?!
Сертификат талап етілмеген соң кәсіптің мән-маңызын ашып, оның жұмысын жүйелендіріп, тартымды ететін оқу орындары, қысқа курстар ешқашан ашылмайды. Сондықтан да бас қалада бала бағушы тапшы.
Айта кету керек, астаналық сәбилердің жартысынан көбін осы «нянялар» бағып жатыр. Себебін өзіңіз білесіз, балабақша бәріне жетпейді. Содан жас келіншектер баласына қарайтын адам іздегенде алдымен алыс-жақын туыстарының арасынан қолы босын іздейді. Одан қалды, тәжіриесі бар бір танысының баласын қанаттандырғанды қолайлы көреді. Қолға зорға түсіргенде олардан сертификат сұрайды дейсіз бе? Оның денсаулығы жайын қайтсін, тіпті бала психологиясынан қаншалықты хабардар, ебі қандай, тағы басқасын білу еске кірмейді. Тек мезгілімен тамағын беріп, керек болса астын құрғатып, бірдеңеге ұшыратпай қарап отырса болды дейді. Қызметіне уыстап ақша бергенде бұл тым аз емес пе?!
Ал бала күн санап өседі. Егер ата-анасының мұршасы болмаса, сәби күтушісі арқылы болса да тәлім-тәрбие алуға құқылы емес пе?!
Тіпті педагог болмаса да, азаннан қара кешке дейін бала күтушісі болғаннан кейін де педагогикалық ілімнен аз да болса да хабардар болуы тиіс. Баланың жасына сәйкес психологиядан мағлұмат алғанның артығы жоқ. Баланың тосыннан мұрны қанап, іші кепкен жағдайда дәрігер келгенге дейін қарап отырмай, қарекет жасай алатын болуы керек. Және баланың қасында жүрген соң өзі де дәрігердің бақылауында болып, денсаулығының жарамды екенін біліп жүргенін де ескерген жөн.
Әрине, мұның бәрі тезге келер ме еді, барлық күтушіден сертификат талап етілсе…

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =