Балалардың рухани ордасы

0 115

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Өнер – рухани өміріміздің мәні мен мәйегі десе болады. Мәдениет саласында қызмет істеп жүрген мамандардың еңбегі көбінесе елеусіз қалып жатады. Шындығында, олардың елге жасаған қызметі өлшеусіз. Алдымен олар адамға рухани қазына сыйлайды. Әсіресе, оның ішінде кітап­ханашыларды ерекшелеп айтуға болады. Былай қарағанда, кітапханашы болу оңай секілді көрінуі мүмкін. Бірақ оның қиындығы да жетеді.Біз осы орайда Нұр-Сұлтан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №3 балалар кітапханасы туралы айтсақ дейміз. Жалпы, елордада аталған мекемеге қарасты 18 кітапхана болатын болса, соның алтауы – балалар кітапханасы. Біз сөз етіп отырған кітапхана өткен ғасырдағы 70-ші жылдардың орта кезінде ашылған. Содан бері жеткіншектердің рухани құтты ордасына айналған. Қазір кітапхана қорында 35 мың кітап қоры бар. Жыл санап кітап қоры толыға түсуде. Әсіресе, кейінгі жылдары қазақ тіліндегі көркем әдеби кітаптар саны артқан.
– Біздің кітапханамыз Жеңіс даңғылы бойында орналасқан. Сондықтан осы аумақтағы №14,15,18 орта мектеп оқушыларымен жиі байланыстамыз. «Ақбөпе» балабақшасының балдырғандарына да қызмет көрсетеміз. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері де бізге келіп, оқу залын пайдаланады. Қазір жастар кітап оқымайды деп айтады. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Бізге балалар көп келеді. Жазғы демалыс кезінде де үйге кітап алып оқиды. Жоқ дегенде, күніне 10-15 балаға дейін қызмет көрсетеміз. Олармен бірге ата-аналар да келіп, кітапхана жұмысымен танысады, – дейді кітапхана меңгерушісі, Мәдениет саласының үздігі Марал Ақтаева.
Кітапханашылар кішкентай оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында балалар ақын-жазушыларымен жиі кездесу ұйымдастырады. Мәселен, осындай жылы жүздесудің бірі ретінде қаламгер Тілеуғазы Бейсембекпен болған әдеби кешті айтуға болады. Балалар ақыны бұл кездесуде жас оқырмандарына тағылымды әңгіме айтып, кейінгі жазған жаңа өлеңдерін оқыды. Содан кейін баспадан енді шыққан «Сөйлейтін күшік» атты кітабын сыйлады. Дәл осындай кездесу талантты балалар жазушысы Толымбек Әбдірайыммен өтті. Бұл кісі де жеткіншектерге танымдық дүниелер туралы ой өрбітіп, өз шығармашылығын баяндады. Балалар қаламгердің шынайы оқиғаға толы әңгімелерінен шағын көрініс қойды. Осыған риза болған ағамыз оларға прозалық жаңа жинағын тарту етті. Сонымен қатар кітапханада танымдық, тәрбиелік іс-шаралар, атаулы күндерге байланысты оқырмандар конференциясы өтіп тұрады. Даңқты батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабына арналған оқырмандар конференция­сына №15 орта мектептің 7-сынып оқушылары қатысып, олар қаһарман тұлғаның балалық шағынан сыр шерткен жинағы жайында өздері оқып, түйсінген көріністерді мазмұнды айтып берді.
Карантин уақытында да кітапхана жұмысы тоқтаған жоқ. Кітапханашылар Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап, онлайн-режимде зиялы қауым өкілдерімен салмақты сұхбаттар, қызықты кездесулер ұйым­дастырды.
Кітапханашы – қадірлі мамандық. Өзім солай бағалаймын. Балалар кітапханасында өз ісінің шеберіне айналған бес қызметкер жұмыс істейді. Меңгерушісі Марал Құрақбайқызының кітапхана саласындағы еңбек өтілі жиырма жылды құрайды. Былайша айтқанда, осы мамандықтың қыр-сырын жетік біледі. Сондай-ақ осы құтты мекемеде көп жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Тоты Тұрдыхан, Галина Журавлева деген апайларды жеткіншектер өте жақсы көреді. Бұл кісілер де оларға бар мейірімін төгіп, қыз­мет көрсетеді. Қорыта айтқанда, осы бір құстың ұясындай жылылық тұнған рухани ордадан қаншама бала нәр алып, қанаттанып жатқаны көңілді қуантады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − fifteen =