Балалы отбасыға қосымша көмек

0 26

Нұр-Сұлтанда 10 наурыз­дан бастап АӘК алатын отбасылардың 1 мен 6 жас аралығындағы балаларына азық-түлік пен тұрмыстық химия тауарлары беріле бастады. Жалпы, мемлекеттік әлеу­меттік көмек 4,4 мыңнан аса баланы қамтиды. Мемлекет басшысы Жолдауында мұқтаж жандарды әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуде еңбекке ынталандыру, әділ әрі таза болуы үшін АӘК-ті тағайындаудың механизмін реттеуді тапсырған болатын.Әлеуметтік жағынан аз қам­тылған отбасыларының балаларына кепілдендірілген әлеу­меттік пакет пен АӘК және тұрмысы төмен отбасыларға арналған жаңа жәрдемақыны қосқандағы кешенді жаңа шаралар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында АӘК алу жөнінде өтініштері мақұлданған ата-­аналарға әлеуметтік пакет беріле бастады. Ал наурызда өтініш берген адамдар сәуір айынан бастап ала бастайды. Алушы айдың 10-ы мен 30-ы күні аралығында хабарласып, белгіленген тәртіппен оған арналған пакетті біле алады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарына сәйкес тамақ пакеттері физиологиялық сипаттамаларды, азық-түліктің энергетикалық құндылығы мен олардың тұтыну нормаларын жасына сәйкес ескере отырып жасалды.
Бұл жиынтық аз қамтылған отбасыларындағы әр балаға тоқсанына бір рет беріледі. Қазіргі уақытта елордалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер алушылардың тізімін жасады. Әлеуметтік пакеттер ай сайын кесте бойынша беріледі. Әрбір беру пунктінде жауапты тұлғалар бекітілген. Олардың аты-жөні күн сайын алфавиттік тәртіппен жарияланатынын еске саламыз.

Самал МҰСАЕВА, АӘК алушы ана:

– Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылдан бері аламын. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті де алып қуанып жатырмыз. Жалпы, әр отбасыға азық-түлік арқылы көмек өте үлкен қолдау деп ойлаймын. Пакетте кашалардан бастап, барлық күнделікті балалардың жейтін тамақтары бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекке ризамын!

Алмагүл ИЛЯНОВА, АӘК алушы ана:

– Бірінші рет алып жатырмыз. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетте отандық өнімдер, азық-түлікпен бірге жақсы витаминдер де бар екен. Бұл – барлық қазақстандық аналар үшін өте үлкен қолдау. Мемлекетіміз тарапынан аналарға осындай көмек беріліп, назардан тыс қалдырмай отырғанына алғысымды айтамын!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды