Балалар қылмысы өршіп барады

0 67

Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров елімізде балалар арасындағы қылмыс пен қатыгездіктің өршіп бара жатқанына қоғам назарын аударды. Ол «НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Смайылованың әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты өзінің ой-пікірлерін жариялады.

Дина Қарағанды облысында 4-сынып оқушыларының 8 жастағы ұл баланы зорлықпен бейәдеп фильм көруге, балалардың көзінше жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені жөнінде жазды.
Айқын Қоңыров бір-біріне аяусыз зорлық көрсеткен балалардың қылмысын көріп, тұла бойың тітіркенетінін, қаршадайынан қатыгездікке ұрынатын балалардың болашағына алаңдаушылық білдірді. «Бұл қылмысқа күдіктілердің жасы 11-де ғана. Бұлар әлі жап-жас балалар ғой. Олардың әрекеті жасымен сәйкеспейді. Өзіңіз ойлаңызшы, 11 жасар балада қандай зорлық, жәбірлік көрсету, қатыгездік болуы мүмкін? Олар қай уақытта қатыгездікке бой ұрып жүр? Кім кінәлі? Не істеу керек? Менің ойымша, мұндай сауалдардың жауабын әуелі сол баланың отбасынан, оқитын мектебінен, өмір сүретін ортасынан іздеу керек» деп жазды Айқын Қоңыров өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Қазақстан халық партиясы төрағасының пайымдауынша, бала – адамның бауыр еті, өмірінің айнасы. Егер баланың санасы, жүрегі қатыгез болса, онда біздің қоғам да сау емес деген сөз! «Жасөспірім кезең – бұл адам өміріндегі ең маңызды, өзін-өзі қалыптастыратын, санасы мен зердесі жетілетін шағы. Бұл – біреулерге еліктейтін кезең. Ал егер сол баланың өсіп-өнген ортасында, ұшқан ұясында бірдеңе дұрыс болмаса, кінәні оның ата-аналары мен тәрбиелеушілерінен іздеу керек. Бұл – өте күрделі, күрмеуі қиын мәселе» деді А.Қоңыров.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − eight =