Балалар үш ай үйде отыра ма?

0 18

Балалардың биылғы үш ай демалысы қалай өтеді? Екі ай бойы қашықтан оқыған балалар 3 ай жазғы демалысын үйде өткізе ме? Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қазір жазғы лагерьлердің жұмысы тоқтап тұр. Бұған ата-аналар балалар ең ұзақ демалысын үйде өткізе ме деп алаңдаушылық танытып отыр.Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсемгүл Ахметованың 4 баласы бар. Олардың төртеуі де екі ай бойы үйден шықпай, оқу жылын онлайн оқып бітірді. Енді, міне, жазғы демалыс та үй ауласында өтетін сияқты. Балаларының демалысына алаңдаған Әсемгүл жазғы лагерьлердің ашылуын қалайды. «Қала ішінде 10-15 күндік лагерьлер ашылса екен. Балаларға қиын болды. Мен қала сыр­тында тұрамын. Ауладағы ойын алаңы – 80 шаршы метр, өте кішкентай» деді Әсемгүл.
Керісінше, баласының жазғы лагерьге баруына қарсы ата-аналар да бар. Өйткені көбі қазіргі жағдайда балаларын тәрбие­шілерге сеніп тапсыра алмайды. Әсем Дәулетбайқызы балалар жазғы демалысты ата-әжесінің қасында өткізу үшін ауылға жіберемін деп отыр. Бірақ оған карантин кедергі. «Менің ойымша, балаларды ауылға ата-әжесіне жіберген дұрыс. Себебі ауылда қауіпсіз. Сенімді жандардың қарауында болады. Ал қалада балалардың үй ауласында емін-еркін ойнауының өзі қауіпті деп ойлаймын» дейді елорда тұрғыны Әсем Дәулетбайқызы.
Айта кету керек, қала әкімі ­Алтай Көлгінов арнайы брифингте жазғы лагерьлер әзірге ашылмайтынын айтқан еді. «Жазғы лагерьлердің жұмысын да әзірше қайта жандандырмаймыз. Бұл мәселеге де эпидемиологиялық ахуалға байланысты біраз уақыттан кейін қайтып оралатын боламыз» деді қала басшысы.
Қала ішіндегі оқушыларға арналған лагерьлердің жұмысы тоқтағанмен, қала сыртындағы демалу-сауықтыру орындары ашылуы мүмкін. Әкімдік арнайы қаулының шыққанын күтіп отыр­ғанын айтты. «Биылғы жағдайға байланысты мектептердегі жазғы лагерьлер жұмыс істемейді. Дегенмен қала сыртында төрт лагерь бар. Қазіргі таңда бас санитарлық дәрігердің қаулысын күтіп отыр­мыз. Оң шешімін берсе, қала сыртындағы лагерьлер ашылуы мүмкін. Лагерьлерге көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасылардың балалары – тегін, ал қарапайым отбасылардың балалары ақылы түрде қатыса алады. Биыл 2000-нан астам баланы қарсы алуды жоспарлап отырмыз» деп түсіндірді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы.
Сондай-ақ жазғы маусымда балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін арнайы бағдарлама жоспарлануда. Міндетті түрде тегін онлайн шеберлік сабақтары, байқаулар, түрлі челлендждер мен шаралар ұйымдастырылатын болады.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ,
Қаржы академиясының студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven − three =