«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балалар қылмысы қалай азаяды?

0 330

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңарту жобасының бірінші кезеңіне 50 мыңнан астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері тартылған.

Ал жақында жобаның жетістіктері мен кемшіліктерін оған қатысқан ведомство басшылары мен ғалымдар қорытындылады.
Астана қаласының прокуроры Марат Дембаев жасөспірімдер арасында қылмыстың санын азайту үшін оның алдын алуға жастардың өзін тартқандарын айтты. Қалалық статистика мәліметтеріне сенсек, «заңға қайшы әрекеттерге көбінесе тұрмысы нашар отбасылардың балалары барады» деген пікір шындыққа жанаспайды екен.
«Былтыр астаналық жас­өспірімдер жасаған 206 құқық бұзушылық тіркелген еді, бұл 2014-2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Жастардың басым көпшілігі ұрлыққа барып жатады. Әкімдікпен, білім беру орындарымен және Ішкі істер департаментімен бірлескен жұмыс­тың арқасында 4 айдың ішінде жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Нақтырақ айтсақ, жасөспірімдер қылмысы 36 пайызға, ал ювеналды полиция есебінде тұрған кәмелетке толмағандар саны 25 пайызға азайды. Бір қуантарлығы, жоба аясында қала мектептерінің бірінде оқушылардың мектепке бару көрсеткіші 10 па­йызға жоғарылаған» деп қала прокурорының аға көмекшісі Дана Мулакова жоба нәтижелерімен бөлісті.
Сондай-ақ, Назарбаев университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Федор Вассерманның ойлап тапқан әлеуметтік жобасы жасөспірімдерді тәртіпке салуға көмектескен көрінеді. «Биоинформатика және синергетика» (БиС) деп аталатын білім беру технологиясы оқушылар ұжымындағы өзін-өзі басқару жүйесі деуге болады. Жобаға сәйкес, жауапкершілікті сезінген балалар өздеріне қатысты барлық бастамаларға белсене атсалысып, мектептегі тәртіпті сақтап, шығармашылықтарын дамытады.
Жобаға қатысушылар мектеп демалысы кезінде Құқық қорғау органдары академиясында тәлім алды. Сондай-ақ, оқушылар қаламыздың жоғары оқу орындары мен жетекші мекемелерде болып, өздерін қызықтырған мамандықтың қыр-сырымен танысты.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды