Ел тынысы

Балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған акция өтті

Астанада жазғы демалыс басталғалы бері балалардың көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен құлау оқиғалары жиілеп отыр. Ресми мәліметке сәйкес, 25 мамырдан бері 11 жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, олардың бірі қайғылы жағдаймен аяқталып, бір бала көз жұмды. Ал жыл басынан бері мұндай оқиғалардың саны 21-ге жетіп, төрт бала қаза болған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Мамандардың айтуынша, балалардың терезеден құлауы көбіне ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, москит торларына сенуі және терезелерде қауіпсіздік құралдарының болмауы салдарынан орын алады. Әсіресе жаз мезгілінде терезелердің жиі ашылуы қауіптің артуына әсер етеді.

Статистика да мәселенің өзектілігін көрсетеді. 2025 жылы елордада балалардың терезеден құлауының 58 дерегі тіркеліп, салдарынан 14 бала қайтыс болған.

Осыған байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырды. Іс-шара барысында көпбалалы отбасылардың пәтерлеріне арнайы терезе блокираторлары орнатылды. Бұл құрылғылар балалардың терезені өз бетінше ашуына жол бермей, жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

«Балалардың қауіпсіздігі – әрбір ата-ананың басты міндеті. Барша ата-аналарды терезелерге қорғаныс құлыптарын орнатуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және москит торларын қауіпсіздік құралы ретінде пайдаланбауға шақырамыз. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайдалар департаменті басшысының орынбасары Әрлен Бүркітбай.

Акцияға қатысқан елорда тұрғыны Мансия Макаева мұндай бастаманың маңыздылығын атап өтті.

«15-қабатта тұрамын. Екі немерем бар. Осындай қауіпсіздік құлыптарының орнатылып жатқанына қуаныштымын. Балалардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Мұндай шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі деп сенемін», – деді ол.

Мамандар тұрғындарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға және қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button