«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балаларға зияны бұғатталады

0 226

Қазақстан аумағында балалардың денсаулығы мен дамуына кері әсерін тигізетін сайттар мен материалдардың (мысалы, суицидке, терроризмге шақыру, порнография және т.б.) барлығы бұғатталады. Кеше Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистердің сауалдарына жауап берген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай мәлімдеді.

Мәжіліс депутаттары «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заң жобасын екінші оқылымда бірауыздан мақұлдады. Атап айтсақ, заңнамаға балалардың заңсыз контентке қолжетімділігін шектейтін бірқатар өз­герістер енгізілді. Мәселен, кәмелетке толмаған балаларға тыйым салынған ақпараттық өнімді, мерзімді баспасөзді, дыбыс-бейне және баспа өнімін жас санаты белгісінсіз таратқаны, «18 жастан бастап» деген жас санатына жатқызылған ақпаратты қамтитын теле, радио бағдарламаларды тарату кезінде белгіленген уақытты сақтамағаны үшін жауапкершілік белгіленді. Екіншіден, ғаламтор желісіне балалардың қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі функция білім беру ұйымдарына беріледі. «Мәдениет туралы» Заңға фильмнің индексін заң жобасында ұсынылған жас санатымен біріздендіру мақсатында түзету енгізілді. Осы заң жобасына қатысты басқа да өзгерістер туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев түсіндіріп берді.
«2017 жылы біз әлеуметтік желілердегі балалардың денсаулығы мен дамуына зиянын тигізетін 10 мыңнан астам материалды алып тас­тадық. Мысалы, ата-аналардан нақты бір ақпараттық ресурсқа немесе материалға шағым түсетін болса, біз тиісті барлық әрекеттерді жасаймыз. Бір сайтты немесе әлеуметтік желіні бұғаттауға кейде бірер сағаттар, ал кейде екі-үш күн қажет болады. Егер қандай да бір телеарнадан бейнеклипін көрсеткен әншілердің әрекетінен экспертиза нәтижесінде порнографиялық реңк бары дәлелденсе, онда заң бойынша жауапқа тартылады. Ал әлгі бейнеклипте заңға еш­қандай қарама-қайшылық болмаса, онда тыйым салуға хақымыз жоқ. Мен өзім әке ретінде балаларымның қандай сайттарға кіріп, қандай ақпаратты оқып-көретініне қызығушылық танытып, бақылап отырамын. Әрбір ата-ана осылай жасауы керек» деді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды