БАЛАМ БАУЫРМАЛ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ…

0 191

22mechta

Емізулі балам бар. Қазір бір жастан екі ай асты. Омыраудан шығаруды ойлап жүр едім. Бірақ жақында бір құрбым дініміз бойынша баланы екі жасқа дейін емізу керек, өйткені ол баланың ақысы екенін айтты. Сонда екі жастан бұрын емізуді тоқтатсам күнә болады ма?

Ақмарал

Оқырман сауалына дінтанушы, Ph.D докторы Алау Әділбаев жауап береді:

– Сәбидің дұрыс өсіп-жетілуі үшін ана сүті өте маңызды. Ешқандай жасанды сүт ана сүтін алмастыра алмайды. Ана сүтімен қоректендірудің маңыздылығы қазіргі таңда жан-жақты дәлел­денген. Сондай-ақ бала­ның ана сүтімен екі жасқа дейін қоректенуінің пайдалы екендігі медицинада да айтылады. Ал осы мәселе Құранда 14 ғасыр бұрын айтылған. Бақара сүресінің 233-аятында: «Аналар сәбилерін толық екі жыл емізеді. (Бұл үкім) емізуді кем­шіліксіз атқармақ бол­ғандар үшін..», – деген. Маңыздылығына байланысты бұл мәселе Ислам құқығында да жан-жақты қарастырылған. Себебі, адам баласының өмірі үшін қоректену өте маңызды фактор болып табылады. Ал өздігінен ішіп-жеуге шамасы кел­мейтін нәрестенің ең негізгі қорегі – ана сүті. Сондықтан жаңа туған сәби қорексіз қал­мауы үшін бұл мәселе ислам­дағы бала құқығы аясында қарастырылып, ата-анаға міндет ретінде жүктелген. Алайда, ислам құқығында ананың келесі балаға аяғы ауыр болуы, денсаулығы көтермеуі, дәрі-дәрмек қабылдауы, сүтінің құнарсыздануы т.б. секілді белгілі бір себептерге байланысты бала басқа тағамдармен де қоректене алатын жағдайға жетсе, онда ата-ана ақылдаса отырып, баланы екі жасқа толмаса да омыраудан шығарына рұқсат етілген. Себебі, жоғарыдағы аятта баланы емізу бұйрық ретінде айтылмаған. Әрі аяттың жалғасында: «Егер ата-ана өзара келісіп, кеңесу арқылы баланы емізуді тоқтатпақ болса, күнә жасаған болмайды», – деп жеңілдікті де қарастырған. Әрине, егер сүтіңіз құ­нарлы, денсаулығыңыз жақсы болса, баланың болашақта бауырмал, ме­йірімді болып өсуі үшін емізуді толықтырғаныңыз абзал. Бірақ міндет емес екенін де айта кетуіміз қажет.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 20 =