БАЛАЛАРЫМЫЗ НЕГЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДІ?

0 170

Мені мазалайтын  бір ой бар. Неге  осы елордамыздағы, жалпы, қалалардағы қазақ мектептерінде оқитын қазақ балалары қазақша сөйлемейді? Бұрынғы Кеңес одағы кезіндегідей қысым жоқ қой. Олай болса, қаладағы оқушылар  қазақ тілінде сөйлеуге кімнен, неге қымсынады екен? Біз де оқушы болдық, біздің де ел астанасында, қала мектептерінде оқығымыз келді, бірақ мүмкіндік тумады. Себебі, қалаларда қазақ мектептері аз болатын. Мамандар, ұстаздар жеткіліксіз болды. Әйтпесе, ана тілінде оқығысы келген бала да, оқытқысы келген ата-ана да аз емес-тін.

Ал қазір ше? Бір қаланың өзінде бір­неше қазақ мектебі бар, әлі де ашы­луда, орыс мектептерінде де қа­зақ сыныптары бар. Жоғары білімді ма­мандар да жеткілікті. Қазақ бала­сы­ үшін ана тілінде оқуға барлық мүм­кіндіктер жасалған. Ата-аналар да­­ балаларын қазақ тілін білсін, үй­­ренсін деген мақсатпен қазақ мек­­тептеріне, аралас мектептің қа­­зақ сыныптарына беріп жатыр. Құп­тарлық-ақ қадам. Алайда, өкі­нішке қарай, мектепке бір ауыз қазақша білмейтін баланы әкелгенде, ұстаз атаулыға салмақ түседі. Әр ұстаз баланы мүмкіндігінше оқытады, тәрбиелейді, үйретеді. Бірақ оның үйреткені аздық етеді, бұл жерде мұғалім­дерге сіз, ата-ана, көмек бе­р­уі­ңіз керек. Ол үшін отбасыңызда қазақ тілінде сөйлессеңіз, жетіп жатыр. Бірақ,  отбасыңызда орысшаға «басқан» соң баланың мектептен үй­рен­генін ұмыттырып жібересіз.  Біздің күнделікті байқайтынымыз,  мектепте, көшеде, қандай ортада­ болсын, ата-аналар балаларымен­ орысша сөйлесіп тұрады. Сондықтан, ба­ла қазақшасын ұмытып, орысша­лай бе­реді, себебі, сөздік қорын то­лық­ты­руға ата-аналары көмек бермейді.

Осылайша, ұстаз еңбегінің  60-70 пайызы босқа кетеді. Әсіресе, де­малысқа барып келген бала үй­рен­ге­нін мүлде ұмытады да әрі қарай оқу­ды жалғастыруда көп қиындық туын­дайды. Дарынды балалар бар­­шы­лық, бірақ, тіл білмегендіктен, ойын жеткізе алмай қиналып, көш со­ңын­да қалып жүр. Тіл білмеген соң сабақты да көздері мөлдіреп, ша­ла ұғады, тіпті, кейбірі ештеңе  ұқ­пай, жаутаңдап отырғанда жаның аши­ды. Өте аянышты. Сіздер, ата-ана­лар, мұны сезесіздер, білесіздер, бі­рақ немқұрайды қарайсыздар.

Баланың солай қиналуына ата-ана­ ға­на кінәлі деп санаймын.  Сон­дық­тан, дүниеге келген баланы өз ана тілінде сөйлеуге тәрбиелеп, үй­ре­ту­ден жалықпаңыз. Баланың да, ұс­таз­дың да еңбегі еш кетпесін!   Ойы­мыз­ды дұрыс түсініңіз, өз тіліңізді  құрмет­теңіз. Ал, қазақ тілінде сөй­леу­ді ар санайтын балаларды намысын оятып, қиындықтарды жеңуге ша­қырамын.
Елбасымыз Алматыда мәдениет, әде­биет, өнер және ғылым қайрат­кер­лерімен кездесуі кезінде Қазақ­станда барлық халық қазақша сөй­лей­­тін болса, біз де бір ұлт, бір елге ай­на­латынымызды айтты. Олай болса, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін ұр­­пақ тәрбиелеуге сіз де атсалыңыз, ата-ана!

Зура ТЕМІРБОЛАТҚЫЗЫ,
№59 мектептің бастауыш
сынып мұғалімі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 15 =