©2020 Астана Ақшамы
Балалары бақытты елдің ертеңі жарқын
Білім – адамзат баласының абыройын арттырып, мүмкіндігін кеңейтетін басты құрал. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын жариялағанда, жастардың білім алуына кеңінен тоқталды.
«Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды», – деді Президент.
Бұл Жолдауда, сонымен қатар, еліміздегі білім беру саласының басымдықтары ретінде мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу атап өтілді. Бұл бағытта Елбасының өз бастауымен «Балапан» бағдарламасы бекітілген. Аталған құжат жүзеге асырылғалы елімізде 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылды. Мәлім болғандай, аталмыш бағдарлама 2020 жылға дейін ұзартылмақ. Бұл мерзімде балаларды 100% мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелеріне орналастыруға мүмкіндік тумақ.
Бұл орта білім беру мекемелерінің жұмысын біршама жеңілдете түсуге ықпалын тигізетін болады. Олай дейтініміз, мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде тәрбиеленіп шыққан балалар, мектепке келгенде тәртіпке бой ұсынып, сауаттануға дайын болып келеді. Демек, орта мектептер Елбасымыз өзі атап өткендей, жетілдірілген жаңаша әдістемелер негізінде баланың білімін жетілдіруге бірден ден қояды.
«Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру қажет» деп атап өтті Елбасы. Шын мәнінде, бұл идея жүзеге асса, азаматтарымызға баласын білімді етіп өсіру үшін мектеп таңдау мүмкіндігі туады. Қоғамдағы өз беделін айшықтау мақсатында мектептер де кәсіби жетік, мақтаулы ұстаздарды тартуға талпына түседі.
Мектептің міндеті – білім беру ғана емес, Отанымызға адал, жақсы азамат тәрбиелеп, өсіру. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзатқа қауіпті» деп Әл-Фараби айтқандай, біліммен қоса баланың бойына рухани байлық дарыту, патриоттық сезім қалыптастыру – абыройлы борышымыз. Бұл орайда: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл, ең алдымен, елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады. Бірақ, бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Біздің де алдымызға қойған мақсатымыз – осы. Астана қаласы Білім басқармасының жетекшілігімен мектеп қабырғасындағы жас өрендеріміздің тегін білім алу, қоғамдық орындарға барып, қызықтау секілді құқықтарын пайдаланып, өзін осы елдің қамқорлығында екенін сезіндіру – парызымыз. Сонда ғана балалар мен жасөспірімдердің бойына патриоттық сезім қалыптастырып, еліміздің ертеңін қамтамасыз ете аламыз.
Әлия СЕЙТЕНОВА,
№62 мектеп-лицейдің
директоры